Маймыл шешегі адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін

Маймыл шешегі адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін
фото: Фото: AP

Жаһандық төтенше жағдай 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сәрсенбіде Африкада маймыл шешегінің (mpox) таралуы күшейгендіктен, денсаулық саласында жаһандық төтенше жағдай жариялап, қауіпті вирустың халықаралық шекаралардан өтіп кетуі мүмкін екенін ескертті.

Осы ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл туралы мәлімдемені Біріккен Ұлттар Ұйымының денсаулық сақтау агенттігінің төтенше жағдайлар комитетінің отырысынан кейін жасады. Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары сейсенбіде  mpox -ты континенттің денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.

Биыл Африкада бұл ауруды 14,000-нан астам адам жұқтырып, 524-і қайтыс болған

ДДСҰ-ның дерегінше, биыл Африкада бұл ауруды 14,000-нан астам адам жұқтырып, 524-і қайтыс болған. Бұл - өткен жылғыдан әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

Бүгінге дейін барлық жұқтыру жағдайлары мен өлімнің 96% -дан астамы бір елде – Конгода тіркелді. Ғалымдарды вирустың жаңа түрінің тарауы және оның адамнан адамға тез берілу мүмкіндігі көбірек алаңдатып отыр.

Маймыл шешегі дегеніміз не?

Mpox немесе маймыл шешегі алғаш рет 1958 жылы маймылдар арасында "шешек тәрізді" аурудың өршуі кезінде анықталды. Соңғы уақытқа дейін адамдардың бұл ауруға шалдығу фактілері Орталық және Батыс Африкада жануарлармен тығыз байланыста болған тұрғындардан байқалған.

2022 жылы маймыл шешегі вирусының алғаш рет жыныстық қатынас арқылы таралатыны расталып, mpox әлемнің 70-тен астам елінде алғаш реті өршіді.

Mpox шешек сияқты вирустар тобына жатады. Бірақ ол дененің қалтырауы сияқты біршама жеңілдеу симптомдарымен ерекше. Ал қатты науқастанғандардың беті, қолдары, кеудесі, жыныс мүшесі зақымдануы мүмкін.

Африкада  ауру өршіп тұр

Жұқтыру оқиғаларының саны күрт өсті. Өткен аптада Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары осы континенттің 13 елінде маймыл шешегі анықталғанын хабарлады. Осы мекемелердің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда маймыл шешегін жұқтыру жағдайлары 160 пайызға, ал онымен байланысты өлім фактілері 19 пайызға артқан.

Жыл басында ғалымдар Конгодағы тау-кен қалашығында mpox-тың жаңа түрі пайда болғанын және одан адамдардың 10 пайызы қайтыс болатынын және инфекцияның оңайырақ таралуы мүмкін екенін хабарлады.

Бұрын маймыл шешегінен көбінесе адамның кеудесі, қолдары және аяқтары жараланса, жаңа түрінен жыныстық органдары зақымданады.

Бұл өзгеріс анықтауды қиындатады, яғни адамдар жұқтырғанын білмей басқаларды да ауыртып алуы мүмкін, дейді mpox-тың жаңа түріне зерттеу жүргізген конголық ғалым Пласид Мбала-Кингебени.

ДДСҰ-ның мәліметінше, жақында mpox алғаш рет Шығыс Африканың төрт елінде анықталған: Бурундиде, Кенияда, Руандада және Угандада. Бұл індеттердің барлығы Конгода өршіген вируспен байланысты екен.

Тедрос мырза жұқпалы инфекцияның Африкадан тыс жерлерге таралу мүмкіндігіне де алаңдайтынын мойындап отыр.

Кот-д'Ивуар мен Оңтүстік Африканың денсаулық сақтау органдары болса, 2022 жылы бүкіл әлемге тараған және 100 000-ға жуық адамды науқастандырған mpox-тың басқа және қауіпті емес нұсқасының өршуі туралы хабарлап отыр.

Әлемге төнген қауіп қандай?

Кез-келген жұқпалы аурулар тәрізді, Конгода анықталған маймыл шешегінің жаңа түрі де шекарадан өтіп кете алады.

Бейсенбіде Швецияның денсаулық сақтау агенттігі жақында Африкаға барып, кейін Стокгольмде медициналық көмекке жүгінген адамнан жаңа mpox нұсқасының алғашқы жағдайын анықтағанын мәлімдеді.

Дегенмен, шенеуніктер жалпы жұртшылыққа маймыл шешегінен қауіп "өте төмен" дейді.

Бай елдердегі mpox-ты тоқтатуға қажетті ресурстардың молдығын ескере отырып, ғалымдар Конгомен байланысты жаңа індеттер анықталып жатса, оларды тез тоқтатуға мүмкіндік бар деп есептейді.

COVID-19 немесе қызылшадан айырмашылығы сол, mpox ауамен тасымалданбайды және оның таралуы үшін терімен байланыс болуы қажет екен.

Төтенше жағдай жариялау нені білдіреді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай жөніндегі декларациясы донорлық агенттіктер мен елдерді әрекет етуге ынталандыруға арналған.

Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының бас директоры, доктор Жан Касеяның айтуынша, ДДСҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай туралы мәлімдемесі "біздің институттарымызды, ұжымдық ерік-жігерімізді және ресурстарымызды жылдам әрі шешуші әрекетке жұмылдыруды" білдіреді екен.

Африкадағы қазіргі індеттің 2022 жылғы эпидемиядан айырмашылығы неде?

2022 жылы mpox-тың жаһандық өршуі кезінде бұл ауру негізінен гейлер мен бисексуалдар арасында жыныстық қатынас арқылы тарады.

Қазір Конгода оны жұқтырғандардың 70 пайызы және одан қайтыс болғандардың 85 пайызы балалар болып отыр. 

Конго балаларын құтқару ұйымының директоры Грег Раммның айтуынша,  шығыстағы босқындар лагерьлерінде mpox ауруының таралуы ерекше алаңдатып отыр және "антисанитарлық жағдайдағы шатырларда" 345 000 бала тұрып жатыр.

Сонымен қатар, балалардың маймыл шешегіне көптеп шалдығуына олардың вирус алдындағы осалдығы мен науқастанған ата-аналарымен байланыста болуы да себепші тәрізді.

Маймыл шешегін қалай тоқтатуға болады?

2022 жылы ондаған елде mpox індеті негізінен адамдарды қауіпті мінез-құлықтан аулақ болуға үгіттеудің және бай елдердің вакциналары мен емдеу әдістерін қолдану арқылы тоқтатылды. Бірақ сол кезде Африкада бірде-бір екпе немесе емдеу тәсілі болмаған.

Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің зерттеуіне қарағанда, маймыл шешегіне оған қарсы иммундау, соның ішінде адамдарды шешек ауруына қарсы егу жұмыстары арқылы тосқауыл қоюға болады.

"Конго билігі негізінен жас балалар үшін 4 миллион доза сұрады, бірақ бірде-бір екпе алынбады", - дейді осы елдің маймыл шешегіне қарсы күрес комитетінің үйлестірушісі Крис Касита Осако.

ҚазАқпарат