Ақыл қалта Бальтасар Грасиан

Ақыл қалта  Бальтасар Грасиан
фото: https://vk.com

        Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттеп, кейінгіге мәңгі мұра боларлық ақыл кітабын қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр бұрын жазылғанына қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген. Ол әлемдік пәлсапаның інжу-маржандарының бірі.

(Жалғасы. Басы 26 маусым санында)

20. АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық әрқашан салтанат құра бермейді: әр нәрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сәнге байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мәңгілік;  егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның еншісіне тимек. 

21. БАҚЫТТЫ БОЛУ ӨНЕРІ. Мұның бірқатар амалы бар, бірақ ақылды адамға оның бәрі бірдей жарай бермейді. Іскерлік табысқа әкеледі. Біреулер сәттіліктен үміт күтеді. Ақылдырақтары алға ұмтылады және өзіне сеніп әрекет етеді. Өйткені қажыр-қайрат қанатында бақытқа кездесуге болатынын біледі. Дегенмен бақытқа апарар төте жол - ізгілік пен ынта-ықылас жолы, өйткені ессіздіктен өткен бақытсыздық болмайтындай, саналылықтан асқан бақыт та жоқ. 

22. ЖАҒЫМДЫ БІЛІМ. Саналы зиялы оқымыстылыққа ие; ол көп жайдан хабардар және нәзік мәнерде ой жүгіртеді; одан әрдайым тапқыр сөздердің, керемет істердің үлгілерін табуға болады және ол оларды орынды жерінде қолдана біледі. Адамдар көсемсіген ғибраттан гөрі, тапқыр сөздердің астарында берілген кеңесті ынтамен тыңдайды. Еркін де өнегелі әңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық жеті өнерге* қарағанда көбірек пайдасын тигізеді. /*«Жеті өнер» немесе «ғылым» - грамматикадан, риторикадан, диалектикадан, арифметикадан, геометриядан, астрономиядан және музыкадан тұрған. Пәндердің мұндай бөлінуі алтыншы ғасырда енгізіліп, Еуропа университеттерінде он бесінші ғасырға дейін сақталды/.

 23. ӨЗІҢНІҢ ЕЛЕУСІЗ КЕМШІЛІГІҢЕ ДЕ ТӨЗБЕ. Бұл кемелдіктің белгісі. Рухани немесе дене кемшіліктерінсіз адамдар сирек кездеседі, бірақ көбіміз осы кемшіліктерден арылу жолын іздемейміз. Қасиеттердің керемет үйлесуін кейде болмашы кемістік бұзатынын көру ақылды адамды қапаландырады - бір тұтам бұлт та күнді қалқалай алады. Ізгі даңқ нұрындағы дақтарды адамдар бірден байқайды және табанды түрде оларды нысанаға ала бастайды. Өз кемшілігін жасырып, оны артықшылыққа айналдыра білу өнері ерекше бағалы. Мысалы, Цезарь  басының қасқасын лавр веногымен жасыру мақсатында Сенаттан венокты күнде киіп жүруге рұқсат алған; оған дейінгі дәстүр бойынша венокты тек салтанатты жағдайларда киетін еді.

 24. ӨЗ ҚИЯЛЫҢДЫ ЕРКІҢДЕ ҰСТА. Керек кезінде тежей біл, ал қажет жерінде қамшы бас өйткені ол біздің бар шаттығымыздың ұясы; сананың өзі кейде оның жетегінде болады. Ол - тиран. Армандауды қанағат тұтпай, әрекетке араласады, біздің өмірімізге қожалық етеді, оны өз қалауы бойынша қуанышты не мұңды қылады: біздің өзімізге риза -риза емес екеніміз көбіне оған байланысты. Ол біреулерді уайым-қайғыға батырады, ал басқаларды ләззат пен рахатқа бөлейді. Оны жоғары синдересис* ауыздықтамайынша, одан кез келген нәрсені күтуге болады. /*синдересис - дұрыс интуициямен үйлесетін нәзік түсінік/. 

25. КӨРЕГЕНГЕ МАДАҚ. Бұрындары ой жүгірту дағдысы бәрінен жоғары саналатын; енді бұл аздық етеді - қазір алдауды байқай білу, ең бастысы оны әшкерелей алу маңызды. Алды-артын көре білмейтін адамды ақылды деп айту қиын. Көңіл түкпіріндегіні біліп қоятын сәуегейлер болады. Біз үшін ең маңызды шындықтар тек жартылай ғана айтылады, бірақ зерек түйсік оларды тұтасымен қабылдайды. Егер саған мархабат етсе, өз сеніміңнің шылбырын бос ұста, ал егер саған жаулық ниет көрсетсе, делбеңді қағып, айдай жөнел.

 26. ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛУ. Адамдарды басқару өнерінің мәнісі осы. Оған өжеттік емес, ысылғандық, адаммен тіл табыса алу дағдысы керек. Әр адамның өз құштарлығы бар және олар әртүрлі, өйткені олардың табиғи бейімділіктері бірдей емес. Барлық адамдардың өз ардақтысы болады: біреулер қадір-құрметті ұнатады, біреулер - пайданың құлы, ал көпшілігі рахатқа берілгенді қалайды. Мәселенің мәнісі кімнің нені ұнататынын білуде және осыған орай оның көңілін табуда. Алғашқы себепті ізде: ол әрқашан жоғары мәнге ие бола бермейді, өйткені парасатты кісілерден гөрі, әдепсіз адамдар көп. Кісінің үстінен аңдаусызда шығып, оның жанды жерін таба білу және шабуылды нақ сол құштарлығына қарай бағыттау керек, сонда өз дегенімен жүретін адамды да жеңіп шығасың. 

27. БІРДЕН КӨП НӘРСЕГЕ ҰМТЫЛМАЙ, ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАУ. Ұлылықтың мәні санда емес, сапада. Асыл нәрсе әрқашан сирек кездеседі; көп нәрсе қадірсіз болады. Адамдардың арасында да бойы биік алыптардың әдетте ақылы қысқа болып келеді, Кейбіреулер кітаптарды олардың көлеміне қарай бағалайды, кітаптың қолды жаттықтыру үшін емес, бастың ойлануы үшін жазылатынын ескермейді. Тек көлденеңіне қарай өссең, қарабайырлықтың ауқымынан шыға алмайсың. Әмбебап адамдардың соры сол, олар бәрінен хабардар болуға ұмтылатындықтан, түбінде ештеңені жөнді біліп шыға алмайды. Тереңдік қана шынайы басымдық береді.

 28. АРЗАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ҚОЛДЫЛЫҚТАН САҚТАН. Әсіресе талғам жағынан. Оу, өзінің шығармалары көпшілікке ұнағанын білгенде қапаланған данышпан ғана ұлы*. Жаппай мадақтау ақылдының жүрегін айнытады. Хамелеондар ауамен қоректенетіні сияқты кейбір адамдар да тобырдың бас ұрғанынан ләззат алады, тобырдың жағымсыз иісі олар үшін Аполлонның саф демінен артық. Түсінік те осы сияқты: надандарды тамсандыратын немесе қорқытатын ғажайыптарға таңданба, тобыр ақымақ келеді, парасатты ойлау тек таңдаулылардың үлесі. /*Бұл сөз Сенеканың «Луциллияға адамгершілік хаттар» деген еңбегінен алынған/. 

29. ӘДІЛЕТТІ АДАМ. Ол үнемі еш қорқынышсыз әділдік жағында болады - тобырдың айғайы да, тиранның зорлығы да оны әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмайды. Табандылықтың сол фениксі қайда екен? Шындыққа табынатындар аз. Көпшілік оны мадақтаумен ғана  шектеледі, басқалар оны қауіп жоқ кезде ұстанады, ал жан алқымға келгенде оңбағандар одан тайқып шыға келеді; қу адамдар шындыққа адал болып көрінгісі келеді. Шындық достарға, билікке, өз пайдасына тайсалмай қарсы жүреді, осы сынақта көбіне оны сатып кетеді. Мекерлер жоғарғыдағылардың мүддесіне тимес үшін одан танады. Тек тура сөзді адам ғана әрбір жалғандықты сатып кету деп бағалайды; қырағылыққа қарағанда, өзінің табандылығын мақтан ететін ол әрқашан шындықты ұстанады. Егер шындық өзінің соңынан ергендерді тастап кетсе, тұрақсыз ол емес, олар; өйткені олар одан бірінші болып безіп кетті. 

30. ӨЗІҢДІ БОС ІСТЕРМЕН ӘУРЕЛЕМЕУ. Әсіресе бұл қылжақбастыққа қатысты, ол құрметтен гөрі, жек көру туғызады. Еркелік шіркеуінде секталар көп, бірақ өзін қадірлейтін адам олардың бәрінен бас тартады. Әдеттен тыстың да әуесқойлары бар, естілер қашатын нәрсенің бәрі оларды тартып тұрады; олар үшін ең жақсы рахат - өзгелерге ұқсамау; рас, мұнымен олар танымал болады, бірақ құрметтің емес, күлкінің объектісіне айналады. Тіпті ілім дәрістерінде де шектен шықпаған жөн.

https://qazradio.