Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға билетті кімдер жеңілдікпен алады

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға билетті кімдер жеңілдікпен алады
фото: https://kaz.inform.kz/

       8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарысына билеттер сатылымы басталған болатын.

Ойынның ашылу салтанаты 8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтеді. Билеттер 15 000-50 000 теңге аралығында сатылып жатыр.

Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Бұл ретте, жарыстардың орташа билет құны – 3 600 теңге. Мәселен, қазақ күресі, алыш және көрәш спортына билеттер 2 500 теңгеден 7 500 теңге аралығында екен. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

«Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша кіл мықтылар жүлдеге таласады. Билет құны 1 000-3 000 теңге аралығында.

Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпар мен көк бөрі бойынша іріктеу кезеңдеріне билеттер құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері 2 000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін жетпек. Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ. Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Аталған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 теңгеге дейін сатылады.

Көрермен көзайымына айналған дәстүрлі садақ ату спорты бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде өтеді. Билеттер құны 600 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін ұсынылады. Дәстүрлі зияткерлік ойындар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді.

Айтпақшы, азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады.

https://kaz.inform.kz/