фото: https://pixabay.com/ru/
Мамандардың айтуынша Қазақстанда жасөспірімдердің 30 пайызы энергетик сусынды күнделікті ішетін көрінеді.
8 шілде күні мемлекет басшысы 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салатын заңға қол қойды. №2 Алматы қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева бұл заң дер кезінде қабылданғанын айтады. Өйткені, энергетикалық сусындардың құрамындағы заттар жасөспірімдердің денсаулығына аса зиян және оларды түрлі созылмалы ауруларға шалдықтырады. Дәрігер мемлекет тарапынан салынған бұл тыйымның жастар болашағы үшін аса маңызды екеніне тоқталды. Оның сөзінше, көптеген мемлекет экономикалық пайданы адам денсаулығынан жоғары қойғандықтан, мұндай заңды әлі күнге дейін қабылдай алмай келеді.
Энергетик сусын құрамында не бар?
Энергетик – адамның көңілін көтеруге және оның физикалық немесе ақыл-ой қабілетін арттыруға арналған сусын. Алайда, оның бұл әсері ұзаққа созылмайды және адамның жүйке жүйесін қоздырады. Құрамында кофеин болғандықтан, оларды шектен тыс пайдалану жүрек ауруына, ал көмірқышқыл газы мен қанттың қоспасы асқазан мен бауыр ауруына шалдықтырады.
Энергетиктердің құрамында міндетті түрде "жүйке жүйесінің стимуляторы" қызметін атқаратын кофеин болады. Ол – жер бетінде ең көп таралған психоактивті зат. Жер шары халқының басым бөлігі оны бала күнінен шай, кофе, какао және алкогольсіз сусындар құрамында көп тұтынады.
Энергетиктер денсаулыққа қалай әсер етеді?
Маман бұл сусындардың ағзаларды зақымдап қана қоймай, адамның ашушаң, мазасыз болуына әсер ететінін айтады.
Мұнымен қатар, дәрігер энергетиктердің некроз, гепатит секілді бауыр ауруларына шалдықтырып, асқазанның қышқылдығын арттыратынын айтады. Бұл диарея, гастрит, ойық жара және қабынуды тудыруы мүмкін. Соңғы зерттеулердің бірінде дәрігерлер күніне бірнеше бөтелке энергетик ішетін жасөспірімдердің асқазан-ішек жолдарының бұзылып, екі елі ішектің қабынып, қан кететінін және артынша түрлі жара пайда болатынын анықтаған.
Балалардың ағзасы энергетикалық сусынға тәуелді болып қалғандықтан, олар одан бірден бас тарта алмайды. Олар үшін жалғыз жол – салауатты өмір салтын ұстанып, біртіндеп спортпен шұғылданып бастау. 10-15 минут болса да, күнделікті бір спорт түрімен шұғылданып бастаған абзал. Мысалы Жапония елін қарасаңыз бұл елде мемлекет деңгейінде салауатты өмір салтын сақтау мен спортты насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бізге де осы бағытта көбірек жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Себебі, ұжым болып балалар мен жастардың санасына әсер ету оңай"
https://informburo.kz/kaz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через