фото: pixabay.com
Түркістан облысына қарасты Шардара қаласында Нұрмахан Қары деген әрі әріптесім, әрі тілеулес досым бар. Кешегі кәсіби мерекеміздің қарсаңында бірнеше рет телефон шалып, менімен байланысқа шыға алмаған. Мен ол кезде ала тақиялы ағайындардың Самарқан шаһарында жүрген болатынмын. Елге келе сала Нұрмахан досыммен хабар алыссам " Сенің зейнеткерлікке шығып алып, ел аралап, жер танып жүрген ұстанымың ұнайды"-- деп, ақжарма тілегін жаудырып жатты.
Шынында, Алла тағала нәсіп етіп, биылдың өзінде Самарқаны бар, Жызағы бар, Науайысы мен Нұратасы тағы бар -- осынау тарихқа толы қасиетті жерлерде бір емес бірнеше мәрте болдым. Бірақ, түрлі себептермен Жалаңтөс баһадүр бабамыздың мәңгі мекен тапқан жеріне барудың бір реті келмей қойғаны. " Сабақты ине сәтімен" дегендей, бұл жолғы сапарымда әлемге мәшһүр батыр бабамыздың басына барып, әруағына құран бағыштап, жатқан жеріне тәу ету мәртебесі бұйырды.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Хош делік, бұл сапарымыздың басы былай басталды. Қарағандыда студенттік кезімізді бірге өткізген Ермек Балташұлы деген " қанды көйлек" досым тұрады. Зейнеткерлікке шықса да маржан сөзден кесте тоқып, университетте студенттерге дәріс оқып жүрген жайы бар. Жазу-сызудан қалмаған, десек те, Самарқанға күні бүгінге дейін бармаған. Құдай қосқан қосағы Гүлбаршын да ҚарМУ- дің профессоры. Ерекеңнің ертеректегі ұсынысымен жазғы каникул кезінде Самарқанға баратын болып келісіп, әрқайсымыз міндеттерімізді бөлісіп қойған едік. Ермек досым Баспасөз мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы бойынша әріптестері арасында үздік деп танылып, " Қазақстанның Құрметті журнаоисі" атанды. Осылайша, алдын ала жасаған жоспарымыз "піспей " қалды, Ерекеңнің Самарқанға жолы түспей қалды.
Алдын ала жоспарлаған кесте бойынша Гүлбаршын ханым, Ерекеңнің екі қызғалдағы -- Жамал мен Мәдина, менің өзім және біздің үйдің ұйытқысы -- Әлия ханым -- бесеуміз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай болып, ала тақиялы ағайындардың ауылына қарай жол тарттық. Маусымның 26-ы күні түс ауа Ташкент шаһарында болдық. Жайлы қонақ үйге жайғасу да онша қиынға соққан жоқ. Негізі, қала ішінде " Яндекс" таксидің қызметін пайдалану өте тиімді екен. Кондиционері, интернеті жақсы жұмыс істейді әрі тегін пайдаланасың. Жол ақысы да біз жақтан көп төмен, көңілге қонымды. Тек қана, төрт адам болмаса бес адам сиятын " Яндекс" таксилер жоқтың қасы. Сол түні " Ташкент сити" қалашығын армансыз араладық. Өзбек ағайындардың қалтықсыз қызыметіне риза болдық. Көңілді демалу үшін барлық жағдай жасалған.
Ертесіне таңғы сағат алтылардан аса бере алдын ала келіскен жеті орындық " иномарка" автокөлігі біз жайғасқан қонақ үйдің алдында қаңтарулы тұрды. Жүргізуші Руслан деген татар жігіті Самарқан қаласының тұрғыны екен. Өзбекше де, қазақша да, орысша да ағып тұрған жолсерігіміз жайдары да көңілді жігіт болып шықты. Жол-жөнекей керемет көріністердің куәсі болдық. Қаз қатар тартылған биік бағаналардың басына қосарлана ұя салған киелі құс -- дегелектерді көргенде қонақтарымыздың қуаныштан жүрегі жарылардай дегбірі қалмады. Жаратылысы бөлек ерекше құстарды көрініске алып, естелік суретке түсуді де ұмытқан жоқпыз.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Жызақ асуындағы дәмханадан жеген "Жызақ самсасы " тойымды әрі дәмділігімен тіл үйірер ұлттық тағам екен. Бізді осы дәмханаға алып келгені үшін жолсерігіміз Русланның тамағы тегін, бонус үшін бір жарым литр пісте майы мен бір қорап темекісін тағы алып жатты. Жол-жөнекей демалыс жасап жүріп-ақ күннің көзі арқан бойы көтеріле межелі жеріміз -- Самарқанға жетіп алдық.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Самарқан жасыл желегімен, аспанға атылған субұрқақтарымен, айналаның мұнтаздай тазалығымен бірден көз тартады. Көнеден сыр тартқан ерекше сәулетті тарихи ғимараттарының жөні бір бөлек. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан туристерде есеп жоқ . Қалада келген қонақтарға талапқа сай қызмет көрсету үрдісі ерекше қалыптасқан. Жалаңтөс баһадүр бабамыздың сүйегі Самарқан қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстағында екен. Осы кезде баһадүр бабамыз туралы азды-көпті мәлімет беріп кету жөн болып тұр.
Жалаңтөс Сейітқұлұлы 1576 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы аумағында дүниеге келген. Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан шаһарының әмірі, XVII -- XYIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді.
1640 жылы батыр бабамыз қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратады. 1643 жылы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоңғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір ханға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберіп, басқыншыларды тас-талқан етіп жеңуге өз үлесін қосты.
1649 жылы Жалаңтөс батыр қазақ қолын басқарып, Бұхар ханы Абдул Азизбен Иран патшалығының Хорасан, Балх үшін жүргізген соғысында жеңіске жеткен.
Фото Әбдімәлік Садыұқлы
Әскери өнерді жетік меңгерген, керемет батырлығымен даңқы жайылған дарабоз қолбасшыға қырғыз, қалмақ, қазақ хандары, Үндістаннан, Хорезмнен және Тибеттен қымбат сыйлықтар ағыл-тегіл келіп жатты. Бұл байлықтарды Жалаңтөс батыр әскерін қамтамасыз етуге ғана емес, оларға арнап Самарқанда үлкен құрылыстар, зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсады.
-- Жалаңтөс баһадүр Самарқанның орталығы Регистанда " Ширдор" ( Арыстан) медресесі мен " Тилла Кори" ( Алтынмен апталған) медресесін салдырды, кейін олар бүкіл елге әйгілі болды,-- дейді Дагбит мазарының шырақшысы Октам ака бізбен әңгімесінде.
Шынында, батыр бабамыздың нұсқауымен салынған бұл ғимараттар күні бүгінге дейін өзінің еңселі келбеті мен әсемділігімен дүйім жұртты таң қалдырып, Шығыстың сәулет өнерінде ерекше орын алуда.
Батыр бабамыздың мазарының басында 1528 жылы егілген шынар ағашының күні бүгінге дейін тамырын тереңге жіберіп, жапырақ жайып, бойымен көк тіреген қасиеті тегіннен тегін болмаса керек. Осындай қасиетті де киелі жерде тіземізді бүгіп, еңсемізді тік ұстап, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын, халқымыздың ынтымағын тілеп, Алла тағаладан ризашылық сұрап, әруақтарға бағыштап құран оқыдық. Ниетіміз қабыл, мұратымыз асыл болсын дей отырып, Самарқан сапарындағы көрген-білгенімізбен өздеріңізбен бөлісуді жөн санадық.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Қайтар жолда Ташкенттің төрінде жатқан Төле би бабамыздың басына барып зиярат жасадық. Атақты "Бес қазан" дәмханасының ашынан( палау) дәм татуды да ұмытқан жоқпыз. Өзбек халқының меймандостығына тағы да бір көз жеткізіп, елге көтеріңкі көңіл-күй, үлкен әсермен оралдық.
Әбдімәлік Садықұлы Ағыбай,
Шымкент – Ташкент - Жызақ – Самарқан - Дагбит.
28.06.2024 ж.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через