фото: olympic.kz
Грек-рим күресінен Қазақстан командасының өкілі Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz.
77 келі салмақта сынға түскен Демеу жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановтан басым түсті.
Финал бүгін, 7 тамызда өтеді. Қазақстандық балуан Париж Олимпиадасының алтын жүлдесін жапониялық Нао Кусакамен сарапқа салады.
«Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр.
Әлі де босаңсуға болмайды. Ертең финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім.
Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты.
Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз», - деді Жадыраев.
Еске салайық, ширек финалда Демеу Жадыраев екі дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовты жеңген еді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через