Шымкентте әдебиет орталығы ашылады

Шымкентте әдебиет орталығы ашылады
фото: pixabay.com

    Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында Auzhan KTL көп тілді мектеп-лицейі ашылады. Жаңа заман талабына сай оқытатын білім ордасының басшысы Әлібек Әсілбекұлы Алтаев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің  түлегі. " Болашақ" бағдарламасымен Германиядағы И.В. Гете атындағы университетінде білім алған. Тарих маманы, білім саласының заңгері.

Мектеп ашып, бала оқыту – қазақ халқында ертеден қалыптасқан дәстүр. Мәселен, Жетісудың атақты байы Маман балалары Тұрысбек,  Сейітбаттал және Есенқұл қажылар 1899 жылы " Мамания" мектебін ұйымдастырып, 1903 - 1904 жылы салып бітірген. Осындай ағартушылық үрдісті жаңғыртып, заманауи " Аужан " көп тілді лицейін салдырған  Әлімхан Досыбайұлының игілікті ісі көпке үлгі.

Фото  Әбдімәлік Садықұлы

Фото  Әбдімәлік Садықұлы

Айта кетсек, 1 422 орындық білім ошағы 4 қабаттан тұрады. Биылғы жаңа оқу жылынан жұмысын бастайды. Алдын ала іріктеуден өтіп, жұмыстарына кіріскен білімді де білікті мамандар бүгінде лицейге оқушылар қабылдаумен айналысып жатыр. Аумағы 250 шаршы метр болатын кітапхананы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабеков атындағы әдебиет орталығына айналды. 6 мың дана кітап қорына арналған кітап сөрелері дайын тұр.

 Заманауи жаңғырған әдебиет орталығы әрі кітап оқып, әрі демалып, өзара байланыс пен дамудың ордасы болатынына сенеміз. Жаңа формат бойынша қалыптасатын  оқырман мен кітапханашы арасындағы ерекше қатынас жас оқырманға ұнайтыны сөзсіз. 

Фото pixabay.com
   Кез келген ақпаратты алу үшін ғаламторға жүгінетін жеткіншектердің кітап оқуға ынтасы жоқ деп айтуға негіз бар. Мұның бірден бір себебі балалар, әрбір үйдің еркесі ерте жастайынан ұялы телефон, түрлі планшет, гаджеттермен өседі. Жаңа кітапхананы білімге құштар оқушылардың жан азығына айналдыру Auzhan KTL көп тілді мектеп-лицейі басты мақсаты.    

 Жалпы, бүгінгі таңда кітап оқу дәуірі артта қалды деп байбалам салғанша, кітаптың  адамның ойлау жүйесі мен сөздік қорына тигізер пайдасын үздіксіз  насихаттаған дұрыс болар. Кітапқұмар жандардың басын қосып, тағылымдық-танымдық шаралар өткізіп тұру қажет. Сонда жұрт олардың тіл байлығы мен шешендік өнеріне куә болады, сүйсінеді, өздері де сондай болуға ұмтылады. «Наданмен дос болғанша, Кітаппен дос бол» деген нақыл бар. Кітап көп оқитын азаматтар арқылы тұтас қоғамның да санасына сәуле шашып, рухани дүниесін байытуға болады деп ойлаймын, дейді Auzhan KTL көп тілді мектеп-лицейінің құрылтайшысы Әлімхан Досыбайұлы. 

  " Күш - білімде, білім - кітапта" дейді дана халқымыз. Осы қанатты сөзді ту еткен түркістандық зиялы қауым Дулат Исабеков атындағы әдебиет орталығына кітап жинау акциясын бастап жіберді.

 

Фото  Әбдімәлік Садықұлы.

Бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып, өз үлесін қосқан Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі журналист Әбдімәлік Садықұлы әдебиет орталығына Дулат Исабековтың 5 томдық жинағын, " Қарғын ", " Екі жиырма ", тағы басқа он шақты кітабы мен " Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жарық көрген, бірақ,  сатылымда жоқ ҚР Ұлттық музейінен арнайы алдырған 80 дана құнды кітапты өткізді.

 Д. Исабеков атындағы кітапхана қорын толтыруға  әрбір  ағайын ат салысып жатса құба құп. Үйдегі жеке кітапханаңыздан, тым болмағанда бір, екі  кітап болса да, алып келіп, жаңадан ашылып жатқан әдебиет орталығына   тапсырсаңыз елімізде зейінді,  білімді ұрпақтың көбірек тәрбиеленіп шығуына өз үлесіңізді қосар едіңіз! "Бұлақ көрсең , көзін аш" деген сөз бар. Келешегіміз үшін  ортақ істен сырт қалмайық ағайын!  Артық кітапты тапсырамын дейтін азамматар болса жекеге шығыңыздар өзіміз жинап алып кетеміз . Барлығыңызға сауап іздеушілердің қатарынан болу нәсіп етсін, -дейді  Әбдімәлік Садықұлы.

 "Кітап - көзі жұмыққа арзан, Көзі ашыққа - маржан!" деп санайтын көз ашық азаматтар іргелі істен шет қалмады. Жаңа әдебиет орталығына жеке кітап қорынан кітап сыйлаған азаматтар қатарында ҚР Президенті сыйлығының иегері, Балалар жазушысы, публицист Бейсенбай Сүлейменов, Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің проректоры Битұрсын Ғалымжан Шәмшидинұлы, шымкенттік кәсіпкер, қоғам белсендісі Берік Жанболатов, Арыс қаласының Құрметті азаматы, ҚР медицина саласының үздгі Тұйғынбек Әлжігіт,  Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, танымал журналист Райымбек Айтубай, журналист- баспагер, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, " Қызмет" газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, филология ғылымдарының кандидаты, тіл маманы, ғалым Әбдіжәлел Ақкөзов, алматылық зейнеткер Жүнісалиев Әзімхан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Керімбек Ғалымжан Есқараұлы және басқа да азаматтар бар.

Акцияның басталғанына көп бола қойған жоқ, соның өзінде шардаралықтар 520 дана кітап жинап тапсырыпты. Кітап өткізуге ниет білдіріп жатқан ағайын әлі де жетерлік.

Фото  Әбдімәлік Садықұлы.

Кітап акциясының көрігін қыздыра түскен белсенді ағайындардың іс-әрекетінен жеткіншек жастарға үлгі болар тірлікті көріп, ағарту саласындағы алға қойған мақсатымыздың дұрыстығына тағы да бір көз жеткізгендей болдық.

  Кітап қоры аз уақыт ішінде үш мыңнан астам кітаппен толықты.  Бұл акция тамыз айының 15-іне дейін жалғасады. Бар жинақталған кітап арнайы мамандардың сұрыптауынан өтіп, ең қажетті, зәру деген атаулы кітаптар акциясы бірінші қыркүйекке дейін жалғасады.

 «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ұлылардан қалған сөз бар.  Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. 

Сондықтан игілікті істен шет қалмай, Дулат Исабеков атындағы әдеби орталықтың кітап қорын толықтырып, жас жеткіншектердің білімі мен тәрбиесіне үлес қосуға атсалысамыз деген азаматтар болса +7 778 101 96 33, 8 701 465 40 97 байланыс нөмірлеріне хабарласыңыздар.

 Фото  Әбдімәлік Садықұлы.

Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтқан еді. Сондай-ақ, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма бергені белгілі.

 Кітап бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, сөздік қоры бай, мәдениетті, байсалды, тез шешім қабылдауға бейім, өз пікірін еркін жеткізе алады. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектесетінін ұмытпайық!