фото: https://pixabay.com/ru/
Елде жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам жедел ішек инфекциясына шалдыққан. Оның 80% жуығы – балалар. Науқастардың басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында тіркелген.
"Аурудың өршуіне ерте піскен бақша дақылдарының да әсері бар", – дейді мамандар.
Жаз мезгілі басталысымен, ішек аурулары да белең ала бастады. Қазір Астана қаласының өзінде өткір ішек инфекциясына шалдыққан 800-ден астам науқас ем алып жатыр.
Елде тамақтан улану фактілері де жоқ емес. Жыл басынан бері 10 жағдай тіркеліп, 215 адам зардап шеккен. Оның 100-ден астамы – балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкесінше мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге төмен.
"Әсіресе қоғамдық орындарда ас ішіп, жаппай секем алатын жағдайлар аз емес", – дейді мамандар.
Статистикаға сүйенсек, улану деректерінің басым бөлігі, яғни 6 жағдайы қоғамдық тамақтану орындарында анықталған. Ал білім ордаларында мен сауда орталықтарында 2 жағдайдан тіркелген.
№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында инфекция жұқтырған 100-ге тарта бүлдіршін жатыр. Әсіресе орталыққа сальмонеллез, шигеллез сынды патогенді аурулармен түсіп жатқан науқас көп. Бұл дертке фаст фуд өнімдерін, тәттілерді, отқа піспеген тағам түрлерін жиі тұтынғандар шалдығады. Ерте піскен бақша өнімдері де түрлі ауруға әкеп соғуы мүмкін.
"Кез келген өндіруші өнімін сатылымға шығару үшін тез піскенін қалайды да, оның құрамына түрлі химиялық өңдеуіштерді қосады. Нитраттар мөлшерінен көп болып кетсе, организмнің улануына әкеп соғады. Мысалы, қарбызда 1 келіге 60 мл нитрат аспауы керек. Қауында 90 деген сияқты", - дейді ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Елімізде соңғы 6 айдың қорытындысы бойынша нитраттан улану дерегі тіркелмеген.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через