Қазақстан таза болуы қажет

Қазақстан таза болуы қажет
фото: https://azattyq-news.kz

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» науқаны 2024 жылдың сәуір айынан бері жалғасып келеді. Мемлекет басшысы бұл акцияны өткізудің маңыздылығын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында атап өтті. Себебі қоршаған ортаның жай-күйі ортақ жауапкершілікті қажет етеді.

Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе, – деді Мемлекет басшысы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, EPI 2024 қорытындысы бойынша Қазақстан экологиясы 180 ел арасында 47,5 баллмен 74-орынға ие болды. Қазақстан ластану деңгейі бойынша 111-ден 30-шы орында, «жа- сыл» өмір сапасы бойынша 78-ден 72-ші орын, ауаның ластануы бойынша ТОП-50 ел қатарында (131 елдің 40-шы орнында), климаттың өзгеруі бойынша тиімділік рейтингінде соңғы орын (64), экологиялық тиімділік бойынша 180 орынның 93-шісіне жайғасқан. Өкінішті, алайда ауаның ластануына байланысты жыл сайын ел аумағында 6-9 мың адамның мезгілсіз өлімі тіркеліп отырады.

3 мың полигонда 125 млн тонна қалдық жиналса, жыл сайын 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жинақталады. 2022 жылы 4,3 миллион тонна қоқыс жиналды, десек те оның тек 25,4%-ы қайта өңделген. Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 179 елдің ішінде 175-орында тұр. Полигондардың тек 20% -ы ғана нормаларға сәйкес.

2022 жылы қоршаған ортаны қорғауға  бөлінген 444 млрд теңгенің 8 млрд теңгесі энергия үнемдейтін технологиялар мен ЖЭК-ке, 113 млрд теңге ағынды суларды тазартуға, 3 млрд теңге ғылыми зерттеулерге, ал 107 млрд-ы қалдық проблемасын шешуге жұмсалған.

Бүгінде басты мәселелердің бірі – ауаның ластануы. Бұған түрткі болатын маңызды факторлар – қоқыстардың жиналуы, каналдардың толып қалуы, көлік құралдарының шамадан тыс көп болуы. Бұл – тек біз байқайтын дүниелер. Айналаға салғырттық танытатын жандар аз емес, десек те Мемлекет басшысы айтқандай бұл ортақ абырой. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында көп өңір тазартылып, ел тұрғындары арасында экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқан бұл науқаннан ешкім тыс қалып жатқан жоқ. Экологиялық акцияның тиімді идеологиялық бірлестігін қалыптастыру мақсатында мынадай тақырыптық бағыттар ұйымдастырылды: «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ». Мыңдаған қазақстандық өз өлкесіндегі тазалық эстафеталарына қатысып, экологиялық жағдайды тұрақтандыруға талпыныс жасап келеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті болатын.Міне сол бастама жалғасын тауып жатыр. Оның дәлелі еліміздің әр аймағында апта сайын тазалық шаралары жүргізіліп тұрады. Бір қуанарлық жағдай Қазақстан азаматтары әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс екенін бір кісідей түсініп келеді.

Сондықан да өскелең ұрпақ табиғи өнім тұтынып, таза ауамен демалып, сапалы су ішкенін қаласақ, экологиялық сана мен мәдениетті қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. 

Не десек те, басталған науқан ел игілігі үшін. Жоғарыда атап өткен сандар немқұрайлылықты көтермейді. Қазақстанның дамушы елдер қатарынан қалыс қалып, нашар орынға тұрақтағаны алаңдатарлық жайт. Бұл мемлекетті де, халықты да бірдей алаңдатуы тиіс.