фото: https://pixabay.com/ru/
Баланың абайсызда биіктен құлап, мертігіп қалатыны көрші елдерде де күрмеулі мәселе.
Өзбекстанда мұндай оқыс оқиғалар бұған дейін жиі тіркелетін. Ал биыл азайып отыр. Жергілікті жұрт та қайғылы жағдайдың алдын алуға айрықша ден қойған.
Рауан Мыңбаев, тілші: - Өзбекстанда баланың терезеден құлау жағдайы қазір тым жиілеп кетпесе де, халықты алаңдататын хәлде. Бұған дейінгі жылдарда болған оқиғалар қаперден шыққан емес. Жергілікті ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мұндай деректер тез таралады. Шетелде болып жатқан қайғылы жағдайлар да өзбекстандық қоғамды алаңдатады. Сондықтан жергілікті билік бұл бағытта ақпараттық-танымдық іс-шараларды көбейткен. Халыққа түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады. Көпқабатты үй тұрғындарына нұсқаулық таратылып, ойын балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертіледі.
Одан бөлек, терезеге арнайы қорғаныш торын орнату қалыпты үрдіске айналғандай. Мұндай қызметті іске асыратын мекемелер кез келген биіктіктегі тапсырысты орындап беретін болған. Себебі сұранысқа сай ұсыныс та көбейіп жатыр. Бұл саладағы мамандардың айтуынша, 4-ші және 5-ші қабаттан жоғары пәтер иелері қорғаныш торын орнатуға көп өтініш беретін көрінеді. Соңғы кезде құрылыс нарығындағы терезе жасаушылар да қалыптасқан жағдайға бейімделіп келеді. Балалар үшін қауіпсіз жүйесі бар есік-терезелерді ұсынуға көшкен. Бастысы – бүлдіршіндердің қауіпсіздігі. Ата-аналар да жиі алаңдай бермейді. Жалпы бұған дейінгі жылдарда Ташкент және Самарқандта балалардың терезеден құлап мертіккені жайлы ақпарды жиі естуші едік. Биыл мұндай жайттардың біршама азайғаны байқалады. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, елде оқыс жағдайды барынша алдын алуға баса көңіл бөлініп жүр.
https://24.kz/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через