фото: https://orda.kz
Қазақ дубляжын қолдағысы келетін барлық адамға үндеу!
Қазақстанда фильмдер мен мультфильмдерді қазақ тіліне дубляждау ісі бірте-бірте көтеріліп, дамып келеді.
Қазақстандықтардың орыс тілінде фильм көруге құштар болуының бірден бір себебі — қазақ тілінде сапалы контенттің жоқтығы. Ал неліктен біз Қазақстан азаматы бола тұра кинотеатрлардағы фильмдерді ана тілімізде емес, орыс тілінде көруге мәжбүрміз?
Шетелден келетін барлық фильмдер қазақ тіліне дубляждалып, сосын кинотеатрларға жол тартса, қандай керемет. Ал субтитрлер қазақша емес, керісінше орысша жүрсе… Әрине, жақын арада мұндай өзгеріс болмайтыны анық, десек те бірте-бірте соған келе жатырмыз. Соның бір көрсеткіші жақында жарыққа шыққан мультфильм.
Маусымда кинотеатрға “Ойжұмбақ 2” (Inside Out 2) фильмінің қазақша дубляжы шықты. Жаңа туынды (Disney, Pixar) қазіргі таңда ең көп кассалық жинақ жинаған мультфильм болып тұр. Екі апта ішінде әлем бойынша 724 млн доллар жинаған. Алғашқы күні қазақ тіліндегі дубляжы да жақсы қаралым жинаған еді.
Бұл дубляж бұрынғы дубляждан өзгерек, өйткені алғаш рет Дисней қазақша дубляжды өз есебінен қаржыландырып отыр. Бұған дейін «Болашақ» қоры қаржыландырған. Яғни қазақша дубляж былтырғы тұрып қалған орнынан қозғала бастады деген сөз.
Бұл не үшін маңызды? Мақсат Мәлік оның үш себебін айтты.
Диснейдің өзі «әр қазағым – дубляжым» деп, бізге өз қалтасынан қаражат бөліп отыр. Мұндай жомарттығы ертең ақталмай қалса, қазақша дубляждан бұлтарып, жобаны жауып тастайды.
Кинотеатрлардың қазақша дубляждан табыс жасай алмай қаламыз деп уайымдап, сеанстарды азырақ көрсетіп, қолайсыз уақытқа ысырып қоятын біртүрлі әдеті бар. Бірақ қазақшаға сұраныс көп болса, кинотеатр бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады.
Дубляж қазір қазақ тілінің ықпалын күшейтудің ең мықты әрі аса маңызды құралы. Өйткені кино – бейнелеу өнерінің шарықтау шегі, заманануи һәм заманауи визуалдың ең үлкен ағысы. Қазақ тілі сол ағысқа қосылып, дубляждың толқынына міне алмай қалса, мәдени күш-қуатымыздың өрісі біршама тарылып қалады. «Алты Алаш» тұрмақ, алты адамға да сөзіміз өтпейтін болады.
Фильм мен балалар киносының қазақшалануы көпшіліктің тілге көзқарасын өзгертетініне сенім білдірген мамандар 2022 жылдан бастап міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап ете бастады. Өкінішке орай, қазақша дубляждың сапасы, жасыратыны жоқ, расымен де төмен. Кейбір фильмдерді алып қарасақ, киноның атмосферасын сезіне алмайсың. Неге?
Себебі дубляждау үлкен кәсібилікті, біліктілікті талап етеді. Біріншіден, дубляждау жай ғана актерлердің диалогты кезек-кезек оқи салуы емес. Ол фильмнің атмосферасын түсіндіру, режиссер киноны қалай түсіндірді, дәл сондай көңіл-күйді жеткізу. Актер интонация, паузаларды ұмытпай, түсірілген фильмді өз тілінде қайта ойнап шығуы керек. Өзінің бүкіл болмысынан өткізіп, жан тәнімен сезініп, өзінің кейіпкерінің рөлін қайта сомдап шығуы керек. Бұл тұрғыда актерлердің кәсібилігі жоқ емес, біздің мамандар әлемдік киножұлдыздардан кем емес. Мүмкін оның себебі төленетін қаламақының аздығында шығар. Сапалы дүние жасауға тырысатын жастар жоқ емес, жетерлік. Бірақ олар идеясын жүзеге асыруға қаражатты қайдан алады? Көздерiнде от ойнар, сөздерiнде жалын бар жастарды қолдайтын ешкім жоқ.
«Бізде дыбыстау, дубляж нарығы мүлдем жоқ десем қателеспеймін. Сериалдарды «тым дұрыс» қазақ тіліне аударатын студиялар бар, әрине. Қазақ мектебін бітірген маған да ол түсініксіз. Көпшілікке түсінікті тілде аударма жасап, дубляждауды дамытқымыз келеді. Бірақ ақша да жоқ, сұраныс та жоқ. Өкінішке орай Қазақстанда бұл кәсіп түрінің болашағы сенім тудырмайды. Сондықтан бізден басқа бұл жоғарыдағы ағаларға да, шетелге тіпті қажет емес. Энтузиазм мен патриотизм? Бұл сезім қанша уақыт бойы бізді асырай алады? Кез-келген еңбек дұрыс бағалануы керек деп есептеймін,- деді кезінде танымал болған Jokeasses вайн-жобасының мүшесі Бексұлтан Қазыбек.
Фильмдерді түпнұсқадан — ағылшын тілінен аудару дұрыс әрі оңайырақ дейді дубляж мамандары. Аудару барысында көп дүние қамтылады. Біріншіден, тілдің таза әрі барынша көрерменге түсінікті болуы, одан липсинг мәселесі, арада қалжыңды дұрыс жеткізу, локализация мәселесі туындайды. Басты мақсат – фильмдерді көрерменге барынша жақындату.
Жақында Ақпарат министрлігі Кеңес дәуірінде шыққан мультфильмдерді қазақ тіліне аударуға дайын екенін мәлімдеді. Айтуларынша, кеңестік мультфильмдер көбінесе еңбек құндылықтарына, жақындарына деген құрметке, Отанға деген сүйіспеншілікке сәйкес келеді.
https://kaz.caravan.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через