фото: https://pixabay.com/ru/
Туризм кез-келген елде нарықты шикізатсыз, өндірістік ресурстарды жұмсамай бағындырдың өте тиімді жолы болып табылады.
Туризммен әлемге танылып отырған алпауыт мемлекеттер ішкі бюджеттік табысын, ешқандай шикізат қажет етпейтін, өндірмейтін, өндірілмейтін туризм саласымен толтырып отыр. Туризм саласының артықшылығы бүгінгі таңдағы нарықтың, адамдардың да сұранысын жаулап алуында.
Туризмді дамыту үшін ешқандай шикізат, өнім, өндірістік технологиялар қажет емес. Экономиканың да сұранысы осы ғой, яғни қашанғы қара алтын, алтын, газ, көмір секілді жер асты сарқылатын дүниеге байланып отыра беруге болады. Қазба байлықтардың мәңгілік емес екендігін қазіргі таңда туризм саласы көрсетіп отыр.
Туризм – әлемдік экономиканың бүгінде бір саласы. Ендеше біздің еліміздің де бұл салада ойып орын алуына үлкен мүмкіндігі бар. Мамандардың есептеуі бойынша, орта есеппен бір шетелдік турист әкелетін кірістің баламасын табу үшін, әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сұрыпты астық шығару керек екен. Сонымен қатар, шикізатты сату елдің энергия көздерін сарқыса, ал туристік индустрия қалпына келетін ресурстармен жұмыс жасайды. Міне, демалыс, саяхат, экскурсия, бос уақыт деген туристік терминдер жәй ғана қалпына келетін ресурстармен ғана өлшенбек. Туризм бұл қалтадағы ақшаны айналымға қиындықсыз түсірудің жолы, яғни бос уақытын өткізетін әрбір турист сол елге қаншама ақшасын қалдырады.
Шетелдік мамандардың, экономистердің есептеуінше, қалада екі сағат уақыт өткізген 100 мың турист 350 мың доллар немесе 17,5 доллар әр адам сағатына шығын жұмсайды екен. Осылайша шикізатты сату – бұл өз алдына бөлек дүние болса, ал туризмді дамыту – ұзақ мерзімдік, экономикалық пайдалы перспектива болып отырған көрінеді.
Туризмнің ел экономикасына тигізетін үш жағымды жағы:
Шетелдік валютаның елге келуін туындатады және төлем балансы, жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал етеді.
Жергілікті халыққа жұмыс көздері пайда болады. ДТҰ мен Туризм мен саяхаттың дүниежүзілік кеңесінің бағалауы бойынша, туризм индустриясында ашылған әрбір жұмыс орны жалпы салалардың 5-тен 9-ға дейінгі жұмыс орындарын алады. Туризм тікелей немесе жанама экономиканың 32 саласына әсер ете алады.
Елдің инфрақұрылымдық жүйесін дамытады. Көбіне мемлекет емес, жекеменшік иеліктерінің бәсекелестік нәтижесінде туризм индустриясы дамыйды.
Біздің еліміздегі дәл осы саланың даму мүмкіншілігіне келетін болсақ. Қазақстан туризм саласының дамуына өте қолайлы аймақ. Елде табысы жағынан индустриалдық сала болуға нақты мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда елдегі туризмнің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – Қазақстанның турөнімін алға жылжыту бойынша, сондай-ақ елдің туристік имиджін көтеру бойынша жан-жақты ойластырылған маркетингтік стратегияның болмауы.
Орта есеппен әлемде сұралған респонденттердің 42%-ы ғана Қазақстан имиджі туралы түсініктері бар. Қазақстанның Азиядағы танымалдығы бәрінен жоғары. Азиядағы алыс шетел – Жапонияда сұралғандардың 75%-ы Қазақстанды біледі. Еуропада бұл көрсеткіш өте төмен, сұралғандардан ең жақсы нәтиже көрсеткендер ағылшындардың – 41% ында ғана Қазақстаннан хабары бар. Яғни қарапайым тілде айтқанда елдегі туризмнің дамуына имидждік жарнаманың халықаралық деңгейде болмауы ең басты себеп.
Сонымен бірге елімізде жұмыс жасайтын, туроператорлар мен турагенттіктердің ішкі туризмге емес, сыртқы туризмге аса көп мән беруі. Сол себепті де ішкі, келу туризмі бізде 3%-ды құрап отыр. Ал туризм индустриясы дамыған мемлекеттерде бұл пайыз 50- 50%-ды құрайды. Онда да таза туристік мақсатта емес, іскерлік мақсатында болады. Бізге бұл олқылықты қалай толтыруға болады. Ең алдымен ұлттық брендті көтеруіміз керек. Өзіндік халықарылық нарыққа ұсынатын имидж, бейне керек. Туристік нарық ауысу кезеңінде бізге осындай бір дүние қажет. Бүгінде әлем бойынша туризм индустриясы еуропалық нарықтан, азия нарығына жаймендеп ауысуда. Осындай өтпелі кезеңде еліміз нарыққа тың дүние ұсынумен болашаққа туризм бағытына жол салуға, алғы қадамдар жасауға мүмкіндігі бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через