фото: pixabay.com
Олимпиада ойындарын өткізу ойындар басталғанға дейін-ақ миллиондаған долларды жұмсауды қажет етеді. Kazinform бұл материалда үлкен қалалардың Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) қалай өтінім беріп, қандай инвестиция салып, қалай дайындалатынына талдау жасайды.
Жоспарлау, кеңесшілерді жалдау, шараларды ұйымдастыру мен қажетті іссапар кіретін алдын ала есептеу әдетте 50-ден 100 млн-ға дейінгі доллар болады. Мысалы, Токионың 2016 жылғы сәтсіз өтінімі шамамен 150 млн долларға шықса, 2020 жылғы олимпиада ойындарына берілген сәтті өтінім соның жартысына тең болды. Сондай-ақ Торонто шығын 60 млн долларға жоғары болып, қиын тигендіктен, 2024 жылғы олимпиаданы өткізуге берген өтінімін қайтарып алды.
2017 жылы 2024 жылғы олимпиаданы өткізуге өтінім беріп, оны жеңіп алған Париж бастапқыда бұл оқиғаға 8 млрд доллар бөлді. Алайда содан бері бұл бюджет бірнеше млрд долларға көбейді.
S&P Global Ratings талдауына қарағанда, шығыстар операциялық шығындар мен жаңа инфрақұрылымға тең бөлінген. Егер Париж шығынды осы шамада ұстап тұрса, соңғы онжылдықтардағы ең үнемді жазғы ойындарды өткізеді.
Осыған дейінгі нысандарды, мысалы, теннистен Франция ашық чемпионаты және 2016 жылғы футболдан Еуропа чемпионаты үшін салынған стадиондарды пайдаланған қала өз шығындарын бақылай алды. Бұдан бөлек, іс-шаралар Лион, Марсель және Ницца сияқты қалалардың стадиондарында өтеді. Осындай іс-шараларға қарамастан, Париж олимпиадалық ауылға кеткен 1,6 млрд долларды қосқанда, инфрақұрылымға 4,5 млрд доллар салды, бұл бастапқы бюджеттің кемінде үштен бірінен асып түсті.
Уақытша салынған құрылымдарды пайдалану, іс-шараны телевизияға түсіруге табиғат көріністерін лайықтау Париждің үнемді олимпиада өткізудегі негізгі стратегиялық тетіктерінің бірі. Бұл жаңа тұрақты құрылыстар санын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, алдағы аптадан бастап Эйфель мұнарасы жағажай волейболы мен көзі көрмейтіндерге арналған футбол үшін көрініс береді. Ал Версаль сарайы ат спорты жарыстарын қабылдайды. Олимпиаданың ашылу рәсімі Сена өзенінде өтеді. Бұл олимпиада Париждің көрікті жерлерін көрсете отырып, қуатты жарнамалық іс-шараға айналмақ.
Алайда «Мереке өткеннен кейін мұның тиімділігі қанша уақытқа созылмақ?» деген сауал көлденеңдейді. Туристер санының күрт көбеюінен басқа, Париж инвестициядан 9 млрд доллар көлемінде ұзақмерзімді пайда алып қалуға тырысады.
«Біз олимпиаданы өткізу арқылы қаланы жасылдандыруға тамаша мүмкіндік алдық. Біз қоғамдық орындарды, қоғамдық көлікті, өзенді қайта түлеттік, бұл олимпиада ойындарынсыз ондаған немесе одан да көп уақытқа созылар еді», - деді 2014 жылдан өткен аптаға дейін Париж мэрінің қаланы жоспарлау мәселелері бойынша орынбасары міндетін атқарған Эммануэль Грегуар.
Ateliers 2/3/4 сәулет фирмасының өкілі Лор Мерио қарапайым, тиімді және әдемі құрылымдарды жасай отырып, аз шығындармен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап көрсетті.
Басқа да мақсаттарға, әсіресе, қауіпсіздікке жұмсалатын шығындар олимпиада ойындары бюджетінің елеулі бөлігін құрайды. 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін қауіпсіздікке кететін шығындар күрт өсті. 2000 жылғы олимпиаданы өткізген Сидней бұл мақсатқа 250 млн доллар жұмсаса, төрт жылдан кейінгі Афины шығыны 1,5 млрд доллардан асып кетті. Одан кейінгі ойындарда 1-ден 2 миллиардқа дейін қаржы жұмсалды.
Тағы бір мәселе – олимпиададан кейін пайдаланылуы шектелетін қымбат нысандар. Бұл нысандарды ұстап тұру көптеген жыл бойы қаржылық салмақ түсіруі ықтимал.
Сиднейдегі олимпиада стадионын ұстау үшін қала жыл сайын 30 млн доллар жұмсайды. Бейжіңдегі құрылысына 460 млн доллар кеткен «Құс ұясы» стадионының қызметіне жыл сайын 10 млн доллар жұмсалады.
Бұл стадион 2008 жылдан 2022 жылы қысқы олимпиадалық ойындар өткенге дейін аз пайдаланылды.
2004 жылғы олимпиаданы өткізу үшін Афиныда салынған нысандардың көпшілігі Грекияның қарыз дағдарысына әсер етіп, қазір қараусыз қалған. Монреальдағы «Үлкен О» (Big O) деп аталған стадионға көп шығын кеткендіктен, оны «Үлкен қарыз» (Big Owe) деп атайды. 2024 жылы Квебек үкіметі стадионның шатырын үшінші рет ауыстыру үшін 870 млн доллар жұмсауды жоспарлады. Адамдар мұндай шығынға барғанша, стадионды сүріп тастауға шақырды.
Экономистер олимпиадаға кететін шығындардың басқа мақсаттарға бағытталуы мүмкіндігін айтады. Ойындарды өткізуден кейінгі қарызды өтеу мемлекеттік бюджетке ондаған жылдар бойы салмақ түсіруі ықтимал. Монреаль 1976 жылғы қарыздан тек 2006 жылы құтылды. Ал Грекияның қарызы оның банкротқа ұшырауына соқтырды. Мәліметтерге қарағанда, Сочиде өткен 2014 жылғы қысқы олимпиада ойындары ресейлік салық төлеушілерге алдағы уақытта жыл сайын 1 млрд дерлік долларға түседі. Кейбіреулер Сочидегі пайдаланылмайтын стадиондар мен салынған нысандарға қаржының босқа рәсуа болғанын нықтаса, тұрғындардың біразы ойындардың жол, сумен қамту және басқа қоғамдық инфрақұрылымдарға инвестиция салуға оңды әсер еткенін алға тартады.
Бразилияда 2016 жылғы Рио олимпиадасының құны 20 млрд доллардан асты, қала осыдан кемінде 13 млрд алды. Қаржы жетіспеуі салдарынан полицияға кететін шығынды жабу үшін федеральдық үкіметтен 900 млн доллар көмек сұрауға тура келді. Қаланың мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеуі де қиындады.
Міне, олимпиада ойындарын өткізу сол ел, сол қала үшін үлкен мәртебе болғанымен, оның осындай экономикалық астары да бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через