Олимпиада жүлдегерлеріне қандай сыйлықтар беріліп жатыр

Олимпиада жүлдегерлеріне қандай сыйлықтар беріліп жатыр
фото: Коллаж: Canva/kaz.inform.kz

Төртжылдықтың басты додасы саналған Париж Олимпиадасы аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қоламен жалпы есепте 43-орынға тұрақтады. Көрсеткіш алдыңғы Токио Олимпиадасына қарағанда жақсырақ, дегенмен асыра мақтап айтарлықтай емес. Енді спортшылар елге орала бастаған тұста оларға әртүрлі сый-құрмет көрсетілетіні белгілі жайт. Осы тұста Kazinform тілшісі қазақстандық спортшылар елден қандай сый алып, мемлекет қанша көлемде қаржылай қолдау көрсететінін шолып шықты.    

Спортшылар мен бапкерлер 1 млрд-тан астам ақша алады

Жалпы, Олимпиада басталмай тұрып-ақ Қазақстан алтын алған спортшыға – 250 мың доллар (119 млн теңгеден аса), күміс медаль үшін – 150 мың доллар (71 млн теңгеден аса), қола жүлдеге – 75 мың доллар (36 млн теңгеге жуық) беретіні анық еді. Жарыста жүлдегер атанған спортшылардың есімдері анық, медалінің санатына байланысты ақшаларын алады.

Айтпақшы, мемлекет 4-6 орын алған спортшыларды да қатардан қалдырмайды. Мәселен, 4-орын иеленгендер – 30 мың доллар, 5-орын – 10 мың доллар және 6-орынға тұрақтағандарға 5 мың доллар төленеді. Мұнда мемлекеттің екі есе шығындануға тура келетін тұстары бар. Командалық жарыстарда әрбір спортшы толық соманы алады. Пневматикалық винтовка атудан командалық қола үшін Қазақстан Александра Ле мен Ислам Сәтпаевтың әрқайсысына 75 мың доллардан үлестіреді. Яғни, екі спортшы бірлесіп қоржынға бір қола медаль салғанымен, әрбіріне белгіленген мөлшерде ақша беріліп, мемлекет 150 мың долларға шығындалады.

Сонда Қазақстан 1 алтынға – 250 мың доллар, 3 күміске – 450 мың доллар, 3 қолаға – 300 мың доллар, 5-орын иеленген 6 спортшыға – 60 мың доллар, 6-орын алған 6 спортшыға – 30 мың доллар береді. Сонда барлығы 1 млн 90 мың доллар.

Бұдан бөлек, ақшалай сыйлықтан жүлдегерлердің бапкерлері де қағылмайды. Мысалы, Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовтың 3 бапкері бар – алғашқы, жеке және ұлттық құрамадағы. Оларға да жалпы сомасы 250 мың доллар беріледі. Егер бәрін санамалап отырар болсақ, спортшылар мен бапкерлер үшін мемлекет теңгемен есептегенде 1 млрд-тан астам сомаға шығындалатынын көреміз.

Дегенмен бұларды сый-құрметтің алғышарты деп түсіндірсек болады. Өйткені федерация мен спортшы туып-өскен өңірдің әкімдіктері де беретін марапаттар жетерлік. Қалталы азаматтар да өз атынан қалағанынша құрмет көрсетеді.

Жылқы, сағат, пәтерден бастап қымбат көліктер бар

Қазақстан атын әлемге танытып, үш Олимпиада бойы жүлдегер атанып, кейінгісінде чемпион болған Елдос Сметов елге келе сала мемлекет беретін қаржылай қолдаудан бұрын көптеген сыйға ие болды. Әуелі туған жері Тараздан 5 бөлмелі пәтер берілді. Көп ұзамай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Олимпиада чемпионына пәтер мен Lexus Lx 600 көлігінің кілтін табыс етті. Чемпионның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев де марапатсыз қалмай, 2 бөлмелі пәтер мен Hyundai Santa Fe көлігінің кілтін алды. Елдостың алары мұнымен бітпейді. Қазақстандық танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов пен Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Парижде алтын алған Елдос Сметовке көлік сыйлағысы келетінін алғаш болып мәлімдеген. Ал ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Ақмырзаұлы Олимпиада чемпионына құны 100 миллион теңге болатын 100 асыл тұқымды жылқы сыйлады. Айтпақшы, Сметов сыйға алған екінші көлігін алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға берген.

Елдос Сметов

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен 77 келі салмақта күміс жүлде иеленген Демеу Жадыраевқа көрсетіліп жатқан қошемет ерекше екенін байқадық. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев спортшыға «Жетісу облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Анасы Күлипа Бижановаға салтанатты түрде құрмет көрсетіп, Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін табыстады. Ал туған жері Панфилов ауданында спортшыға Toyota Land Cruiser 300 мінгізіп, 50 000 долларды қолына ұстатты. Одан бөлек, алдына 1 үйір жылқы салып берді. Спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбеков пен жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа Haval көлігін мінгізді.

ДЕмеу

Фото: gov.kz

Ал бокстан күміс жүлдеге қол жеткізген Нұрбек Оралбайға кәсіпкер Алмас Жали алтын сағат сыйлап үлгерді. Дегенмен бұл сый спортшы көретін құрметтің алғышарты ғана болуы мүмкін. Себебі боксшыға сый көрсеткісі келетіндердің қарасы қалың іспетті. Оның үстіне Франциядан елге оралғанына көп бола қоймады.

Десек те айтарлықтай қомақты сыйлық алмағандар да бар. Соның бірі – спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуында күміс жүлдегер атанған Нариман Құрбанов. Алғашында елге келгенде оған 1 млн теңгелік сертификат табысталған еді. Әзірге спортшы одан басқа сыйлық алмағанын айтып, алдағы уақытта жүлдегер спортшылардың Президентпен кездесуінен кейін еленуі мүмкін екенін жеткізіпті.

Париж Олимпиадасында ел намысын қорғап, Қазақстан қоржынына қола түсірген дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевқа Алматы қаласы дзюдо федерациясының президенті Али Хамхоев пен ҚР дзюдо федерациясының вице-президенті Ержан Зайдинов Toyota Land Cruiser Prado 250 көлігін сыйлады. Бұған қоса армия спортшысы Қырғызбаевқа мерзімінен бұрын «капитан» әскери атағы берілді. Аға лейтенант Ғұсман Қырғызбаев қазір Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубының әскери қызметшісі.

Ал тағы қоланы алған боксшы Назым Қызайбай да елге әлдеқашан оралған. Бірақ қандай тарту көргені әлі беймәлім. Бірақ бұған дейін спортшы тұратын көшеде жөндеу жұмыстары басталғаны туралы ақпарат тараған еді. Көп ұзамай Алматы облысының Қарасай аудандық әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Үшінші қола – тарихи жүлде алған мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтпаевқа да қандай сый жасалғаны әзірге белгісіз. Қарулы күштер сапында қызмет атқаратын Ислам Сәтпаевқа Қорғаныс министрі «Ел қорғаны» медалімен марапаттағаны белгілі болды. Бірақ награда әзірше салтанатты түрде табысталған жоқ.

Жүлде алмаса да сый алғандар

Белгілі бір медаль алып, тұғырға шығып, ту көтермесе де өнерін көпшілікті тәнті еткен спортшылар бар. Өз кезегінде олар да құр қол қалып жатқан жоқ. Мысалы, дзюдодан әйелдер арасында 48 келі салмақта жүлдеге бір табан жақын болып, қола жүлдеге таласта есе жіберген Әбиба Әбужақыноваға Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров «елдің атынан» деп Kia көлігін сыйға тартты.

Әбибаға көлік сыйлады

Фото: Видеодан алынған кадр

Ал Париж Олимпиадасында 63,5 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған боксшы Мұхамедсабыр Базарбайұлына ауылдастары ат мінгізген. Негізі Базарбайұлы жарыстың басынан бастап жақсы өнер көрсетіп, жүлдеге дәмелі фавориттер қатарында болған еді. Шамасы, ауылдастары бұл еңбекті ескергенге ұқсайды.

Сондай-ақ Париж Олимпиадасында спорттық гимнастикадан 5-орын алған Ұлттық құрама мүшесі Милад Карими де 1 млн теңгелік сертикатқа ие болған. Спортшы сол кезде келесі Олимпиада жеңімпаз атануға ұмтылатынын айтқан болатын.

Қазақстанның үстел теннисі федерациясы Париж Олимпиадасында шеберлік танытып, мықтылармен иық тірестіре білген Кирилл Герасименконы марапатсыз қалдырмай, екі бөлмелі пәтер берді. Себебі Герасименко ерлер арасындағы жекелей сында 9-орынды иеленді. Бұған дейін қазақстандық үстел теннисі шеберлері арасында мұндай нәтижеге қол жеткізгендер жоқ.