фото: Әбдімәлік Садықұлы
Зұпар ағамыз да дүниеден озып, мәңгілік мекенін тапты. Саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған ағамыз көпшіл әрі еңбекқор жан болатын. Кезінде абыройлы азаматтың кісілік келбеті туралы жазған екенмін. Көпшілік Зұпар ағамыз жайлы біліп жүрсін деген мақсатпен сол жазбамды өздеріңізге ұсынуды жөн санадым.
Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
М І Н Е З
Мінез деген кімде жоқ. Өмірде қанша адамға жолықсаң сонша мінезге куә боласың. Бір көргенде түсі суық, қатал болып көрінетін кейбір адамдар араласа келе табиғаты өзгеше, жаны жайсаң жан болып шығуы да ғажап емес. «Адам сөйлескенше...» деп, тегін айтылмаса керек. Сондай күрделі де ерекше мінез иелерінің қатарына бүгінде арамызда елеусіздеу болып жүрген Зүпар ағамызды жатқызсақ қателеспейміз. Зүпекең табиғатында тәртіптің адамы. Сондықтан да болар, оның өзіне тән ерекше ұстанымы бар.
Фото Әбдімәлік Садықұлы.
Сатира сардары Садықбек Адамбеков ағамыз өмірінің соңғы жылдарын Арыста өткізді. Қасынан Зүпар інісін бір елі тастамайтын. Әр іске сын көзбен қарайтын сары шалға серік болу қиынның қиыны. Десек те, ағалы-інілі осы екі тұлға иықтасып, қанаттасып бірге жүрді. Көп іс тындырды.
--Зүпар,-дейді қиқар шал.
--Не...е...е?!
--Осы тойғаныңмен үйіңе қайт.
Әдемі – ақ өріліп келе жатқан жазуын тоқтата салып, бірден оқыс шешім қабылдаған ағасына:
--Бастаған істі бітіре салмадық па? – дейді інісі таңырқап.
--Уақыт болса түн жарым болды. Денсаулық та керек. Оның үстіне саған беретін жартылығым да таусылды. Ертең ертелеп кел, – деп шорт кеседі айтарын.
Фото Әбдімәлік Садықұлы.
Ертесіне таң атпай жазу машинкасына жайғасқан інісін көрген сақалды шал да қуанғанынан дегбірі қалмайды.
--Ай, осы сенің тәртіптілігің-ай! Ай, осы сенің еңбекқорлығың-ай!-деп жүріп өз қолымен шай демдеп, бір сәтте дастарқанды да жайнатып салады. Қайдан шыққаны белгісіз кеше кешкісін таусылды деген жартылығы да көп ұзамай дастарқан басынан орын алады мөлтілдеп. Сары шал көңілді болса жұмыс түн жарымға дейін жалғасады. Ал, кейде жақсы сөзін айтып отырып-ақ бір сәтте бұлқан-талқаны шығып, алдындағы адамын орақ тілімен орып алатын жағдайы тағы бар. Айтқанын екі етпейтін, адуынды ісіне ақылмен жауап беретін, кей-кейде қалтасындағы көк тиынына дейін «өз еркімен» шығарып бергізетін әріптес інісіне сары шалдың ризашылығы зор болатын.
--Зүпар сенімді жігіт. Ол тәртіптің адамы,-деп отыратын жарықтық.
Тегінде Зүпар ағамыз елеусіздеу жүргенді жақсы көреді. Үлкендер айтушы еді: «Нағыз адамды елеусіз жүргендердің арасынан ізде» деп. Жалпы, елеусіз болуды мінез-құлыққа айналдыру да ұлылықтың белгісі. Өзгенің қуанышына өзі жеткендей қуанып, ал, өзіне келгенде сараңдық танытатын мінезі Зүпекеңнің пендешіліктен аулақтығы.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
Өткен жылдың басы болатын. Газетіміздің жарық көргеніне 75 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында басылымның бірқатар қызметкерлерін лайықты сый-құрметке ұсыну мақсатында қала әкімі Қанат Жамалбекұлының алдына кіруге тура келді. Зүпекеңді «Арыс қаласының Құрметті азаматы» атағына ұсындық. Басқа-басқа қала әкімі Зүпекеңнің қаламы ұшқыр қаламгерлігін, азаматтығын жоғары бағалайтындығын айтып, бұл ұсынысқа құрметпен қарайтындығын жеткізді. Ендігі тірлік қалалық мәслихаттың сессиясында шешілетін болғандықтан халық қалаулылары Зүпар ағамыз туралы ой-пікірлері қандай болатындығы бізді қатты қызықтырды әрі қобалжытты. Себебі, «Қаланың Құрметті азаматы» атағы ел алдындағы еңбегі елеулі, лайықты деген он-ақ адамға беріледі. Құрметті атақтан үміткелер саны елуден асып жығылады. Таңдау жасайтын сын сағаты да келіп жетті. Үмітімізге үкі тағып, біз отырмыз. Қалалық мәслихаттың сессиясы төрінде Зүпар Мүсілімов ағамыздың аты аталғанда оның адалдығы мен азаматтығы, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы үстемдік құрды. Аудан көлемінде мұндай ең үлкен атақтың берілуі оның өзінің аға ғана емес, бүкіл қалам ұстаған журналистер қауымының, мәдениет пен өнер иелерінің абыройы екендігін сезіндік. Күнделікті күйбең тіршілікте елеусіз болып жүретін ағамыздың аты осылайша асқақтағанда елеусіздікті өмірлік мінез-құлыққа айналдырған азаматтың бұл қасиетін, үлкендер айтқандай, ұлылыққа баладық.
Фото Әбдімәлік Садықұлы
«Ат пен есектің ақыры бір болса, мінездес болады»,-депті атақты Мәшһүр Жүсіп. Мен білетін Зүпекең біреудің жетістігіне қуанып, қайғысына ортақтаса білетіні болмаса, пенденің несібесіне телміріп, сұғанақтық жасайтын жан емес. Қай жерде, қай ортада болмасын өзіне тән мінез таныта біледі. Өзгеге ұқсамайтын елден ерек мінезі оның жұрт байқай бермейтін иненің жасуындай икемділік қасиетінде шығар.
Елдің еркесіне айналып, құрметіне бөлене білген Зүпар ағамыз да биыл алпыстың асқарына шығыпты. Алпысқа келді демесең, сол баяғы еттен өтіп, сүйекке сіңген мінезі. Күй талғамайтын иір бұтақты сексеуіл секілді. Дұрыс пайдаланып, тұтата білсең, жылуын ұзақ әрі жайлы сезінесің. Балтамен шауып аламын десең – қателескенің. Себебі, ол өзінің қанға сіңген тектілігі мен түсінігіне, биік талғамдағы сана бостандығымен өмір сүретін азамат. Ондай жанның ділі де, адами болмысы мен табиғаты да бірқалыпты, берік келеді. Ақиқатында мұндай ерекше мінезді өнер адамына Алла сыйлайды десек артық айтқандық емес. Өз жолы мен шығар биігін әлдеқашан қалыптастырған осындай қабырғалы қаламгермен қолтықтаса, қадамдаса бір шаңырақта еңбек ету біз үшін үлкен құрмет, зор мақтаныш деп білеміз.
Әбдімәлік Ағыбай.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через