фото: https://pixabay.com/ru/
Алакөлдің суы ерекше. Ежелден бері ол емдік қасиеттерімен танымал және көл суы өзінің реңін тәулігіне бірнеше мәрте өзгертіп тұрады.
Жаз – жалпы адам баласының демалыс іздейтін табиғи кезең. Дәрігерлер де жылдың осы маусымында жасалған демалыс саяхаты адам ағзасына жыл бойына күш-қуат береді деп есептейді.
Биылғы жазда отбасы мүшелеріңізбен жарқын жазды өткізуге ыңғайлы демалыс аймақтарының тізімін ұсынамыз.
Қасиетті Түркістан шаһары
Орталық Азиядағы туристік орталықтардың бірі – Түркістан шаһары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын саяхатшылардың Қазақстандағы ең танымал туристік нүктесі. Түркістан қаласы 1500 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының ежелгі астанасы ретінде де, көне мәдениеттің жұрнағы сақталған тарихи-рухани мекен ретінде де кеңінен танымал.
Арыстан-Бап және Гаухар-Ана мавзолейі, әлемге танымал Қожа Ахмет Яссауи тарихи кешені, Түркістан венециясы деген атпен танылған Керуен сарай, тағы да мыңжылдықтар құпиясын астына бүккен тарихи мекендерімен танымал Түркістан өлкесі ішкі және сыртқы туристер үшін нағыз демалыс орыны.
Ең бастысы, осы тарихи орыннан Шымкент қаласы небары 180 шақырым жерде орналасқан. Бұл дегеніңіз, демалушылар үшін баратын жер де, көретін қызық та өте көп деген сөз. Жайлы сервис пен қалтакөтерерлік бағаны да осы жерден табасыз.
Алакөл шипалы су көлі
Көлдегі туристік кезең маусым айының басында басталады, ал шілде мен тамыз демалыс үшін ең жақсы айлар болып саналады, өйткені бұл уақытта жылы және құрғақ ауа-райымен қатар су температурасы +24 °C-қа дейін қызады.
Қабанбай, Жарбұлақ, Ақши және Көктұма курорттық аймақтарында орналасқан демалыс орындарында барлық жағдай мен қызмет түрі бар.
Алакөлдің суы ерекше. Ежелден бері ол емдік қасиеттерімен танымал және көл суы өзінің реңін тәулігіне бірнеше мәрте өзгертіп тұрады.
Бурабай
14 көл мен исі сарайды ашар сан-алуан ағашқа толы орманы бар бай өлке. Кезінде Абылай ханның өзі орда тіккен бұл жерде отандық туризм едәуір ілгері басқан.
Бурабай – шыныдай таза көлдері мен ормандары, қайталабас таулары мен әсем табиғаты бар әдемі ландшафт ғана емес, сонымен қатар ерекше емдік микроклиматқа да бай.
Мұнда қылқан жапырақты орманның саф ауасымен тыныс алып, емдік балшықпен сауықтыру шипасына да кенелесіз. Демалысты тауға шығу және атпен серуендеу, қайықпен жүзу, түнгі алау басында өткізу секілді қайталанбас кешпен өткізесіз.
Бурабай демалыс паркінен 50 шақырым жерде атақты Зеренді көлі бар. Ол жерде де демалушылар үшін барлық жағдай жасалған керемет орталықтар баршылық.
Бұқтырма су қоймасы (Шығыс Қазақстан облысы)
Өскеменнен 100 шақырым қашықтықта орналасқан құмды жағажайлар мен жасыл беткейлерге бай демалыс орыны.
Еліміздегі ең ірі қолдан жасалған су қоймасы осы күні өзінің керемет өсімдіктер мен жануарлар ортасын байытып, таңғажайып табиғи демалыс орнына айналып отыр. Су қоймасының жағасында санаторийлер мен туристік базалар орналасқан
Су қоймасының табиғаты ерекше және алуан түрлі. Орманды жерді шөлейт мекен, тегіс даланы таулы аймақ алма-кезек алмастырып, Бұқтырма аймағын адам қызығатындай сиқырлы мекенге айналдырады. Отандастарымыз ғана емес, бұл жерге шет елдерден де туристер демалумен қатар, балық аулап, суға түсуге, шипалы ем қабылдауға келеді.
Көлсай
Көлсай көлдерін – "Солтүстік Тянь-Шаньның інжу-маржаны" деп атайды. Үш көл де Күнгей Алатау жотасының шығыс бөлігіндегі көркем шатқалда орналасқан. Тау ошағында орналасқан көл демалыс күндері отбасымен уақыт өткізу үшін тамаша орын. Табиғи әсем көрінісі тау туризмін сүйетіндерді ерекше тартады, ал Көлсай көлдеріне экскурсияның ең қолайлы уақыты сәуірден қыркүйекке дейінгі кезең болып саналады.
Тау етегінде орналасқан екі көл аумағында жер үйлер, қонақ үйлер және саяхатшыларға арналған басқа да инфрақұрылымдар бар. Жаяу серуендеуден өзге, мұнда атпен, катамаранмен немесе қайықпен серуендеуге болады.
"Алтын Емел" Ұлттық Демалыс Паркі
"Алтын Емел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Жетісудың тарихи аймағының орталығында орналасқан Жоңғар Алатауының Іле өзені мен тауларының арасын қамтиды. Алматы мен табиғи көрікті мекеннің арасы небары 250 шақырым.
Еске сала кетсек, "Алтын Емел" қорығы Қазақстан ұлттық парктері арасында аумағы бойынша үшінші орында.
Саябақ ерекше көрікті жерлерге бай. Олардың қатарында атақты ән салып тұратын айғайқұмды "Әнші бархан" бар. Сонымен қатар, Бесшатыр қорған кешені, Тайғақ петроглифтері, Ақтау бор таулары мен жанартау жыныстарынан құралған Катутау таулары бар.
Бұл біздің бағдарлаған бірер табиғи көркем мекендеріміз ғана. Әйтпесе, біздің елімізде жазғы демалыс уақытын отбасымен, достармен бірге қызықты да бағалы өткізетін керемет жерлер баршылық. Отандық туризмді сырттан біреу келіп, дамытып бермейді. Әр қазақстандық өзінің туған жеріндегі осындай әсем өлкелерді таныған кезде ғана, отандық туризм мен елішілік демалыс аймақтарының бағасы мен мәртебесі артады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через