Қытайдың теледидар өндірісі Ресейден Қазақстанға көшуі мүмкін

Қытайдың теледидар өндірісі Ресейден Қазақстанға көшуі мүмкін
фото: Фото: canva.com

Қытай компаниялары Ресейдегі теледидарлар өндірісін доғарды. Солтүстік көршінің бірнеше басылымы мәселемен жақсы хабардар дереккөздеріне сілтеме жасап, ханзу елінің алпауыттары – TCL мен Xiaomi осы өндіріске қажетті құрауыш-компоненттердің орыс еліне жеткізіліміне тосқауыл қойып тастағанын хабарлады.

Контракті негізінде TCL брендті теледидарларын құрастырып келген воронеждік "Квант" зауытының өкілі журналистерге жария еткендей, Қытай компаниясы АҚШ пен Еуропа тарапынан қайталама санкцияларға ілігіп қалудан қауіптеніп, осындай шешім қабылдапты. Осылайша, қытайлық теледидарлар бренді TCL ресейлік "Квант" және STI Group зауыттарымен "ат құйрығын кесісті". Бұл бренд Ресейде шықпайтын болады.

Бұдан бұрын, 2022 жылдан соң дәл осы себеппен құрауыштарды жеткізуден Xiaomi компаниясы да бас тартқан болатын.

Воронеждік "Квант" зауыты DEXP, AMCV, LUMUS, STARWIND, HYUNDAI, Xiaomi брендтерінің сұйық-кристалды теледидарларын құрастырумен айналысып келген еді.

Теледидарлар жиынтығы жеткізілімдерінің тоқтатылғанын Мәскеу түбіндегі STI Group контрактілік зауытының стратегиялық даму жөніндегі директоры Кирилл Скворцов та растады. Ресейлік кәсіпорындардың қытайлық банктерге жолдаған төлемдерінің өтпей қалуы да соған қосымша ықпал етіпті.

"Қытай компаниясы Ресеймен, АҚШ-пен және Еуроодақпен жұмыс істейді. Бірақ қайталама санкцияларға ілігіп қалу қаупі төнгенін түсінген TCL Америка мен Еуропа сияқты ауқымы зор нарықтардың пайдасына таңдау жасады. Олар үшін Ресей енді басымдықты ел емес. Осыны түсініп, былтырдан біраз қор жасағанбыз. Алайда кәсіпорнымыздағы теледидарларды құрастыру үшін қажет құрауыштардың қоры ары кетсе, екі айға, биылғы қарашаға дейін жетеді. Егер проблема шешілмесе, Мәскеу өңірінің мақтанышы болған STI Group зауытына жабылудан басқа амал қалмайды", – деді Скворцов.

"Коммерсант" өндірістік компаниялардың топ-менеджерлерінің арасында сұрау сала келе, олардың екеуінен ресейлік өндірістің Қазақстанға көшетінін естіген екен. Олар қытай брендтерінің бұдан былай Қазақстандағы жаңа зауытта шыға бастайтынын және сол жақтан дайын өнім түрінде Ресейге жеткізілетінін тұспалдаған. 

Бірақ мәскеулік зауыттың басшысы Кирилл Скворцов бұған сене алмайтынын жеткізді.

"Біз өндірістің Қазақстанға көшірілетін нұсқасын қарастырғанбыз. Бірақ бұл ел де санкциялық қауіптің төнуінен қорқуы мүмкін. Оның үстіне тасымал-логистиканың ұзаруы салдарынан Қазақстанда жасалған теледидарлар 10–20%-ға қымбатқа түседі. Сондай-ақ бір құрастырушы желіні Қазақстанға ауыстыру құны орта есеппен 50–100 миллион рубльге түседі", – деді К.Скворцов.

Бірақ ол бір нәрсені ескермеді: Қытай өз теледидарларын шығаратын зауытты іске қосып үлгерді. Нәтижесінде, Қазақстанда құрастырылған қытайлық брендтегі теледидарлар Ресейге экспорттала бастады. Бұған Мәскеу барынша тосқауыл қойып келген. Енді пропагандасын тарататын басты құралдан айрылып қалып, халқы кенет оянбауы, ақиқатқа көзі ашылмауы үшін бұл кедергілерін жоюына тура келуі мүмкін.

OCS Distribution тұрмыстық электроника департаментінің директоры Владислав Бородиннің байламынша, бұл процесс одан ары жалғасады, дамыған елдердің, Батыстың ізімен, ресейлік нарықты Қытай да белсенді түрде тастап шыға бастады. Өйткені ҚХР компаниялары қайталама санкцияларға ілігіп, жаһандық бай елдердің нарығынан айрылмау үшін тәуекелдерін барынша төмендетуге мәжбүр.

"Сондықтан қытайлар Ресейге құрауыштардың біраз санатын және тауарлардың тікелей экспортын мейлінше шектеуге тырысатын болады. Егер өндіріс Қазақстанға ауыстырылса, онда ресейлік нарықта теледидарлардың уақытша тапшылығы туындауы мүмкін", – деді В.Бородин.

"Марвел-Дистрибуции" тұрмыстық техника департаментінің директоры Лариса Сенинаның айтуынша, егер Қытай тарапынан компоненттердің жеткізуден бас тарту тенденциясы жалғасса, бұл Ресей нарығының ауқымының да қысқаруына соқтырады. Мысалы, кеңес заманында отбасылардың барлығында бірдей теледидар бола бермейтін. Солтүстік көршіде тұрмыстық техниканың жекелеген түрлерінің жетіспеушілігі қазірден байқалуда. Бұл теледидарлардың бағасының да өсуіне серпін бермек.

"М.Видео-Эльдорадо" дерегінше, 2024 жылғы 7 айда ресейліктер 163 миллиард рубльге 5,6 миллион теледидар сатып алыпты. Бұл ретте былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда сатып алынған теледидарлардың саны – 25%-ға, ал, оған жұмсалған қаражат – 48%-ға өскен. Бұл дерек көршіде биыл "төрдегі көк жәшіктің" бағасы қымбаттағанын көрсетеді.

"Ъ" басылымының мәліметінше, Ресейде әрбір он теледидардың шамамен екеуі – қытайлық екі брендке тиесілі. Осыдан-ақ олардың нарықтағы үлкен үлесін аңғаруға болады. Нақтылағанда, Xiaomi теледидарларының ресейлік нарықтағы үлесі – 10%, TCL-дікі – 6%.

Бұл, егер кедергілер жойылса, қазақстандық құрастырушылар алдынан үлкен мүмкіндік ашылғалы тұрғанын паш етеді.

Қазақстанның Өнеркәсіп, Сауда және интеграция министрліктері осы сектордағы ресейлік кәсіпорындардың елімізге релокацияланғалы жатқаны туралы ешқандай ақпараты жоқтығын жеткізді.

Алайда Алматыда Xiaomi теледидарларының өндірісі жолға қойылғанын Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев 2024 жылғы мамырда хабарлаған болатын. Республика бүгінде корейлік Samsung Electronics және қытайлық HKC компанияларымен Түркістанда тоңазытқыштар құрастыру зауытын салу туралы тиісті келіссөздер жүргізуде.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысындағы Сораң (Сарань) қаласының индустриалдық аймағында Silk Road Electronics зауытында теледидарлар мен тұрмыстық техника құрастырылады. Онда Artel ортақ брендімен 7 түрлі өнім – теледидарлар, электрлі сужылытқыштар, шаңсорғыштар, асүй плиталары, минипештер, асүй сорғыштары, жартылай автоматты кіржуғыштар жасалады. 

Министрдің айтуынша, Қазақстанда қытайлық басқа да тұрмыстық техника шығарыла бастайды. Мәселен, шығыс көршінің Xiaomi экожүйесіне кіретін Dreame Technology 2023 жылғы қыркүйекте қазақстандық нарыққа кірді. Ол күніне 1,5 мың робот-шаңсорғыш шығарады екен. Олардың арасында DreameBot L20 Ultra, Z10 station, Dreame H12 Dual, R20 Cordless Stick Vacuum робот-флагмандары бар.

Жалпы, Шарлапаевтың мәліметінше, тұрмыстық техниканың өндірісі биылғы жылдың өзінде 3,8 есеге өскен.

Дегенмен, бұған дейін, 2024 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстаннан сыртқа кеткен теледидарлар экспорты күрт құлдырады: 4,3 есеге кеміді. Сөйтіп, елімізде жиналған 37 мың "көгілдір экран" ғана шетелдік нарықта өткізілді.

Экспорттың бұлайша құлауына Ресей сүбелі үлес қосты: егер солтүстік көрші 2023 жылғы ұқсас кезеңде бізден 136,1 мың теледидар тасыса, биылғы жылы бұл көлемді бірден 9,3 есеге азайтып, небары 14,5 мың бірлігін ғана сатып алған. Қытай компаниялары зауыттарын жапқан соң тапшылық туындаса, бәлкім, бізден теледидар импортын күрт арттыратын шығар.

Есесіне, өзге көршілеріміз, атап айтқанда Өзбекстан "Қазақстанда құрастырылған" теледидарларды өзіне әкету көлемін күрт арттырды: бұл елге экспорт 1,7 есе өсті және 14 мың бірлікке жетті. Қырғызстан да қазақстандық теледидар импортын 12,6% арттырып, 3,4 мың бірлігін сатып алған.

Әлемде пропаганда дәуірі жүріп тұрғанда, "көк жәшікке" бәрібір сұраныс жоғары болатын түрі бар.

ҚазАқпарат