Өлгеннен кейінгі өмір немесе Қазақстандағы мәйіт донорлығы

Өлгеннен кейінгі өмір немесе Қазақстандағы мәйіт донорлығы
фото: pixabay.com

Жуырда жол апатынан қаза тапқан 18 жастағы Шымкент тұрғыны Максим Войнюштің ағзасын туыстары донорлыққа берді. Қайғылы оқиға 2024 жылдың 15 шілдесінде болған. Мопед айдаған Максим көлікке соғылған, деп жазды zhasalash.kz.

 Жол-көлік оқиғасынан кейін жас жігіт шұғыл Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің күш-жігеріне және қарқынды терапияға қарамастан жігіттің жағдайы оңалмады. 2024 жылдың 23 шілдесінде қайталанатын ЭЭГ бейне мониторингінің нәтижелері бойынша мидың қайтымсыз өлімі расталып, Максимнің отбасы марқұмның ағзасын мәйіттік донорлыққа беруге келісім береді. Осылайша, Шымкент қаласының жүрек орталығында донордың жүрегі 58 жастағы науқасқа ауыстырылған. Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында 58 жастағы әйелге бауыры трансплантацияланды. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалса, екінші бүйректі Астанадағы University Medical Center клиникасында 16 жастағы жасөспірімге салған.

18 жастағы жігіттің ағзасы 4 науқасқа жаңа өмір сыйлады

«Жас Алаш» тілшісі Максимнің бір бүйрегін алған Мұхаммедәли Ахмадовтың отбасымен және республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының басшысы Айдар Ситказиновпен тілдесіп, елдегі ағза донорлығы туралы әңгімелесті.

16 жастағы Мұхаммедәли Ахмадов та Шымкент қаласының тұрғыны, жасөспірімнің қазіргі таңда денсаулығы жақсы. Отадан кейін әлі де дәрігерлердің қарауында, Астанада ота жасаған орталықта жатыр.

«Жиен немереме бес жасында бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылды, сол кезден бері бармаған дәрігеріміз, алмаған еміміз қалмады. 2018 жылдың қараша айында тағы бір диагноз қойылып, дәретке кататр арқылы баратын болды, одан бері 6 жыл өтті. Наурыз айынан мамырға дейін төрт ота жасадық, 2,5 жыл нефростом киіп жүрді. Он жарым жыл өздігінен кіші дәретке бармады, тек құрылғы көмегімен дәретін шығарып отырды. Бұл да бір сынақ шығар деп бар шаруамды қойып, осы немеремнің емімен өзім айналыстым», – деді Мұхаммедәлидің атасы Кабасхан Юсанов.

68 жастағы Кабасхан атай немересіне диагноз қойылғанға дейін диқаншылықпен айналысып, азын-аулақ мал ұстаған. Мұхаммедәлиге күтім қажет дегенде атасы бар шаруасын ысырып, 11 жылын жиенін аяқтан тұрғызуға арнаған. «Донор табылмағанда екі бүйрегіне аппарат тағылған немеремді қанша жасқа дейін күтіп-қарайтыным белгісіз еді, отадан соң бір үміт пайда болды», – дейді қарт қуанып.

«Мәйіт донорды табудың өзі аз шаруа емес екен. Бұл баланың ата-анасы бөлек тұрады. Бұған дейін отбасымызда барлығымыз медициналық тексеруден өтіп, донор болуға тырысып көрдік. Бірақ анасынан басқа ешкімнің анализдері сәйкес келмеді. Бірақ тағдырдың жазуы шығар, 13 жыл бала көтере алмаған қызым тура сол кезде жүкті екенін білді. Бір баласының өмірін сақтау үшін, екінші баласын өлімге қия алмайды ғой. Сонымен басқа жолдарын қарастырып, донорлыққа кезекке тұрдық. Донор табылды деген жаңалықты 11-ге қарай естідік, дәрігер: «Тезірек жетіңіздер», – деді. Сол күні кешке Астанаға келдік. Бізден бөлек, тағы төрт адам келді. Бес адамның ішінде немеремнің анализдерінің сәйкестігі көбірек келді дегенді естіп шын қуандым. Ауру баланы бағып-қағу оңай шаруа емес, қазір өзімнің де денсаулығым сыр бере бастады. Көп адам мұсылманшылықта мұндай жоқ деп қарсы болады екен. Аллаға адамның тәні не керек, рухы болса болды емес пе?! Діни басқарма донор болу харам емес екенін айтты. Өлгеннен кейін де сен бірнеше адамның өмірін сақтап қалатын болсаң, неге донор болмасқа?! Тәнің бәрібір топырақта шіріп жатады. Сауап деген сол, марқұм Максим менің немеремнің, бүтін әулетіміздің батасын алып, өмірін жеңілдетіп отыр. Біз де ол бала үшін дұға етіп, ата-анасына шексіз ризашылығымызды білдіріп жатырмыз», – деді кейіпкеріміздің атасы.

Фото pixabay.com

Қазақстандықтардың басым көпшілігі бүйрекке мұқтаж

Медицина саласында ағзалар мен тіндерді ауыстырып қондыру әдісі кеңінен тараған. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы бар. Соңғы кездері адамдарға ағза ауыстыру, мәйіт донорлығы жайлы кеңінен ақпарат таратып, аталған саланың жұмысын жақсарту үшін транспланттауды үйлестіруші мамандарды даярлау қолға алынды.

«Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүниежүзі бойынша тапшылық бар. Ал Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келе жатыр. Статистика деректері бойынша, қазір елімізде 4112 адам күту парағында тұр, оның 104-і бала. Науқастардың 3756-ы бүйрекке мұқтаж, бұл дегеніңіз – 91%. Трансплантация саласындағы барлық қызмет біздің елде тегін жасалады. Егер «қара нарық» бар болса, біздің бірыңғай күту парағымыз азайып қалар еді. Біз ашықтық, жариялылық пікірлеріне сүйене отырып жасаймыз. Мұнда бірақ медицинаның «зияныңды тигізбе» деген принципі бұзылады. Тірі донордың бүйрегін немесе бауырын алу да әзірге сирек жағдай. Айта кететіні, ағза донорлығына ешкім адамдарды арнайы дайындамайды. Қазақстанның азаматы ағзалары немесе тіндері тірі кезінде және қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады. Транспланттау үшін тірі кезіндегі донордан денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тіні ғана алынуы мүмкін. Оны алмас бұрын донорды толықтай медициналық тексеруден өткізеді. Мәселен, бір кісінің бүйрегі ауырып, дәрігерге барды делік. Егер маман ол адамға бүйрек ауыстыру қажеттілігін көрсе, анализ тапсыртады. Сосын анализ қорытындысы бойынша комиссияға бағыттайды. Барлық нәтиже сараптамадан өткізген комиссия адамның ағзасын ауыстыру қажет деген шешімге келгенде ғана науқас өз туыстарының ішінен донор іздей бастайды. Егер, туыстарының ішінен донор табылса, ол толықтай тексеруден өтеді. Ең алдымен донор болатын адамның ағзасы жұпсыз жұмыс істей ала ма, жоқ па, соны анықтайды. Осыдан соң тірі донор мен реципиент құжаттары этикалық комиссияға жіберіледі. Комиссия олардың генетикалық байланыстары бар-жоғын анықтайды», – деді сарапшы маман.

Мәйіт донорлығы және ағза ауыстыруға қатысты мифтер

Мәйіт донорлығы Орталық Азия елдеріне кіретін 5 мемлекеттің ішінде тек Қазақстанда бар. Соңғы бір жыл мәйіт донорлығынан бас тартқан қазақстандықтардың саны – 90 мыңнан асқан. Донорлыққа 18 жастан бастап 62 жасқа дейінгі адамдар алынады.

«Біздің бірыңғай күту парағымыз бар және ол өте керек дүние. Күту парағы әркімнің кезегі келгенде кіре салатын жер емес, ол үнемі ауысып тұрады. Біреулер шығып жатады, енді біреулердің ағзасына келмей жатады. 2020-2024 жылдар аралығында мәйіттік донор саны – 20 болды. Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Павлодар облыстарының көрсеткіші жоғары. Қоғам мәйіт донорлығын дұрыс қабылдай алмай отыр. Мәйіт донорда – адам миы жұмысын тоқтатады, ал бауыры, бүйрегі, өкпесі мен жүрегі сау болса келесі адамға салуға жарамды болады. Биыл 35 адамның туыстары донорлықтан бас тартты. Медициналық тұрғыдан инфекциялық қаупі бар адамдарды донорлыққа алмаймыз. Әр адам кемі үш, максимум алты адамға жаңа өмір сыйлай алады», –деді Айдар Ситказинов.

Фото pixabay.com.

Қара нарықтағы адам ағзасы

Дәрігерлердің сөзінше, адам ағзасын қара нарықтан сатып алу мүлдем негізсіз. Себебі ағза лабораториялық талаптарға сай болуы керек. Тірі донорға науқастың туыстығын, ағзаның сәйкестігін дәрігерлер шешеді.

«Адам миы өлгенімен, басқа ағзалары бірнеше сағатқа шыдайды. Жүректе бір аппарат бар, бүйрек, бауырды тоңазытқыш сияқты термоконтейнермен жеткізеді. Ми өлімі диагнозы қойылған соң, жүрек – 5 сағатқа дейін, бауыр – 8 сағатқа дейін, бүйрек – 12 сағатқа дейін жарамды болады. Реципиентті шақыру үшін 4 cағат лабораторияны дайындаймыз. Мидың өлуінен бастап әрбір процесті дәрігерлер қадағалап отырады. Жеке адам донорлыққа келісім бергенімен, қайтыс болғаннан кейін туыстары рұқсат бермесе ағза алынбайды. Тірі кезде мәйіт донорлыққа келісім берсек, ауруханаға түскенде бізге дәрігер қарамай қояды деп жансақ ойлатындар бар. Мәйіт донорлыққа кез келген адамның берген келісімінен біз бейхабармыз. Ол электронды порталдың өзінде жабық тұрады, ақпаратты тек үш трансплант координаторлар ғана біледі. Қайтыс болғаннан кейін тірі адамның келісім беріп, бермегенін ешкім қарай алмайды. ҚР денсаулық сақтау кодексінің 209-бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес трансплантация мақсатында адам ағзаларын және тіндерін сатып алу/сатуға тыйым салынады. «Ағзаларды қымбатқа сатады» деу де негізсіз. Қылмыстық кодекстің 116, 128, 135, 315-бабы бойынша трансплантацияны заңсыз жүзеге асыру заңмен қатаң қудаланады», – дейді сарапшы маман.

Өлгенге дейін келісім презумпциясы жасалмаса...

Кеңес одағының құрамында болған елдердің ішінде Беларусьте ғана мәйіт донорлығы дамыған. Бұл елде нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің дене мүшелерін медициналық мақсатта пайдалана береді. Ал Қазақстанда келісім презумпциясы деген ұғым бар.

«Марқұм болған адамның ағзаларын алуға қатысты елімізде «келісім презумпциясы» деген ұғым бар. Адам қайтыс болардан бұрын ішкі ағзаларын донорлыққа алуға қарсы екенін жазып қалдырмаса, ол келісті деп есептеледі. Туыстарына ойлануға алты сағат беріледі, егер осы уақыт аралығында жауап берілмесе онда ағзаны алуға болады. Көп жағдайда марқұмның туыстары бас тартады. Келісім презумпциясын адам тірі кезінде берсе, туыстарының рұқсат беруіне қатысты талапты алып тастаған дұрыс. Себебі адам өзі келісім берді, туыстары діни көзқарасқа, сауаттылықтың болмауына байланысты көп жағдайда бас тартып жатады. Бірақ күні ертең сіздің немесе сіздің жақыныңыздың донорға мұқтаж болуы әбден мүмкін. «Маған қатысы жоқ дүниеге басым ауырмайды» деген немқұрайлықтан қаншама науқас балалар кезегі жетпей көз жұмып жатыр. Мәйітханада адам ағзаларын органға алады деген ақпарат та мүлдем шындыққа жанаспайды.

 Кейде ағза донорлығына рұқсат берген кісілердікі де жарамай жататын сәттер жиі кездеседі. Қазақстанда «қара» трансплантологтарға орын да жоқ. Себебі бізде адам ағзасын ауыстыратын маман санаулы ғана. Ағза донорлығына күту парағындағы тізімді жылжыту да мүмкін емес. Себебі адам ағзасы және тіні кімге қалай келетінін компьютер өзі анықтап шығарады. Сәйкес келмесе, адам ағзасы бөтен ағзаны қабылдамай, лақтырып тастайды. Компьютерге науқастың әлеуметтік жағдайы, қызметі еш маңызды емес», – деді республикалық транспланттауды үйлестіру орталығының басшысы Айдар Ситказинов.