Суы аңызға айналған Алакөл аймағында туризм жақсы дамуда

Суы аңызға айналған Алакөл аймағында туризм жақсы дамуда
фото: жеке архивтен

Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында тербеліп жатқан Алакөл еліміздің жаухары, інжу-маржаны саналады. Бүгінде  көл жағалауына демалуға келген туристер көлдің тыныс-тіршілігін кеңейте түскендей. Дәл қазір демалыс үйлерінен орын табылуы да қиын. Жағалауда  демалушылардың  көптігінен  ине  шаншар  жер  таппай қаласыз. Соңғы жылдары Алакөлге ағылған адамдардың саны артты. Құрамында мыңдаған минералы бар Алакөл суының емдік қасиеті әлі де  көпшілікке толығымен жете қойған жоқ. Естігендер, бір рет болса да келіп, суына шомылып көргендер болса, бұл қасиетті мекенге қайта оралатыны  сөзсіз.

Фото: жеке архивтен

Жалпы Алакөл - емдік қасиеті мол ағынсыз су қоймасы болып табылады. Көл суы минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада әлдеқашан дәлелденген. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеп тұрған. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де, көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы Алакөлге  шомылу арқылы арылған деседі. Көл жағасы құстар мен өсімдікке өте бай. Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі бар. Алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан сияқты балықтары қандай десеңізші.  Аққу, қаз, үйрек, балықшы, бірқазан т.б. құстар, қамыс арасында теңбіл мысық, өзен сағаларында ондатр да кездеседі. Жағалауы – шабындық және жайылым.  

Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан тұйықталған көл. Қазақстанның табиғи жауһарларының бірі саналатын көл ел ішінде көлемі жағынан Балқаштан кейін екінші орынды алады. Суының құрамындағы құпиясы да жетерлік. Табиғаты ерек, тылсым күші өзіне тартатын бұл мекенде демалуға қазақстандықтардар көптеп келеді. Соңғы жылдары алыс-жақын шетелден де  демалушылар  ағылып  келіп  жатыр.

Фото: жеке архивтен

Алакөл ел ішінде суының шипалы қасиетімен танымал. Соңғы он жылдықта өңірде туризмді дамытуға барынша жағдай жасалып келеді. Жыл сайын суға шомылу маусымында Алакөлде демалушылар 10 млрд  теңгеге  жуық  ақша жұмсайды екен. Айналдырасы 2-3 ай маусымда осынша табыс әкелу, аймақтағы туризмнің аяңдап болса да жолға қойыла бастағанының көрінісі. Суға шомылу маусымында  100  деген жаңа жұмыс  орыны  ашылып, жылына бұл мекенде 20-30 жуық жаңа демалыс орындары  салынып жатады. Алакөл көлінің жағалауын дамытуды мемлекетте  жүйелі  қолға алып отыр.

Осы уақытқа дейін көп сынның астында қалып, демалушылардың  өкпе-ренішін тудырып келген жол мәселесі де өз шешімін тапты. Бүгінде  Алматы-Жарбұлақ  бағытындағы  тас жолдың 20-30 шақырымы  ғана айналма жол, қалғаны толықтай пайдалануға берілген.

Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алматы-Үржар, Алматы-Үшарал  бағытында  самолеттер  де  ұшады.

Жетісу табиғатының керемет аймағы саналатын Алакөл көлінің жағасына келетіндер бүгінде көп. Ресей, Қытай, Түркия, Венгрия, Украинадан демалушылар көптеп келеді.

Алакөлге 15-тен аса өзен келіп құяды. Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Жаманөткел және т.б.

Оның басына емдік қасиетіне бола жыл сайын шомылуға келетіндер  қаншама. Ақши жағалауында 100-ге тарта демалыс орындары мен пансионаттар орналасқан. Алакөлдің Жарбұлақ жағы, Ақши мен Көктума  туристер үшін ең тартымды орын болып саналады.

Фото: жеке архивтен

Туристік маусым 22 мамырдан басталып, қыркүйектің ортасына дейін жалғасады.

Табиғаты мен емдік қасиеті, шипасы талайды тамсандырған Алакөл көлінің ортасында Үлкен, Кіші Аралтөбе, Белқұдық және басқа да аралдар  орналасқан.  Климаты – күрт  континентальды  болып  келеді.

Таңертең күн шуағымен көлдің түсі нәзік көгілдір болады, ал кешке қарай көк түске айналады. Егер бұл аймақта жел тұрып, дауыл соқса Алакөлдің  суы  ластанып,  қара  түске  боялады.  Көл жағасында жел тұрып, толқындар тулағанда арнайы суға түсетіндер болады. Толқындар тулағанда көл түбіндегі барлық минералдар толқынмен жағаға  шығады  дейді білетіндер. Жағаға ұрған асау толқынмен таласып  суға  түсіп  жүргендердің  айтатын әңгімесі бұл.

Алакөл – малтатас және қиыршық таспен тегістелген қара жағажайы бар әлемдегі жалғыз көл болып табылады.

Ежелдегі аңыздарда көлдің суы шаршауды, нервоздықты жоюға, буындарда ауырсынуды жеңуге көмектесетін сиқырлы күшке ие, тамаша көңіл-күй мен рух сыйлайтыны жайлы  айтылған.

Алакөлдің тұзды суынан Менделеев кестесіндегі йодтан басқа бүкіл элементтерді кездестіруге болады. Бұл өз кезегінде көптеген ауруды емдеуге көмектеседі. Тек суы ғана емес, мұндағы күкіртсутекті балшықтар да, минералды тұздарға бай, құрғақ таза дала ауасы да адам  жанына  дауа  бола  алады.

Алакөлге демалушыларды қай жағалауына барған дұрыс деген сұрақ мазалайтыны  рас.

Алакөлге баратындарға алдымен қай жағалауда демалғысы келетінін шынымен де анықтап алғаны жөн. Өйткені демалуға ыңғайлы екі жағалау  бар. Бірі Абай облысына қарасты Жарбұлақ жағы, екіншісі Алматы  облысы  Алакөл  ауданына  қарасты  Ақши жағалауы.

Ақшиге жақын орналасқан Көктұма ауылы маңайында тағы бір жағалау бар. Алматыдан шыққан автобустар тікелей сол Көктұмаға барады.

Алакөл  жағалауларына  жетудің  жолдары

Алакөлге пойызбен, автобуспен немесе ұшақпен жете аласыз. Пойызбен барсаңыз, стансадан жағалауға дейін таксимен баруға тура келеді. Такси құны маусым айында шарықтап тұрады. Мәселен Үржар аэропортынан көл басына дейін такси салоны 15-20 мың теңге тұрады.

Алматыдан Ақшиге автобуспен 10-12 сағатта жетуге болады. Ал Жарбұлаққа автобуспен жол ұзақтау, 14-15 сағатта жетуге болады. Қосымша рейстегі автобуста туристерге ұсынылатын орындарға байланысты билет құны әртүрлі. Сондықтан Алматы – Жалаңашкөл бағытындағы бағасы 4200 теңгеден басталатын пойызбен баруға кеңес береміз. Ал Ақшиге бару үшін Алматы – Көктұма бағытындағы пойызға билет алып, ары қарай 1000 теңгеге таксимен жетіп алуға болады.

Көлге түсу кезеңінде Алматыдағы Сайран автовокзалынан Алакөлге апаратын қосымша рейстер ашылады. Таксиге шығындалмай, сол рейстермен тікелей жағалауға жетіп алуға да болады. Жекеменшік фирмалардың ұсынысымен ашылған рейстердегі автобус билетінің құны таңдаған орынға қарай қымбаттау болады. Өйткені онда аяқ-қолыңызды созып, рахаттанып ұйықтап  баруға  арналған  төсек-орындар  бар.

Билет құны туристік аймаққа жаз айында қымбат болатыны белгілі. Ал пойыз бен самолетпен бару үшін ертерек қамданған жөн.

Жатын орынды қалтаңызға қарай, ескерте кетейік алдын ала таңдайсыз. Ештеңе ойламастан, алаңсыз жетіп барсаңыз, маусым кезінде  көл жағасында ашық аспан астында түнеп қалуыңыз әбден мүмкін.  Өйткені  мұнда  орын  болмайды.

Пансионат таңдағанда қалтаңыздың ыңғайына қарап жағдайы жасалған, автокөлік түрағы бар, душы мен туалеті ішінде, үш мезгіл тамағы бар демалыс орнын таңдаған дұрыс. Жағалаудағы барлық пансионаттар туристік фирмалармен жұмыс жасамайды. Сондықтан  пансионатты  әлемжелі арқылы, талғамыңызға сай таңдап ала аласыз.

Фото: жеке архивтен

Алайда шілде айында бос орындар бола бермейді. Туристер арасында үш мезгіл тамағымен адам басына 12 мың, 15 мың теңге пансионаттар сұранысқа ие. Ал балаларға барлық пансионаттарда елу пайыз жеңілдік  қарастырылған. Үш жасқа дейінгі балаларға тегін.

Егер одан арзан жер іздесеңіз, үш мезгіл тамағы бар орынды 8000-10000 мың теңгеге табуға болады. Бірақ душ пен дәретхана далада, ашық  аспан  астында.

Кейбір пансионаттардың ауласында балалар ойнайтын алаң мен үстел теннисі  бар.

Қонақүйдің алдында бассейні барлар да бар. Бір ескеретін жайт, егер Көктұма жағалауын таңдасаңыз, ол жақта пансионатты тек жекелеген үйлерден ашқан. Әр түрлі бағада. Сондықтан күй іздеген демалушыларға негізі Ақши мен Жарбұлақ жағындағы жағалауына барған  дұрыс. Сондай-ақ көлге баруды жоспарлап отырған күндерді де ескеру маңызды. Мысалы, шілде айында стандартты екі орынды нөмірлердің  бағасы тәулігіне 12 000-нан 30 000 теңгеге дейін болады, ал шілде-тамызда баға 30000-45 000 теңгеге дейін көтеріледі. Көптеген қонақ үйлер жалға берілетін коттедждерді ұсынады - ең үздік қонақ үйлердің құны тәулігіне 60 000 теңгеден басталады.

Ойын-сауықты жаныңыз қаласа Алакөлдегі экскурсиялар мен ойын-сауықтың құны олардың ұзақтығы мен мазмұнына байланысты. Мысалы, катердегі экскурсия бағасы сағатына 6000 теңгеден басталады, ал мініп жүруге — бір адамға 5000-нан 7000 теңгеге дейін.

Емдеу рәсімдері және SPA-қызметтері де бар. Ол да қалтаңызбен қалауыңызға байланысты. Мысалы, массаж жасау 3000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ал қонақүйлердің эконом класқа жататын бөлмелері сәл төмендеу болады. Люкс бөлмелерді 37 мыңнан алуға болады. Әрине, үш мезгіл тамақ бұл сомаға кірмейтіні белгілі. Бұндай қонақүйлерге туристік фирмалар арқылы алдын-ала тапсырыс жасауға болады.

Бір ескеретін жайт, қонақүй, пансионаттарда адам басына төленеді.

Жағалаудағы  жайлы  орын

Пансионат мәселесін шешіп алған демалушы иығына сүлгісін салып, көлге қарай  беттейтіні анық.  Енді жағалаудан орын тауып алуыңыз керек.

Көлге сырттан келетін демалушылардан өзге, жақын орналасқан аудан-ауылдардан келушілер де көп болады. Сондықтан бала-шағадан, үлкенді-кішілі суға түсушілерден аяқ алып жүре алмайсыз.

Егер оңаша отыруды қаласаңыз, қолдан жасалаған сәкілерді (топчан) төрт мың теңгеге жалға алуға болады. Жағалаудағы топчандар да босай бермейді.

Фото: жеке архивтен

Алакөлдегі сақ моншасы – соңғы жылдардағы трендтердің бірі. Демалушылардың біразы моншаны жағалап кететіні рас. Өйткені сақ моншасынан бүкіл денесі жіпсіп, буындары босап, көлдің суына шомылу  денсаулыққа  аса  пайдалы.

Алакөлдің тұзды суына армансыз жүзіп, құмарынан шыққан соң демалушылар тағы не қызық бар деп жағалауды аралап кетеді. Көлдегі  ең қызықты әрі сұранысқа ие болып тұрғаны – шатырлы сақ моншасы. Құны 1000 теңгелік моншаға он минуттан екі рет кіруге рұқсат етіледі.

Алғашында демалушылар түтіні шығып жатқан шатырға түсінбей, таңдана қарайды. Самырсын ағашының (пихта) майы қосылған суды пештің қызған тастарға сепкен соң шығатын буға қыздырынып отырып, бусаудың рахаты ерекше. Буындарың босап, бойдағы суық шығады.

Бірақ булы моншада он минуттан артық отыру мүмкін емес. Мүмкін шатыр кішкентай болғандықтан шығар, денең тез қызады. Буланып алған соң, көлдің суына қойып кету керек. Сақ моншасының емдік қасиеті де осында. Сондықтан, сақ моншасының рахатын сезіну үшін демалушылар ұзын сонар кезекке тұрудан да шаршамайды.

Сонымен көл жағалауында орналасқан кішкентай сақ моншасы демалушылар арасында үлкен сұранысқа ие  боп тұр.

Сақ моншасының шатырын пешімен шамасы келгендер 250 мың теңгеге сатып алған. Ал қалтасы жұқа адамдар қолдан жасап алып, жақсы бизнестің кілтін тапқан.

Алакөлдің суы тұзды. Көп адам денелеріндегі жараларынан  арылғанын жыр етіп айтады. Әдетте тұзды тұз алады деп жатады. Рас екен. Қанша су ішсең де, ол тері арқылы шығады, бүйрекке күш түспейді.

Ал пансионатта жататындарға онда берілетін үш мезгіл тамақ тек талғажау ғана. Күні бойы судан шықпайтындарға ас болып жарытпайды. Содан болар жұрттың мұндағы тамаққа көңілдері толмай жүреді.

Көлдің тұзды суы тоқ ішегің түгіл аш ішегіңдегіні түгел сорып алады. Таңғы асты демалыс орнынан жеп шықсаңызда, түске жетпей ішегіңіз шұрылдай  бастайды. 

Демалыс орнының тамағына көңіліңіз толмаса жағалаудағы тамақтану орындары көп. Кафеде түскі астың орташа құны бір адамға шамамен 5000 теңгені құрайды, ал үздік мейрамханаларда кешкі астың құны 20 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Көл басында сауда қызу жүріп жатады. Балықтың небір түрлері, піскен жүгері,чипси түріндегі қуырылған картоп, балмұздақ, су, бәліштер,тіпті  қара балшықты да жағалауға әкеліп сатады. Ал сырашылар қақталған балыққа да қарық болады.

Алакөлдің балшығы мен құмы да ем

Фото: жеке архивтен

Оны сату да мұнда трендке айналған. Бір келісі 1000 теңге тұрады. Балшықты денеге жағып алып, әрі пайдалы, әрі арзан маскаға қол жеткізгендеріне жұрт та риза.

Жағалаудағы қара құмға көміліп, рахаттанып жатқандар да бар. Сұрасаң, көпшілік ыстық қара құмның буын ауруына ем екенін айтады.

Экстремалдар үшін

Экстремалды жаны сүйетіндерге қызық көп. Жұрттың көбі катерге арқанмен байланған сырт пішін банан тәрізді су отырғышына мініп, серуендегенді қызық көреді.

Жүрдек қайық иесі су бетінде әдейі қатты жүзіп, шырқ үйіре айналып, бананның үстіндегі адамдарды көлдің бетіне құлатуға тырысады. Сол бәріне қызық. Бананға іркес-тіркес шамамен үш-төрт адам отырады. Бір адам 1000 теңгеден төлейді.

Жағадағы қаумалаған жұрт бананға отырғандарды қай жерге барып, құлатар екен деп, демдерін ішіне тарта күтіп тұрады.

Жай ғана қайыққа отырып, көлде серуендеуді жаны қалайтындар да бар. Көлдің кереметін қайықпен жүріп, тамашалағыңыз келсе, адам басына 1000 теңге төлеп, жарты сағат қыдырып қайтуға болады. Сонымен қатар, гидроциклға деген қызығушылық жоғары. Гидроциклді қанша уақытқа жалға алуыңызға байланысты бағасы да әртүрлі. Төменгі бағасы 1000 теңгеден жоғары.

Көл жағасында адамның көптігінен тазалық жоқ

Көлдің жағасы тасты болғандықтан құмды жағалаудағыдай жалаңаяқ жүру мүмкін емес. Тіпті суға түскенде аяқтарынан резеңке сүйретпе тастамаған демалушыларды жиі кездестіруге болады.

Өкініштісі, тазалық сақталмайды. Тас арасында шағылған шемішке қабықтары мен босаған бөтелке көп. Бірақ оған мән беріп жатқан демалушылар жоқ. Қоқыс салатын жәшік ретінде топчандардың жанына бір-бір қап байлай салған.

Жағалау кешке қарай қоқысқа толып қалады

 Көлге шомылуға жұрттың бәрі бала-шағасымен барады. Бір отбасы кемінде екі-үш баладан жетектеп келеді. Көл басында суға түспей-ақ баласын жоғалтып жүргендерді де кездестіресіз. Қызды-қыздымен әңгіме айтып, бала қараусыз қалады.

Балалы отбасылар үшін сақтық шараларының бірі оларға суға батырмайтын құтқару жилетін кигізіп қою ғана емес екенін ескерген жөн. Өйткені жағалауда адам көп. Баланы қас-қағым сәтте жоғалтып алуға болады.

Алакөлді жағалай орналасқан ауыл көп. Сондықтан сырттан келіп демалушыларға қарағанда, жақын ауыл-аудандардан келушілер көп. Оны да ескерген қызмет көрсетушілер төрт ағаш тіреп, палаткамен қоршап, шешініп-киінетін жай жасап қойған. Бағасы 100 теңге. Бірақ бір үйден кемінде бес-алты адам баратындықтан, ол қызмет түрін пайдалана бермейді. Өйткені өз көлігінде шешініп-киіну тегін.

Жарбұлақ жағалауында туристердің демалуына барлық жағдай жасалған

 Бұл жағалауға Алматы–Жалаңашкөл бағытындағы пойызбен де баруға болады. Пойыздан түскен соң, жағалауға дейін таксилер тізіліп тұр.

 Көлге түсуге барған адамдара өздерімен бірге міндетті түрде маса шағуына және күннен қорғанатын крем мен жылы киімдер алып барған жөн. Өйткені кез келген уақытта жаңбыр аралас жел соғып, күн бірден бұзылатын кездер жиі  болады.

Шамамен маусым кезінде  Алакөлге 700-800 мың адам демалуға келеді. Туристердің 200-300 мыңы жағалаудағы пансионттарға орналасса, 300 мыңы тек бір күнге көлге түсуге келгендер. Биылғы демалушылардың легіне қарап Алакөлде биыл 1 млн аса адам демалып кетеді-ау деп жобалауға  болады.

 

Алакөлдің Жарбұлақ жағалауында 200-ге жуық демалыс орны, 15-тен аса  кафе, 30 шақты  дүкен  мен екі дәріхана орналасқан. Сонымен қатар екі жағалауда да демалушыларға арнайы өнер жұлдыздары шақырылып, концерт ұйымдастырылады. Жағалауда балаларға арналған ойын алаңдары, кешкісін шағын би алаңдары, ойын-сауықтар ұйымдастырылады. Көлге демалушылар көл жағалауындағы осы бағдарламаларды қызыға тамашалайды. Өйткені пансионаттан шығып кешкісін бой жазып, демалғысы келетіндердің сұранысы артқан. Еліміздің табиғи жаухары саналған Алакөл жылдар өткен сайын жақсы қарқынмен алға жылжып, талай елдің аңсары ауып түратын туризм аймағына айналып келеді. Әрине кем-кетіксіз деп айтуға болмайды. Көш жүре түзеледі деп айтылады. Жылдар өткен сайын Алакөл жағалауының  жақсарып,  жауыр болған жол  мәселесі  де шешімін тауып  келеді.

Анар Бекбергенова: - Жақын арада көлге барып шомылып келдік. Көлдің суы керемет. Өзім осы елді-мекеннің тумасы болғандықтан, жылына бір рет көлге шомылмасам, бірдеңеден құр қалғандай боламын. Биыл жолдың аз ғана бөлігі айналма болды, қалған жолдар пайдалануға берілген. Жол бойына әжетханалар орнатылған, таза.  Жылда келетін болғандықтан, бәріне мән беріп жүремін. Асханалардың да тазалықтары түзеліп, тамақтары да дұрыстала бастапты.

Бекзат Мұратқызы: - Мен  отбасыммен Жарбұлақ жағына барып демалдым.  Пансионаттар сәл дұрыстау болса, төлейтін ақшасы да жақсы. Бұл жерде әр демалыс орны, өздеріне демалушыларды көптеп тарту үшін барын салуда. Дұрыс тамақтандыруға, жағдайымызды жасауға тырысты. Көл басындағы кешкі серуен маған қатты ұнады. Мен өзім бала-шағамен барғандықтан, балалар ойнайтын алаңның болғанына қуандым. Арбат бойында кешке жанды дауыспен ән айтылып тұрады, енді бір жерінде орта жастағыларға арналған би кеші болып жатады. Керемет әсерленіп қайттым. Демалуға барған соң, қалауыңа  орай, сол демалысты көңілді өткізген жақсы ғой.