фото: https://pixabay.com/ru/
Былтыр мектеп түлектерінің қанша пайызы шетелге оқуға түсті? Биылғы көрсеткіш қандай? Мектеп түлектерінің шетелдік университет таңдауын немен байланыстыруға болады? "Болашақ" бағдарламасына бакалавриат санаты қашан қайта қосылады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Ғылым және жоғары білім министрлігі берді.
Биыл 189 мың қазақстандық мектепті аяқтады
"Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 189 мың қазақстандықтар мектепті аяқтады. Шетелдік жоғары оқу орындарына түскен студенттер саны туралы нақты мәліметтер жоқ, өйткені қазақстандық және шетелдік университеттерге қабылдау үдерісі әлі аяқталған жоқ. Мысалы, Қазақстандағы мемлекеттік гранттарды бөлу нәтижелері жақында ғана жарияланды, ал қазақстандықтар үшін көптеген шетелдік университке өтініш беру әлі де ашық. Бұған қоса, бізде бар алдыңғы жылдар түлектері туралы деректер де нақты емес. Студенттердің санын есептеу қиындай түседі, себебі барлық студент оқу елінде консулдық есепке тұрмайды", - делінген министрлік редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, мектеп түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарын таңдауының себептері: халықаралық оқу орнының беделі, білім беру бағдарламаларының кең таңдауы, эмиграция мүмкіндігі, ақылы оқу бағдарламаларының қолжетімділігі және т.б.
Шетелді таңдаудағы негізгі факторлар
"Оқу елін таңдаудағы негізгі факторлар – оқу тілі, оқу құны, жеңілдіктер, гранттар мен стипендия алу мүмкіндігі. Көптеген қазақстандық көршілес елдердегі, атап айтқанда, Ресей Федерациясы мен Қытайдағы жоғары оқу орындарына түседі. Сондай-ақ, Венгрия, Чехия, Түркия, Италия, Кипр сияқты оқу бағдарламалары қолжетімді елдерді таңдайды. Бұл елдерде оқу құнын ішінара немесе толық жабатын жеңілдіктер немесе стипендиялар ұсынуы мүмкін. Бұл елдерде оқу ағылшын тілінде немесе мемлекеттік тілде жүргізіледі, бірақ, әдетте студенттерге университеттен қарқынды тіл курстарын өту мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, шетелдік университеттерге түсу ҰБТ тапсыруды талап етпейді, бұл емтиханды тапсырғысы келмейтін немесе Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсуге жеткілікті балл жинамағандар үшін тартымды", - деп хабарлады ведомство.
"Болашақ" бағдарламасына бакалавриат қашан қайтарылады?
Министрліктің жауабында көрсетілгендей, бүгінде "Болашақ" бағдарламасына "бакалавриат" санатын қайта қосылуының нақты мерзімі белгісіз.
"Бұл іс-шараны іске асыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған "Болашақ" халықаралық стипендиясын дамыту стратегиясының жобасы әзірленіп, ҚР мүдделі мемлекеттік органдарымен келісу барысында анықталады. Стратегияны бекіткеннен кейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады. "Болашақ" бағдарламасы шеңберіндегі "бакалавриат" санаты тек жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздарына арналатын болады", - делінген жауапта.
Ғылым және жоғары білім министрлігінен егер мектеп түлектері "Болашақ" бағдарламасына қатыса алған жағдайда жылына қанша грант бөліну жоспарланып отырғанын, қандай мамандықтарға басымдық берілетінін сұрадық.
"Болашақ" бағдарламасы шеңберінде "бакалавриат" бағдарламасы бойынша оқуға арналған квоталық санат үшін 50 стипендия айқындау жоспарлануда. Алайда, бұл квота тек жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздарына арналатын болады", - деп хабарлады министрлік редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Қазіргі уақытта "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде оқыту мониторингінде 1 011 стипендиат бар. Оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша – 740 адам, докторантура – 141 адам, тағылымдама – 130 адам. Гуманитарлық мамандықта – 452 адам (44,7%), техникалық мамандықта – 411 адам (40,7%), медициналық – 105 адам (10,3%), шығармашылық – 43 адам (4,3%) білім алып жатыр.
"АҚШ пен Канадада – 542 адам (53,6%), Ұлыбритания мен Ирландияда – 327 адам (32,3%), Еуропада – 55 адам (5,5%), ТМД-да – 16 адам (1,6%), Азияда – 36 адам (3,5%), Океанияда – 35 адам (3,5%). Соңғы үш жылдағы көрсеткішке келетін болсақ, "Болашақ" бағдарламасына 2022 жылы – 555 стипендия, 2023 жылы – 555 стипендия, ал 2024 жылы – 500 стипендия бөлінгенін ескерсек, жыл сайынғы көрсеткіштердің айтарлықтай өзгермейтінін атап өтеміз", - деп хабарлады ведомство.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через