Қазақ тілі үшін күрескен азамат

Қазақ тілі үшін күрескен азамат
фото: kazgazeta.kz

Руханият шамшырағы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлылығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды», – деп жазған-ды. 

Осы орайда ұлт тілінің қоғам өміріндегі тағдырын ойлаған Сәкен Сейфуллин 1923 жылдың өзінде «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» (15 ақпан), «Кеңсе істерін де қазақ тілінде жүргізу керек» (9 маусым), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу» (25 маусым), «Қазақстанның губерниялық һәм уездік исполком төрағаларының құлақтарына» (3 тамыз), «Не қылдыңдар?» (15 тамыз), «Қазақстанның Заң комиссариатына теңеліңдер» (19 қыркүйек), «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» (22 желтоқсан) дейтін көкейкесті мақалалары түйдек-түйдегімен жарияланды, тағдыранықтағыштық ой-тұжырымдары тізбек-тізбегімен меруерттей тізілді. «Қазақ тілін мекемелерде жүргізу турасындағы сегізінші мақаласы «Ашық хат» деген атаумен 1924 жылғы 17 наурызда «Еңбекші қазақтың» нөмірінде жарық көрді. Тіл майданының күрескері С.Сейфуллиннің лек-легімен толғаныспен жазылған жарияланымдарындағы келелі кеңестер, мағыналы, тұрлаулы кесек-кесек ұсыныс-пікірлер мейлінше жанартаудай қуатты, дертке дәрмен еді. 
 Өйткені ол – қайраткерліктің, көшбасшылықтың абыройын шыншылдықпен, сыншылдықпен жоғары ұстаған дегдар Қазақ Кеңестік Социа­листік Автономиялық Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы әрі «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, Оқу-ағарту Халық комиссарының орынбасары. Ақиқатында, жоғары лауазымы да, маздаған ойы да, ұлтжандылық алапат айдынды болмысы да, берекелі харекеті де бір-біріне сайма-сай дүлей қара құ­йынға қарсы ұшатын үздік жаралған сайыпқыран еді. Сондықтан Сәкеннің орасан отты сөзі, өткір орынды ойлы пікірі – қазақ сахарасын тау көшкендей жаңғыртқан қара қылды қақ жаратын айқын ақиқат сөз деуге лайық.

Мыңжылдық тарихы бар қазақ тілі, Сәкенше айтқанда, «отаршылдық арам ойлылықтың», қитұрқы саясаттың кесапатынан нәуетек күйге, мүсәпір халге түсті. 

1923 жылы қазақ тілінің кеңсе ісқағаздарында қолдануға қатысты мемлекет қайраткері С.Сейфуллин билерше толғанып, сұңқарша шүйіліп, дабыл қақты. 
Асан қайғы, әз Жәнібек, Бұқар жырау сынды көріпкел ойшылдар күнбатыстан жеті басты жалмауыз жұлқынып шығатынын, күншығыс елін бүтіндей жұтатынын, ойран-топырын шығаратынын түйсінді. Ақыры, алпыс екі айлалы отарлаушылар киіз туырлықты, ошақтың үш бұтындай алтын босағалы Қазақ елін құбыжыққа айналдырды. 

Сәкен қазақтың көрген қорлық-зомбылығын былайша сөйлетеді: «Орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты біртүрлі мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қияпатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен карап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды...
Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда «ах, ты, Палкан, киргиздан да жамансың!» дейтін болды...»
«Қырға шыққан шабармандары, жасауылдары қазаққа зорлық қылғанда, қазақты қорқытқанда көзін алартып, тісін қайрап: «у, у, у киргиз-з!!!» дейтін болды».

Қайраткер Сәкен: «Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» - деп, парасат биігінен үн қатады.
Отаршылдық саясат, шовинистік пиғыл, тасбауырлық, менмендік – қазақ жұртына құлдық сананың қамытын кигізіп, құрдымына батырды. Отырса опақ, тұрса сопақ халге түсті. «Күшігінде таланған ит түлкі алмайды» дейтін тәмсілдің ақиқаттығы айқын көрініс тапты.
«Әрине, қазақ – бұрынғы өгей әкеден кемдік көріп қалған жетім бала».
«Сол бұрынғы қорғалауық болып қалғандықтан, ешбір ірі жұмысқа қасқайып кірісіп, серке болып бастай алмай отыр».
«Қырманын дөңге салған» Сәкен, Ахаңша түп-тұқиянын қопарып айт­қандай, «қазақтың тірі я өлі болу мәселесінде» төтенше іскерлік танытып, арыстанша арпалысып, кеңселерде ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізудің жолдарын, әдіс-тәсілдерін, «жанды-жансыз бөгеттерін» кешенді түрде талдап түсіндірді. Оның сарабдал сара пікірлері мынадай:
«Мекемелерде істі қазақ тілінде жүргізу бір кісінің айтуымен болатын нәрсе емес, көптің күшімен, жалпы, ынтамен, тегіс жұмылумен болатын нәрсе».
«Жоқты бар қылады деген, ауыр қиындықтарды жеңеді деген қызмет басындағы жігіттер құр уайым айтатын түрі бар. Құр «бұған қаражат керек, бұған анау керек, бұған мынау керек» деген сөздерді айтатын түрлері бар.
Жалпы, ынта бөліп, жігер, қайрат болса, өз-өзіне сенген кәміл иман болса, ер жігіттің істей алмайтын ісі жоқ».
«Әртүрлі себептер айтады. Ақша жоқ дейді. Қазақша іс жүргізуді білетін кісілер жоқ дейді әм толып жатқан сары уайым, қауіп-қатерлерді жаңбыр­дай жауғызады.
Әрине, ол белгілі. Ынтасыз іске, көңілсіз іске сансыз бөгет, сансыз уайым табуға болады. Бірақ, біздің айтуымызша, бұл іске бөгеттің көптігі басқа себептерден. Себептің ең алды – іс басындағы адамдардың бұл іске шындап кіріскен ниеттерінің жоқтығы, ынталарының жоқтығы».
«Екпінді ынта болса, шын ниет болса, қандай болса да іс осындай бірте-бірте жүріп кетпек».
«Орысша сөйлесең, «білгіш» көрінесің, қазақша сөйлеп, қазақша жазсаң, «білмейтін» болып көрінесің». 
 «Мәселен, Орал губерниясында орысша орта дәрежелі мектеп бітірген елу қазақтың списогі қазір менің қолымда. Бұлар қызметтен қашып елде жүргендер. Мұндай сұмырайлар талай жерде бар».
«Әм жұрт қатар ақы алып қызмет қылудан қашып жүрген сұмырайларды қай ретпен болса да іске жегу».
«Қазақ тілін сіздер төменнен жоғары қарай жүргізіңіздер. Біз жоғарыдан төмен қарай жүргізейік».
Осындайда тағы бір керемет жайт еске оралады. 1863 жылдың 7-нші сәуірінде Петербург университеті Шығыс тілдері факультетінің оқытушысы, тіл маманы Хұсаин Файзханов (1823–1866) мұраттасы Шоқан Уәлихановқа былай деп жазған: «Қазақтың бұрынғы замандағы судопроизводствосыны, һам ханларының, билерінің праволарыны, һам мирас хақындағы заңларыны, қарындашылық құқықларыны, той, байрам ғибадатларыны, бек ару қазақ тілінде язсаңыз еді, мен мұны хрестоматияға язар едім. Андан екі түрлі файда болұр еді: һам тіл үшін, һам этнография үшін». 

Тіл – ұлт жүрегі! Тіл – ұлт рухының айнасы! Тіл – тәлім, білім, даналықтың негізі!

Асылы, С.Сейфуллин ұлттың сана-сезімін, дүниетанымын, зердесін оятудың ең бір тиімді жолы – ой қозғау, ойыңды жанды пікірлеріңмен, жалынды істеріңмен тұжырымдау, дәлелдеу екенін түсінген.
«Оқу-білім майданында» (1924) тіл қолдану мәдениетіндегі «даулы, теріс қолданып жүрген сөздер», емле (жазу) мәселесіндегі «шатақтар» сөз болады. «Қазір тіл сөз қолданудан шатақ болып барады», «бір мағынаға әркім әртүрлі сөз қолданып жүр» деп, жөнсіздіктерді көрсетеді.
Жазу мәдениетімен қатар, сөйлеу мәдениетінің жайын былайша әңгімелейді: «Қазақша сөйлегенде мұздан жүрген тайынша ұсап тұғжыңдап сөйлей алмайды». («Орал қаласы», 1923)
Елді сергітіп ояту, дабыл қағып, жалынды сөз айту, «тура, түзу тәрбие», «түзу білім» беру, білім жүйесін жетілдіру жолында еңбектену – ұлт қайраткері, қазақ тілінің қызғыш құсы Сәкен Сейфуллиннің гуманистік қағидаты, патриоттық ойы мен ісінің темірқазығы.
Әсіресе баспасөз майданында «айлалы тәсілдерімен» халықтың ой-санасын улайтын, ар-намысын, рухын теріс пікірлерімен шырмауықша шыр­майтын арамзалардың жолын кесу, қара нардай шөккен қырсықтардан арылу, тазару шарт. Тәрбие-білім, баспасөз ұлы идеяларға жүгінгені жөн. Сондықтан С.Сейфуллинше пайым­дағанда, «Ашық, қан майданында қару-жарақпен қарама-қарсы шыққан жаудан да, ішіне кіріп алып, бір шатырдың астында, өзіңмен бір көрпе, бір тон жамылған жау жүз есе қауіпті, жүз есе сұм, жүз есе жауыз болмақ һәм бұлармен күресуге білімді, ыңғайлы, зейінді азаматтар өте көп керек» («Баспасөз майданында» (05.04.1924). Яғни – баспасөз – тәрбие мен білімнің құралы. Ендеше, өнегелі өнер, терең білім, жоғары көзқарас, жаңаша таным-пайыммен мұздай қаруланған тәжірибелі көшбасшы тұлғалар болса, әлеумет те әлеуетті, келешегі кемел, заманы сәулетті болар еді.
С.Сейфуллиннің тұлғасында «халық ағасы» мәртебесіне орайлас кемелдік, тереңдік, көсемдік бар. Мұндай қасиеттердің түп төркіні неде дегенде «Адамның мінезіндегі кемелдік дегеніміз, – деп түсіндіреді әл-Фараби, – оның жаратылыс болмысындағы кемелдік». «Көркем мінез бар болса», оны қорғай-сақтай білу құнттылығында. Сондай-ақ теориялық, интеллектуал­дық, этикалық ізгіліктерінің, тәжірибелік машық-істерінің молдығынан. Және де әрбір нәрсеге ой жүгірте білу, зер салу, ақыл қуатын жұмсау, болмысты тану, ұядан не көргені, естіп-тоқығаны, көңілге түйгені және үйренген білімді қызметінде қолдана білгені. Бұл ретте Сәкеннің естелігіндегі сырларына ортақтасайық: «Біздің өзіміздің ауылда да, отбасыда да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді.
...Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам кешке отбасыда отырғанда әңгімешіл, ертекші болады, кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады...
Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және отбасыдан алынған «сабақтар» құлаққа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертек өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді» (1931 жыл, 10 май. «Жаңа әде­биет» журналы, 1932 жыл, №7)
«Білімнің түбірі, негізі» отбасы өмірінен мықтап өріледі екен. С.Сейфулиннің рухани жетілуінің басты себепкері – халық әдебиеті, елдің әңгімешілдік өнері, даналық өнегесі, естілердің тәжірибесі.

С.Сейфулиннің асыл мұраты – салиқалы, білікті ұрпақ тәрбиелеу.

 Алайда дәуір мәліметтеріне, замана суреттеріне, ұлттық һәм жалпыадамзаттық құндылықтарға бай қымбаттан да қымбат газет-журналдарды, әдебиеттерді оқымау, тағылым-тәжірибелерінен безу – хайуандық. 
Газет, журнал, кітап оқымайтын адам өмірін босқа өткізген, қалың, сапырылысып, асығып қайнаған топтың арасында мең-зең болып, қақтығып, адасып қалған пенде.
ХХІ ғасырдың 1-ширегінің шәкірттері әлеуметтік желі шылауында. Ал олардың тәлімгері де сондай енжар. БАҚ дегеніміз ұлттық идеяның насихатшысы. Алаш көсемдері газет-журнал шығаруға жанқиярлықпен бейнеттенді, отқа да, суға да түсті. Тәуекелділік танытты. Ұлт мұраты жолында мың машақатты бастан кешірді. 
«Надан адам газет, журнал оқымайды. Газет, журнал оқымаған адам соқыр, мүгедек» («Қазақ жұмыскер, кедейлері газет-журнал оқулары керек». 10.10.1922).


«Қазаққа оқу бұрын бір мәртебе керек болса, енді мың мәртебе керек болды. Қазақ алдындағы болашағын ойлауы керек!» деп түйін жасайды. («Әр қазақтың жадында оқу болсын». 24.11.1922 ж.)

«Қып-қызыл жалындай жайнаған» жеткіншектердің ілім-білім, баспасөз, саясат, мәдениет майданында келешектің озық ойлы тұлғасы болып қалыптасу үшін: ар-намыстан жаралғандықтан, бойына ұлт тілінің рухын, асыл қасиеттерін терең ұялатқандықтан, өмір-тіршілік, тұрмыс, тағдыр, әлеумет жайы жөніндегі жайттарға философия­лық көзқарас танытатындықтан, әр нәрсенің себебі мен салдарын қыран көрегендікпен саралайтындықтан, адам өмірінің мән-мағынасын жіті танығандықтан, өсіп-өнген ортасының тілегін түбегейлі барлағандықтан, жанды суреттерге бай алмастың асылындай сап таза толғаулар туындатады.
«Ойыншықпен жазғам жоқ ешбір өлең,
Жеңіл қарап жүрмесін, қылмай елең.
Қараңғы мен жарықты өлең қылдым,
Махаббат пен қасірет түбі терең».
(«Автомобиль», 1923 жыл, 
14 қазан, Орал, Теке)

Заманынан озып туған маңдайы күндей балқыған саңлақ респулика аймағында кеңсе ісқағаздарын бүтіндей қазақ тілінде жүргізу бағытында отаншылдық, елшілдік, мемлекетшілдік істерде де бар болмысымен тұтас беріліп, кісілік, ірілік, тұйғындық танытып, тарих алдында қазақтың қайғысын қабырғасы қайысқанша көтерген қара нар ұятқа қалмайтындай тамаша ғибрат-насихат қалдырды.
Сәкеннің аманаты – қазақ тілінің бақ-базарын қайта жаңғыртып-жаңарту, асқақ тұғырына қондыру.

Серік Негимов,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері,
филология ғылымының 
докторы, профессор

Материал kazgazeta.kz сайтынан алынды.