фото: pixabay.com
Гепатит – кең тараған жұқпалы аурулардың бірі. Басқаша атағанда, бауырдың қабынуы немесе «Боткина», «балалар гепатиті» деп те айтылады. Себебі бұл аурумен көбінесе мектепке дейінгі балалар және оқушылар ауырады. Гепатит А вирусы сыртқы ортаның жағдайларына, сонымен қатар дезинфекциялық құралдарына өте төзімді болғанымен қайнату кезінде жойылады. Сондықтан дәрігерлер қайнатылған су ішуге кеңес береді. Сұйықтық көп ішілетін жаз мезгілінде балаларды, ересектерді аталған кеселден қалай сақтауға болады? Аурудың алғашқы белгілерін қалай анықтай аламыз?
Алматы қаласы Жетісу ауданы санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің бас маманы Ақбота Құдасбек «Сапалы Қазақстан» тілшісіне гепатиттен сақтану жолдарын айтып берді.
Көбінесе вирус қайнамаған су немесе тамақ арқылы ағзаға еніп, жұғады. Соның ішінде ішуге жұқпалы суды қолданғанда немесе сол сумен көкөніс, жеміс-жидектерді жуған уақытта; суды жұта отырып, шомылған кезде; науқас адамның дайындаған тағамын жеген сәтте. Вирусты: тамақ; су арқылы: үйдегі қарым-қатынаста жұқтыруға болады, дейді Ақбота Құдасбек.
Маманның айтуынша, бұл аурудың белгілері тұмауға ұқсайды.
Науқаста бас ауруы, әлсіздік байқалады, кейде ыстығы көтеріледі. 2-4 күннен кейін науқастың кіші дәреті өзгереді, қара шай және қоңыр сыра түсіне ұқсас болады. Ал үлкен дәреті түссізденеді.Кейін сары аурудың белгілері пайда болады. Көзі беті, алақаны, өкшесі, денесі сарғаяды. Сары ауру кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлайды, дейді спикер.
Инкубациялық мерзімнің соңында науқас қоршаған орта, қоғам үшін қауіпті болады. Науқас сары түске енгенге дейін бұл ауруды жұқтырудан қауіптену керек. Сондықтан науқаспен қарым-қатынасқа түскен адамдар 35 күн - инкубациялық мерзімге дәрігерлік бақылауға алынады. Осы уақытқа науқастың болған жерлеріне карантин белгіленеді.
Фото pexels.com.
Гепатит А вирусын алдын алу:
1) Балалар ұйымында ауыз сумен қамтуды дұрыс ұйымдастыру.
2) Гигиеналық ережелерді сақтау. Бұл - тамақтанудың алдында және тамақтанғаннан кейін, әжетханадан соң қол жуу, жеміс – жидекті, көкөністі жылы сумен жуу. Арнайы берілген ыдыста сабынмен күнделікті ойыншықтарды жуу.
3) Науқасты анықтаған уақытта оны ауруханаға дереу жатқызып, ол қарым-қатынас жасаған жерлерді дезинфекциялап, карантин белгілеп, қарым –қатынас жасаған адамдарға дәрігерлік бақылау жүргізу. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар егілу керек. (Тұрғылықты мекенжай бойынша тегін жүргізіледі.)
Өз денсаулықтарыңызды сақтаңыз!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через