Суррогат ана қызметіне жүгінетіндер көбейген

Суррогат ана қызметіне жүгінетіндер көбейген
фото: pixabay.com

Елімізде суррогат ана қызметіне жүгінетіндер көбейген. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлыс медиа ақпараттық сайты ұсынған мәлімет бойынша, перзент сүйе алмаған жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру арқылы ата-ана атанады. Ал қалған 55 пайызы бала асырап алады немесе суррогат ананы таңдайды. Сәйкесінше, құрсақ аналар саны да өскен.

Елімізде суррогат ананың қызметі шамамен 10 миллион теңгенің көлемінде шығады. Отбасылық жұп әйелге 9 ай бойы 200 мың теңге жалақы мен киім-кешек алуға 150 мың теңге бір реттік төлем береді. Және сәби дүниеге келгеннен кейін келісілген сыйақыны санап беру керек болады. Қазақстанда бұл ақы 5 миллион теңгеден басталады.

Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек шығыны да қызметке жүгінген жұптың мойында. Қоғамның суррогат ана мәселесіне көзқарасы әртүрлі. Кейбірі сәбидің иісін аңсаған ерлі-зайыптылар үшін таптырмас шешім десе, енді бірі бұны қылмысқа теңейді.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, шариғатта бұндай жолмен балалы рұқсат жоқ.

Фото pixabay.com.

2022 жылға дейін Украина суррогат аналардың жаһандық орталықтарының бірі болды. Алайда, Ресейдің басқыншылық әрекетінен кейін ондағы халықаралық клиенттер мен клиникалар Грузияға көшті. Қазір агенттіктер Орталық Азиядан суррогат аналарды белсенді түрде іздеуге көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Грузияда суррогат ана қызметтерінің бағасы 45 мыңнан 70 мың долларға дейін болуы мүмкін. Суррогат ананың төлемі 15 мыңнан 30 мыңға дейін (жүктілік кезеңі үшін ай сайынғы төлем шамамен 500 доллар және Тбилисидегі тұрғын үй төлемі). Баға ананың жасына, жалғыз немесе көп жүктілікке, медициналық қызметтерге және т.б. байланысты.

"Growing Families" халықаралық тобының мәліметі бойынша, Грузиядағы суррогат аналардың жалпы санының шамамен 70 пайызын Орталық Азия республикаларынан келген әйелдер құрайды.

Оның себебі – әйелдерге төленетін қаржы көлемі Орталық Азия елдеріндегі көптеген әйелдердің жылдық табысынан бірнеше есе жоғары.