Шетел баспасөзі Қазақстан жайлы не деп жазуда

Шетел баспасөзі Қазақстан жайлы не деп жазуда
фото: https://pixabay.com/ru/

       Өкен аптада да жаһандағы медиалар Қазақстан жайлы көптеген материал жариялады. Ел үшін маңызды болып тұрған АЭС бойынша тыңдаулардан бастап, Ертіс өзенінде гидроэлектро станция салу, Шығыстағы көршімізге ет жеткізу, Арал суының молайып жатқаны ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады. 

TACC: Қазақстанның Энергетика министрлігі АЭС құрылысы бойынша көпшілік тыңдауды тамызға дейін жалғастырады

Ал аталған тақырып бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу мерзімі туралы соңғы шешімді сайлау комиссиясы қабылдайды. Бұл жөнінде ресейлік TACC ақпарат агенттігі жазды.

ҚР Энергетика министрлігі 2024 жылдың тамызында елдегі атом электр станциясын салу жөніндегі жоспарларды халықпен жария талқылауды аяқтайды.

– Тамызда ведомство басқа мемлекеттік органдармен, Ядролық физика институтымен, Ұлттық ядролық орталықпен, сарапшылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлерге шығу және халықпен кездесулер бойынша жұмысты аяқтайды. Қазір бұл жұмыс белсенді жүргізілуде. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін АЭС құрылысы бойынша референдумның басталу мерзімін жариялау мүмкіндігі болады, – деп келтірген басылым министр Алмасадам Сәтқалиевтің сөзін.

Ведомство басшысының айтуынша, референдум өткізу мерзімі туралы соңғы шешім сайлау комиссиясы арқылы хабарланады.

– Қазақстандағы атом станциясын салу бойынша әлеуетті вендорларға келетін болсақ, біз энергетика министрлігі ретінде аталмыш референдум туралы айтқанда, Қазақстанда атом станциясын салу туралы мәселені көтермейміз. Әңгіме атом энергетикасын, атом индустриясын дамыту туралы болып отыр. Бізде заманға сай энергетикалық реакторларды пайдаланудың бірегей тәжірибесі бар, зерттеу реакторлары бар, атом индустриясын дамыту үшін жеткілікті қуатты ғылыми база бар, – деп толықтырған министр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында АЭС салу туралы мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Бұған дейін Энергетика министрлігі зерттеу қорытындысы бойынша Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы станция құрылысының анағұрлым қолайлы ауданы ретінде таңдалғанын хабарлаған болатын. Қазір билік ядролық технологияларды сала алатын бірнеше әлеуетті үміткерлерді қарастыруда. Олар: қытайлық CNNC компаниясы, оңтүстік кореялық KHNP, «Росатом» және француздық EDF. Құрылыс құны шамамен 10-12 млрд теңге болуы мүмкін.

Trend: Ертісте жаңа ГЭС салынады

Қазақстан Ресеймен бірлесе отырып, Ертіс өзенінің бойында гидроэлектро станция салу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл жайында Қазақстанның Энергетика министрлігіне сілтеме жасап Trend хабарлады.

– Аталған жоба Ертіс каскадының қуатын арттыра алатын дербес станция болмақ. Атауы әзірге алдын ала жобалық құжаттамаға сәйкес – Семей. Бұрын ол Бұлақ ГЭС-і ретінде белгілі болатын. Бұл өзен шекара маңы болып саналады, сондықтан ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесін тарту қисынды әрекет, – деп келтірді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің пікірін.

Оның айтуынша, серіктестерді таңдау бойынша соңғы шешім «Самұрық-Қазына» қорының тікелей құзыретіне жатады.

– Менің ойымша, олар ресейлік компаниялармен де келіссөздер жүргізіп, басқа баламалы қызмет көрсетушілермен келіссөздер жүргізіп, мемлекет мүддесіне қарай шешім қабылдауы тиіс. Біз Қазақстан үкіметі ретінде бұл жағдайды қадағалайтын боламыз, – деп түйіндеген ведомство басшысы.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі Көкшетау, Семей және Өскеменде үш жаңа ЖЭО 2028 жылы іске қосылатынын мәлімдеген.

Anadolu: Қазақстан Қытайға 75 млн долларға ет пен мал жеткізуді жоспарлауда

Республиканың ауыл шаруашылығы саласында Қазақстан-Қытай серіктестігінің маңыздылығы артып келеді. Қазақстан Қытайға 75 млн доллар болатын ет пен мал жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасай отырып Anadolu хабарлады.

Аталған шешімге Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен қытайлық CITIC Construction және Beijing Capital Agro компанияларының басшылық құрамы кездесуінің арқасында қол жеткен. Кездесуге сондай-ақ қазақстандық «Meat processing and Servis company», «Елімай Көкпекті», «Астана Агро Продукт» ЖШС, Agro Silk Way, «Жаке» ШҚ, «Қазақстан ет одағы» қауымдастығының өкілдері қатысқан.

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының экспортты ұлғайту жөніндегі тапсырмасы және ҚР мен ҚХР арасында қол қойылған ветеринарлық талаптар жөніндегі хаттама шеңберінде жұмысты жалғастыруда, – делінген басылым мақаласында.

Сондай-ақ министрлік ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Қытай серіктестігінің маңыздылығына жекелей тоқталған. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67 пайызға артық. ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 2 есе өсіп, 1 млрд долларға жетті. Қытайға экспорттың негізгі көлемі дәнді және майлы дақылдарға, түрлі майларға тиесілі. Енді мал шаруашылығы өнімдері есебінен экспорт көлемі ұлғаймақ.

Биыл ақпанда ҚХР үкіметі Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінен ет өнімдерін экспорттау бойынша шектеулерді алып тастады. Экспортталатын өнім номенклатурасын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. АӨК өнімдерінің тағы 10 түрі әзірленеді. Тараптар салада бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және ынтымақтастық орнатуға ашық. Қазір жүгеріні терең қайта өңдеу зауыттарын, мал шаруашылығы кешенін салу жоспарланған.

Өз кезегінде қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстанмен сиыр еті мен тірі мал сатып алу тұрғысынан ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық көрсетті. Атап айтқанда, Beijing Capital Agro компаниясы 2030 жылға дейін мал шаруашылығы саласына 600 млн доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында бордақылау алаңдары құрылады, 600-ден астам фермерлік шаруашылық пен жұмыс істеп тұрған бордақылау алаңдары әріптестікке тартылады. 3500-ден астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша «Meat processing and Servis company», Agro Silk Way, «Астана Агро Продукт» ЖШС ҚХР компанияларымен ет экспортына, сондай-ақ тірі мал жеткізуге бағытталған үш келісімшартқа қол қойды.

Daryo: Солтүстік Аралдағы су көлемі 27 млрд текше метрге дейін артты

Солтүстік Арал теңізін құтқару жобасы аясында маңызды нәтижеге қол жетіп, қоймадағы су көлемі 27 млрд текше метрден асқанын Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасай отырып Daryo мәлім етті.

Бұл жетістіктің негізгі факторы Көкарал бөгетін қайта жаңарту болған. Бұған қоса Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келуінің де әсері бар. Аталған мәселе бойынша Өзбекстан және Қырғыз Республикасымен бірлескен жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, қазір су беру кестелері бекітіліпті. Сондай-ақ, жергілікті шаруа қожалықтарымен кездесулер ұйымдастырылып, егіс алаңдарын суару үшін қажетті судың жеткілікті мөлшері белгіленген.

Сонымен қатар ведомство өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу барысында жобаның Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазір жобаның екінші кезеңі әзірленуде. Ол балық шаруашылығын, экотуризмді дамытуға, экологияны және су ресурстарын басқаруды жақсартуға бағытталған.

Жобаның екінші кезеңі аяқталғаннан кейін ақпараттық база мен су ресурстарын басқару жүйесін жаңарту жоспарлануда. Өткен маусым айында Солтүстік Арал теңізіне жыл басынан бері 1,1 млрд текше метр су түскені хабарланған еді.

https://kaz.inform.kz/