Қазақтың қобызы қауіпті ауруларға ем болып шықты

Қазақтың қобызы қауіпті ауруларға ем болып шықты
фото: Smithsonian Institute

"Қазақ психологиялық қоғамы" бірлестігінің мүшесі, психолог кеңесшісі Балжан Қанапияева ұлы дала перзенті саналатын қазақ халқына қобыз әуені домбыра күйі сияқты аса жақын екенін айтады.

Сондықтан қобыз терапиясымен емдеу бір қарағанда заманауи тәсіл болып көрінгенімен, шын мәнінде,  4000 жылдық тарихы бар бұл көне аспапты бабаларымыз ерте заманда ем-домға пайдаланғандарын аңыз-ертегілерден білеміз. Өлімнен қашқан Қорқыт бабамыздың қобызды қолынан тастамай, өзен ортасында кілемін жайып, үстінде отырып, қобызымен күй тартқанда,  оның кілемі құдіретті күйдің арқасында суға батпағаны, ал тіршілік, табиғат атаулы ұйып тыңдап,  құс ұшпай, жапырақ сыбдырламай мүлгіген тыныштық орнағаны айтылады. Сондықтан болса керек, қобыз бен Қорқыт егіз ұғым іспеттес. Ал осы қобыз сарыны расында жанға шипа, дертке дауа бола ала ма, қандай ауруларға жақсы көмектеседі? Біз осы сияқты сұрақтарды алға тарта отырып, психолог маманды әңгімеге тарттық.

Балжан Нұрғалиқызы, білуімізше, сіз жұмыс барысында қобыз терапиясын қолданатын маманның бірісіз. Неліктен таңдау осы аспапқа түсті? Адамның емделуіне қобыз күйінің құдіреті қаншалықты әсер етеді?

– Қожа Ахмет Яссауи бабамыз: "Дүниеде ең қасиетті екі нәрсе бар: бірі – Құран, екіншісі – қобыз. Осы екеуімен де аққан суды теріс ағызуға болады екен. Адамның рухын көтеретін бірден-бір аспап – қобыз" деген. Көпті көрген баба сөзіне алып қосарым жоқ. Жанды тыныштандыратын музыка терапиясы әуелден бар. Көп жағдайда психолог мамандары медитация кезінде шетелдің классикалық музыкасын, үнділердің мантрасын қолданып жатады. Мен әрине, оған қарсы емеспін. Десе де, әр халықтың өзінің жанына жақын тұрғылықты мекенжайына, этнографиясына байланысты өзіндік музыкасы бар. Қобыз терапиясын алғаш қобызшы психолог Күмісжан Мұқашева өз пациенттеріне қолданған. Ықылым заманда психолог дәрігер болмағанда бақсылар дертке шалдыққан жандарға түрлі ұлттық аспаптарды пайдаланып, емдегенін көркем әдебиеттерден де білеміз. Олардың арасында қобыз аспабы да болған. Неге бізге осы дәстүрді қазіргі заманға орайластырып, жаңғыртып пайдаланбасқа?! Әрине, кейбір адамдардың қобыз күйі арқылы терапия жүргізгенді теріс қабылдап, шаман деп қарайтыны басында маған да ауыр соққы болып тигенін жасырмаймын. Бірақ, олар шет елдің музыкасын, жаңағы үнді мантрасын пайдаланғанды дұрыс қабылдап жатады. Бұл қарама-қайшылық емес пе? Шын мәнінде, біз шет елдің музыкасын, олардың идеясын көшіруден шаршадық, сондықтан өзіміздің жаңа идеямызды денсаулық, психология саласына пайдаланып, үздіктер қатарында болуға неге талпынбасқа? Расында да қобыз үнінің пациенттерге психологиялық сауығуға ықпал еткенін тәжірибе барысында көріп жүрміз. Қобыздың үнінен кейінгі пациенттің бойынан психологиялық жеңілдікті, тынысының ашылғандығын, ұйқысының жақсарғандығын, өзінің жан дүниесіне үңіліп, рухани жан тыныштығына ие болғандығын байқадым.

– Қобыз терапиясын алғаш қай кезде қолдана бастадыңыз?

– Қобыз күйіне көңілім алғаш рет 2017 жылы ауды. Бірде "ВК" әлеужелісінде "Қазақ рухы" деген қобызда ойналған композицияны тыңдадым. Оны жұмысқа бара жатқанда, келе жатқанда тыңдауды әдетке айналдырдым. Бастапқы кезде күй әуені ішкі дүниемнің тас талқанын шығарды, ортасына келе рухымды көтеретін. Жұмыстан шаршағанда, жеке проблемаларым болғанда осы күйді тыңдап, жан дүнием босап, тыныштық орнап, жеңілдеп қалатынмын. Содан қобыз туралы деректерді оқып, зерттеп, зерделедім. Қобыз терапиясының пайдасы, адам психикасына жақсы әсері туралы мақала жаза бастадым. Ал 2023 жылы Қосшы қалалық емханасында 18 жастан асқан пациенттерге оны қолдана бастадым. Әрине, бұл жауапкершілігі өте жоғары жұмыс болатын. Қобызшыларды табу, олармен жұмыс істеу керек еді. Оның үстіне, қобыздың психолог жұмысына қандай қатысы бар, онымен қалай ем жүргізуге болады деген пікірлердің де жұмысыма кедергі болғаны жасырын емес.

Әлемге танымал әншіміз Димаштың әндері адамдардың жанына шипа болып, тіпті ауыр аурулардан жазылуына себеп болғанын әлеуметтік желілерден оқығаным бар. Расымен музыка терапиясының адамдарды емдеуге қаншалықты пайдасы және көмегі бар? Қобыз терапиясын одан әрі қарай дамыту ойыңызда бар ма?

Музыканың психологиялық және психикалық жан саулығына өте пайдасы мол.  Ресейде тіпті арнайы музыка терапевт мамандарын оқытады. Олар психолог немесе басқа мамандар да болуы мүмкін. Норвегиялық нейробиологтар Аре Бреан мен  Гейра Скейаның "Музыка және ми" деген шағын кітабы бар. Онда олар музыкаға биология және ми тұрғысынан қарап, сүйікті әндерімізді тыңдаған кезде онда нақты не болатынын, әртүрлі жанрдағы музыканың бізге қалай әсер ететінін және оны кейде ауыр ауруды емдеу үшін қалай қолдануға болатынын түсіндіреді. Музыка адамның денсаулығына, эмоциясына, ішкі интеллектісіне қалай әсер ететіні айтылады, әсіресе, бала құрсаққа түскен кезден, яғни он төрт аптадан бастап бәрін сезіп, тыңдай бастайды екен, музыканың баланың денсаулығына, интеллектуалдық саулығына, эмоциясына әсері зор, музыка тыңдап өскен баланың танымдық деңгейі басқа балалардан өзгешелеу болады. Қазір білесіз, біздің қоғамда жиі кездесіп жататын диагноздардың бірі балалардың психикалық немесе сөйлеп дамуының тежелуі. Міне, осының алдын алуға ықпал ететін бірден бір құрал, ол музыка терапиясы. Сондықтан аналар бала көтерген кезде жанға жайлы классикалық музыкаларды тыңдағаны абзал. Қосшы емханасында жұмыс істеп жүргенде, созылмалы ұйқыссыздық, гинекологиялық, зоб, ревматизм ауруымен ауыратын науқастарға осы қобыз терапиясын пайдалана бастадық. Бір емделуші апа созылмалы ұйқыссыздық ауруынан көп уақыттан бері ұйықтай алмай жүргеніне шағымданып келді. Білесіз бе, осы қобыз терапиясын қабылдап жүргенде ол үнемі жайбарақат ұйықтап қалатын, ол кісіні әзер оятып алатынбыз. Бастапқыда терапия қобыз аспабымен  жүргізілді, бірақ, бұл үлкен жұмыс, қобызшыны шақыру, уақытты сәйкестендіру, күнделікті олармен жұмыс істеу көп қаржыны қажет етеді. Кейін Қуат Шілдебаевтың  ютубағы қобыз күйлерін қоятын болдық. Әрине, біз пациент келген бойда, оны қобыз терапиясына ала жүгірмейміз, алдымен оның жағдайын, психикалық көңіл күйін, эмоциясын зерттеймін, әңгімелесу жүргіземіз, содан кейін барып, хаттамаға кіргізе отырып, фондық қобыз әуені терапиясын қолданатынбыз. Тәжірибеден 200 емделуші өтті, соның 150-не тиімді әсері болды. Қазіргі таңда мен Астана қаласындағы балалар ауруханасында жұмыс істеймін. Негізгі пациенттерім балалар. Араларында реанимациядан жаңа шыққан балалар болады, олардың эмоционалдық қорқыныштары, үрейлері басым болып келеді, соларды жойып, ауруханадан шыққанда ата-аналарына сау көңіл-күйде тапсыру. Кейде балаларымен түскен ата-аналардың өздеріне көмек керек, көпбалалы, жағдайы нашар, күйзеліске түскен, қамқорсыз, тағысын тағы түрлі ауыр жағдайдағы аналар баласы минингитпен, қызылшамен, басқа да  аурулармен түсіп, жығылғанға жұдырық болып жатады. Ондайда сол мазасызданған, жүйкесі жұқарған аналардың жанынан табылып, ауруханадан шығып кеткенге дейін психологиялық тұрғыдан көмек беруіңе тура келеді. Өйткені, анасының көңіл күйі, жағдайы болмай, баланың да тез сауығып кетуі екіталай. Қазір адамдар ашылып сөйлесуден қалып барады, жабылып тұйықталып, іштей жалғыздық күйін кешуде, сондықтан психологиялық қолдау, сүйемелдеу өте қажетті, маңызды  дүние болып отыр. Әңгімелесу, арт терапия, қобыз терапиясын жүргізгенде, аналар ашылып, ішкі дүниелерін босатып, жақсарып қалады. Әрине, бұл процедуралар аналардың өз қалауы бойынша өтеді. Әйтпесе, күштеп апару деген біздің жұмыс алгоритмімізге қарсы келер еді. Қобыз терапиясын одан ары қарай дамыту мәселесіне келсек, бір мақсатым бар – ол қобызшымен отырып, медитациялық музыка жасау. Осы орайда, үш бағытты таңдап алып отырмын. Біріншісі, ауруларға арналған, екіншісі, мотивациялық, яғни ішкі рухты көтеретін музыка, үшіншісі күйзелістің ауыр, орташа түрлерінен адамды шығарып алу, үрей-қорқыныш сияқты сезімдерден арылту бағыты. Қазір ютубты ашсаңыз, қобыздың медитациялық музыкасын таба алмайсың. Ал шетелдің классикалық музыкаларынан немесе үнділердің мантрасынан тұратын медитациялық әуендер жеткілікті. Біздің мақсатымыз, қазаққа жақын қобызбен ойналатын медитациялық  музыкамызды табу.

Балжан Нұрғалиқызы, Facebook желісінде сіздің қобыз терапиясына қатысты АҚШ ғалымынан алғыс хат алғаныңызды көзім шалып қалды. Бұл қалай болды?

– Бірде шетелде оқитын Тоғжан Қаратай деген қобызшы қызымыз менің жекеме шықты. Оның айтуынша, АҚШ-та Каролина университетінің әлемдік және анголофондық әдебиет профессоры, тілдер мен мәдениетаралық зерттаулер кафедрасының Ресей және Еуразиялық зерттеулер үйлестірушісі, PhD докторы Анна Олдфилд деген ғалымның біздің ұлттық аспап қобыздың адам жан дүниесіне әсері туралы зерттеу жүргізе бастап, интернет бетін ақтара отырып, қобыз терапиясы туралы менің мақаларыма кезігіпті. Сөйтіп Тоғжаннан мені тауып беруге қолқа салыпты. Мен АҚШ ғалымымен зум арқылы Тоғжан аударма жасай отырып, сөйлесіп, оған қобыз терапиясының адам саулығына, жүйкесіне, жан дүниесіне әсері, пайдасы туралы толығырақ айтып бердім. Байқағаным, шетелдіктер біздің этноаспаптарды ұнатады екен. Бұйыртса, 2024 жылы Жаңа Зеландияда әлемдік ғалымдар бас қосатын ғылыми конференцияда "Қазақтың қобызы – музыкалық терапия" атты ғылыми мақала талқыға түсетін болады. Кім білген, күндердің бір күні қобыз терапиясы үндінің мантрасы сияқты әлемдік деңгейде танылып, тәжірибеде қолданысқа енер. Республикаға танымал дәрігер-психиатр Марат Юнусовтың өзі де, қобыз ішектерінен төгілген мантралардың жүйке ауруына шалдыққан сырқаттарға аутогендік терапия курстарын өткізу барысында тигізетін ықпалының зор екендігіне еш күмәнданбаймын деген болатын. Мынаны ескерген жөн, қобыз күйін тыңдап отырған кезде адам бірден жарқылдап күліп кетпейді, алдымен іші босайды, ішкі толқындарына әсер етеді, яғни адам жылау арқылы ішін босатуы мүмкін, сосын адам бойында нейропластика деген болады, жағымды әуен денсаулыққа пайдалысын өндіреді, мидың құрыс-тырысын жазып, жүректі тыныштандырады. Жалпы қобыз терапиясы 20 минут жүреді, пациенттің жағдайына байланысты курс мерзімі 4-6 күнді құрауы мүмкін.

 Сұхбат: https://inbusiness.kz сайтынан алынды