фото: https://pixabay.com/ru/
Помпей археологиялық саябағында өз атын қашап жазып кеткен түркістандық туристі тұтқындау мәселесі тағы көтерілді.
Помпей археологиялық саябағындағы Цеев үйінің қабырғасына "Ali" сөзін жазған қазақстандық туристің әрекеті мәдени вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату жайлы пікірталасқа себепші болды.
Саябақ директоры Габриэль Зухтригель қазақстандықтың іс-әрекетін мәдениетсіздік, ал туристің өзін қылмыскер деп атады.
Бұзақылық жасайтын келушілердің көбеюіне байланысты италиялықтар заңнамалық түзетулерді бастады, ол құқық бұзушыларға мәдениетсіздігі үшін айыппұл төлетіп қана қоймай, сонымен қатар мүліктің зақымдалған бөлігін қалпына келтіру шығынын жабуға міндеттейді.
Ақшамен жазалау және оны бүкіл әлемге жеткізу — бұл Италияда қабылданған вандалдармен күресудің жаңа тұжырымдамасы.
Археологиялық саябақтың сайтында қазіргі уақытта техникалық сараптама жүргізіліп жатқандығы, содан кейін туристке есепшот ұсынылатыны айтылған. Осы жылдың сәуір айында күшіне енген Италияның жаңа заңының арқасында елдің ескерткіштері мен басқа да мәдени нысандарына келтірілген залал үшін 10 мыңнан 60 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Теңгеге шаққандағы құны 5 млн-нан 30 млн теңгеге дейін жетеді.
"Біз Қазақстандағы және басқа елдердегі мәдени вандализм үшін жаза шарасын салыстырдық. Біздің республикамызда өз есімін ескерткішке жазып, тарихта өз ізін қалдырғысы келетіндерге қолданылатын айыппұлдың мөлшері дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, кәмелетке толмаған қазақстандық вандалдардың ата-аналарына 55,4 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Ал ересек құқық бұзушы түзету жұмыстарына жіберілуі немесе 40 күнге дейін қамауға алынуы мүмкін. Тек заңсыз археологиялық қазба жұмыстары үшін — 18,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін", - деп жазды портал.
Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда тарихи-мәдени заңдарды бұзуға байланысты 50 әкімшілік іс қаралды. ӘҚБтК-ні бұзудың тағы 65 фактісі "кәмелетке толмағандардың вандализмі" бабы бойынша тіркелді.
Қазақстандағы ашық аспан астындағы мәдениет пен археологияның тарихи ескерткіштеріндегі вандализмге сарапшылар қатты алаңдаулы. Қоғам белсенділерінің айтуынша, вандалдардың әрекетіне қатаң тыйым салмаса жақын арада Қазақстанның мәдени-көрнекті жерлері 25%-ке жойылып кетуі мүмкін.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через