Теңіз суын теңізге құю қолға алынбақшы

Теңіз суын теңізге құю қолға алынбақшы
фото: https://qaz.ulysmedia.kz

Әлемдегі көл атаулының 56 пайызы тартылып қалуы ықтимал. 

АҚШ-тағы Вирджиния университетінің ғалымдары Science журналы арқылы осылай деп алаң білдірді. Мамандар бұл адамзат үшін үлкен экологиялық апат болуы мүмкін дейді. 

Өйткені кеуіп қалуы мүмкін бұл көлдер – 2 миллиардқа жуық адамның негізгі тіршілік көзі. Өзен-көлдің тартылуының алдын алуға бола ма? Мысалы, Израиль тартылып жатқан Галилей теңізіне Жерорта теңізінің суын құю үшін құбыр тартып жатыр. Бір ғажабы, арнасы азайған кейбір теңіздерді жаңбыр толтырып жатыр. 

Чилиде өзен-көлді жаңбыр толтырды 

Қазақта "Жаңбыр – жер ырысы" деген сөз бар. 

Чилиде бірнеше жыл бойы климат өзгерісінің салдарынан құрғақшылық орнап, өзен-көлдер тартыла бастаған еді. Су тапшы болғандықтан балық пен мал есепсіз қырылып, жергілікті тұрғындарға қиын соқты. Бірақ биыл жауын-шашын аямай төгіп, Акулео көлі тіршілік көзіне толды. Бұл аймақтағы ауыл шаруашылығы, кен орындары, ара кәсібі үшін өте маңызды су айдыны болатын. Қазір өңірдегі өндіріс пен тіршілікке қан жүгірді.

Глория Контрерас, эколог: 

- Бұл керемет жаңалық. Жаңбыр өзен-көлдердің арнасын толтыра бастады. Бұрын жабылып қалған жұмыс орындары да жаппай қайта ашылып жатыр. 

Патрисио Гонсалес де Талка, агроклиматолог:

 - Біздің аймақта құрғақшылық бақандай 15 жылға созылды ғой. Бұл дағдарыстан енді арылмаймыз деп, үмітімізді үзіп те қойған едік. Бірақ теңіздерді толық қалпына келтіру үшін кемінде 3 жыл үздіксіз жауын-шашын қажет. Малиде әлемге әйгілі тоған тартылып барады. 

Әлемде көлге бергісіз тоғандар бар. Солардың бірі – Малидегі Санке тоғаны. 

Бұл адамзат үшін аса бағалы су айдыны. 6 ғасырдан бері мұнда ежелгі балық аулау фестивалі өтіп келеді. Бір мезетте бірнеше жүз балықшы жиналады. Бірақ кейінгі жылдары тоғанның арнасы тарылып, су деңгейі төмендеген. Мамандар бұған ғаламдық жылыну кінәлі дейді. Қазір мұнда 45-48 градус ыстық қалыпты жағдайға айналған. 

Мамаду Ламин, балықшы: 

- Бұл әлемде теңдесі жоқ тоған. Ол 2009 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген. Алайда өкінішке қарай, бұл тоғаннан біз айырылып қалатын түріміз бар. Бұрындары көлемі өте үлкен, анау-мынау көлден кем емес болатын. Қазір тартылып жатыр. 

Израиль теңіз суын теңізге құяды

 Израиль Галилей теңізін құтқаруға амал қылып жатыр. 

Үкімет Жерорта теңізінің ащы суын алып, оны тұщытып, Галилейге құймақ. Осы мақсатта ұзындығы 31 шақырым құбыр салынады. Аталған теңіз кейінгі кезде климаттың өзгеруіне байланысты тартыла бастаған. 

Жалпы Израильде ащы теңіз суын тұщытатын 5 зауыт жұмыс істейді. Бір жағынан, Галилей – Библияда аталған қасиетті теңіз деп саналады. Сондықтан оны сақтау аса маңызды дейді Израиль мамандары. 

Осы арада айрықша айта кететін бір жайт, Жерорта теңізінің суы Галилей теңізіне құбыр арқылы тікелей құйылмайды. Тіршілік көзі алдымен бұлақтарға құйылады. Мол су одан кейін барып тартылып жатқан теңізге жетеді. Мамандар бұл экожүйені қалыпқа келтірудің тиімді бір жолы дейді.

https://24.kz/kz/