фото: https://pixabay.com/ru/
Қостанай облысы Рудный қаласында 3 жасар бүлдіршін он магнит жұтып қойған.
Бала Қостанай облыстық балалар ауруханасының хирургия бөліміне 7 шілдеде түскен.
Қостанай облыстық балалар ауруханасының хирургиялық қызметінің жетекшісі Игорь Белобржицкий
"Баланы рентгенге түсіргенде бір-біріне жабысып қалған магнит дөңгелектерді көрдік. Бала дереу ауруханаға жатқызылды. Асқазандағы бөтен затты алу үшін анестезия қолдану керек болды. Алты магнит шығарылып, операция бөлмесінде лапароскопия арқылы іш қуысы тексерілді. Бәрі қалыпты болды. ФГДС-ті қайта жасап, жетінші магнитті алып тастадық", - деді Қостанай облыстық балалар ауруханасының хирургиялық қызметінің жетекшісі Игорь Белобржицкий.
Он магниттің үшеуі ішекке жабысып қалған
Дәрігердің айтуынша қалған үш магнит асқазанда болмаған, олар ішек қуысына кетіп қалған.
"Әдетте барлық бөгде зат, түйреуіштер, шегелер, болттар 95% жағдайда табиғи түрде шығады. Бөгде заттар ішек арқылы өтіп, нәжіспен бірге шығады. Біз баланы рентгенге түсіргенде магниттер ішекте болды. Магниттердің табиғи түрде шығуын күту әдеттегі тактика. Бала дәрігерлердің бақылауында болды. Дәрі-дәрмектер арқылы ішектің жұмысын белсенді етіп, магнитті орнынын қозғауға күш салдық. Бірақ магнит сол күйі қозғалмады. Біз бүлдіршіннің анасына операция қажет екенін түсіндірдік. 10 шілдеде таңертең біз операция жасадық. Магниттердің салдарынан ішекте перфорация мен перитонит пайда болған. Ота жасап, баланың ішегіндегі магниттердің барлығын алып тастады, ота сәтті жасалды. Бірақ өкінішке орай отадан соң бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалды", - дейді Игорь Белобржицкий.
Бүлдіршін шоктан қайтыс болған
Бала дереу жансақтау бөліміне ауыстырылып, бір сағат ішінде реанимациялық шаралар жасалған.
"Баланың жүрегі қайта соға бастады. Содан кейін қайта тоқтап, күндіз сағат 10:00 шамасында қайтыс болды. Бала магниттерден емес, перитониттен де емес, шоктан қайтыс болды. Бұны сараптама дәлелдеді. Шок – бұл өте қауіпті, ол басқаруға келмейді. Бүлдіршіннің қазасы біз үшін қайғылы жағдай, қиындықты бастан өткеріп жатырмыз", - деп қорытындылады Игорь Белобржицкий.
Ата-аналар балаға немқұрайды қарайды
"Бөтен зат жұтып қойып, ауруханаға түсетін балалар өте көп. Асқазаннан алып шығу оңай. Сосын ата-аналар бөтен зат жұтып қойған балаларын ауруханаға кеш алып келеді. Әбден ішегіне өтіп кеткенде келеді. Ішектен алып шығу өте ауыр. Біздің ауруханада жылына 200-300 балаға ота жасалады", - дейді хирург.
Бұл қазіргі күннің трагедиясы – дәрігер
Бөтен зат жұтатын және скутермен жол апатына түскен балалар саны күрт артып кеткен. Қостанайлық дәрігерлер бұны трагедия деді.
"Қазіргі күні бізде 15 жастағы жасөспірім жатыр. Үлкен батарейка жұтып қойған. Ал скутермен апатқа түсіп келіп жатқандар да өте көп. Сондай бір жол апатынан көк бауыры қатты зақымданған бала жатыр. Бөтен зат жұтып немесе скутермен түскен балалар саны күрт артып кетті. Бұл дәрігерлер үшін трагедияға айналды", - дейді Қостанай облыстық балалар ауруханасы хирургиялық қызметінің жетекшісі.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через