фото: pexels.com
Үй жануарын қолда ұстау оңай шаура емес. Жануарларға да күтім керек, олардың денсаулығын сақтау үшін қаржы керек. Олар ауырса, жұқпалы инфекция иесіне берілуі мүмкін. Бұл әсіресе, жүкті әйелдер мен иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін өте қауіпті. Үй жануарларын мамандарға уақытылы көрсетіп тұрған абзал. Себебі олар да көптеген аурудан зардап шегеді. Инфекция жұқтырмас үшін неден және қалай сақтануы керек?
Алматы қаласы Жетісу ауданы санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің бас маманы Ақбота Құдасбек «Сапал Қазақстан» тілшісіне жаунарлардан тарайтын ауру түрлерін және олардан сақтану жолдарын айтып берді.
Зооантропоноз - қоздырғыш көзі. Бұл жануарлардан адамға жұғатын инфекциялар. Үй жануарларында кездесетін осы аурулардың 70-тен астамы бар болса да, олардың көпшілігі симптомсыз. Яғни сіздің мысығыңыз немесе итіңіз толық сау сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ бәрібір сізге зиянды микроорганизмдерді жібереді.
Фото pexels.com.
Мысық пен иттің жұқпалы ауруларынан адамға қауіптісі: құтыру, қотыр жара, қышыма және токсоплазмоз, эхинококкоз.
Токсоплазмоз. Бұл ауру тек мысықтардан ғана жұғады. Аурудың жұққаны бірден білінбейді. Ол жұққаннан бірнеше ай немесе жылдан кейін ғана шығады. Науқасты әлсіздік мазалап, ыстығы көтеріліп, жағдайы нашарлай бастайды. Токсоплазмоз әсіресе аяғы ауыр әйелдерге қауіпті. Себебі балаға айтарлықтай зияны тиеді.
Сақтану жолдары: Аяғы ауыр әйелдердің мысыққа жоламағаны дұрыс. Егер сіздің аяғыңыз ауыр болса, үйде мысық ұстамаңыз. Ал үйіңізде мысық болған жағдайда, оны күнделікті тексеріп отырған абзал. Жабайы жануарды сипалаған кез келген адам қолын сабындап жуғаны дұрыс.
Эхинококкоз ауруы. Адам эхинококкозы – ауыр, созылмалы мүгедектікке дейін апаратын құрт ауруы. Эхинококк иттің ішегінде өмір сүреді. Жұмыртқалары немесе оның мүшелері нәжіспен бөлініп, сол ауру жұқтырған ит жүнін, суды, топырақты, шөпті және жұғысқан бөлмені, ыдыстарды ластайды.
Эхинококкоз қоздырғыштары адамның кез келген мүшесін зақымдауы мүмкін. Әсіресе бауыр мен өкпе көп зардап шегеді. Егер эхинококкозбен бауыр зақымдалса, оның оң жағында ауырсыну сезіледі, ал өкпе зақымдалса, онда наукастың кеуде тұсында ауырсыну сезіледі, жөтел, ентігу, кей кезде қан түкіру пайда болады.
Эхинококкоздың алдын алу үшін бірінші кезекте қаңғыбас және иесіз иттермен күрес жүргізу және оларға міндеті түрде жылына 2 -3 рет дегельминтизация ( құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізу керек.
Фото pexels.com.
Қышыма. Инфекция – жануарлардың терісінің сыртқы паразиті. Қотыр кенелерін жұқтырған иттерден адамдарға беріледі. Ауруға тән белгілері: қышыну, бөртпе және көбінесе таралу кезінде инфекцияға байланысты қайталама пустулярлы элементтер болады.
Құтыру ауруы. Ит пен мысықтан және жабайы аңдардан жұғады. Адам ағзасына құтыру вирусы қан арқылы тарайды. Бұл дертке шалдыққан адамның денесі тырысып, судан жиіркеніп, сал болып, шөліркеп және жағдайы күрт төмендейді. Есіңізде болсын, құтырған жануарлардың ең бірінші мінезі өзгереді. Ондай жануарлар себепсізден – себепсіз мияулайды немесе үреді. Егер сізді осындай жануар тістеп алса, тез арада дәрігерге көрініңіз, арнайы екпе жасатқаныңыз дұрыс.
Мына қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды инфекциядан қорғай аласыз:
Үй жануарлары үшін барлық қажетті егулерді ұмытпаңыз;
Егер сіз жануарларда диарея басталғанын байқасаңыз, уақытылы емдеңіз;
Бүрге мен кенеге қарсы шара қолданыңыз және үй жануарларыңызды паразиттерге тексеруді ұмытпаңыз;
Үй жануарымен ойнағанда және оған күтім жасағанда гигиенаны сақтаңыз;
Жануарды сипалаған кез - келген адам қолын сабындап жуғаны дұрыс;
Аяғы ауыр әйелдердің мысыққа жоламағаны дұрыс. Егер сіздің аяғыңыз ауыр болса, үйде мысық ұстамаңыз. Ал үйіңізде мысық болса жыл сайын құтыруға қарсы вакцина ектіру керек;
Егер сізде мысықтан тыртық пайда болса, оны антисептикпен емдеңіз;
Адасқан мысықтар мен иттерге қол тигізбеген дұрыс.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через