фото: pexels.com
Бір жерге барсаң, сол жердің табиғаты мен тарихи ерекшелігіне көңіл бөліп, жақсылары мен жайсаңдарын сөзге тартқың келіп тұрады. Астанаға барған бұл сапарымда курстасым Дәулет досыммен бірге дүниежүзі картасында айрықша орын алатын сулы да нулы аймақтың бірі де бірегейі -- Ақмола облысындағы " Қорғалжын" қорығына барудың сәті түсті.
Дәулет қажы Тілеуберді Семей өңіріне танымал тұлғалардың бірі. " Ертіс -- ақпарат" ЖШС-ің директор-редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі. Бүгінде Астана қаласында тұрса да ұлылар мекені - Шыңғыс атырабы, Абай елінің бай тарихын тереңдеп зерттеп, індетіп жазудан жалыққан емес.
Сол күні барлық тірлігін ысырып қойып, менің ұсынысымды қабыл алған курстас досым:
- Қорғалжын арнайы барып тамашалаған жерім емес еді. Десек те, қай бағытта, қалай баратынын білемін,- деп, мені сол жаққа бастап, жолға шықтық.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Межелі жеріміз Астана қаласынан 130 шақырым қашықтықта екен. Қорғалжын кентін аудан орталығы демесең, Оңтүстіктің өлшемімен алғанда 5 мыңға жуық халқы бар шағын ғана бір ауылдық округпен пара-пар елді мекен. Қорықтың бас мекемесі осы жерге орналасқан. Біздің келісіміз сенбі күнге сәйкес келгендіктен мұражай қызметкері мен кезекші маманнан басқа ешкімге жолыға алмадық. Реті келіп, қорық директорының орынбасары Александр Сергейұлымен телефон арқылы хабарласып, қорық жайлы мәлімет алуға мүмкіндік алдық. Жануарлар мен құстардың ұя салатын жерлерін бұзбау үшін қорық жалпы көпшілікке жабық болғанымен журналист ретінде толыққанды мәлімет алуымыз үшін Александр Сергейұлы бізге ерекше жағдай жасап, қоқиқаздар мекеніне алып барды. Өзі өзге ұлт өкілі болса да қазақшаға ағып тұр.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы 1968 жылы 16 сәуірде құрылған. Аумағы 260 мың гектар жерді алып жатқан құстар мекені еліміздегі ең ірі қорықтардың бірі. Қорық аумағында ащылы-тұщылы 123 көл бар. Олардың ішіндегі ең әйгілісі үлкен және кіші " Теңіз" көлдері. Үлкенді-кішілі көлдердің бәрін атақты Нұра, Құланөтпес, Көң, Жаман көң, Жақсы көң өзендері суландырады. Оның ішінде Теңіз көлдерінің гидрологиялық қалпын сақтайды. Әлемде 8 құсжолы бар, яғни, қоныс аударып отыратын жыл құстарының 8 түрлі бағыты бар. Соның үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Теңіз - Қорғалжын көлдер жүйесі Орталық Азия - Үнді және Сібір - Шығыс Африка жыл құстары жолының қиылысы мен айрығында орналасқан. Сондай-ақ, бұл жер бүкіл Азиядағы ұшып өтетін құстардың ең маңызды сулы-батпақты алқаптары болып табылады.
Фотосурет Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорық қорынан алынды.
Елімізде Қорғалжын қорығын ұйымдастырудағы басты мақсат -- жыл құстары мен жергілікті қанаттылардың санын еселеп арттыруға жағдай жасай отырып, олардың биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, құстар әлемінің біз біле бермейтін құпияларын ашу. Әлем жұртшылығының назарын өзіне аударған ерекше құс -- қоқиқаздардың базарына айналдыру.
Қоқиқаз дегеннен шығады, қорықтағы 347 түрлі құстың ішінде дүние жүзінде өте сирек кездесетін қоқиқаздардың алатын орны өзгеше. Ерекше құс елімізде тек қана Теңіз көлінде ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қып-қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді.
Фотосурет Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорық қорынан алынды.
Фотосурет Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорық қорынан алынды.
Қорғалжындағы табиғи ортада тіршілік ететін қоқиқаздың үш негізгі түрі кездеседі: қызыл қоқиқаз, кіші қоқиқаз және қытай қоқиқазы. Қызыл қоқиқаз Теңіз көлінде және Үшарал үстіртінде ұялайды. Бұл құстың биіктігі 150 см-ге дейін барады. Салмағы 3 кг-нан асады.
Кіші қоқиқаз Құлсай көлінде, Теңіз үстіртінде мекендейді. Оның биіктігі 90 см-ге дейін жетеді және салмағы 2 кг-ға дейін тартады. Олардың негізгі түсі ақ және сұр. Бірақ, жеген қоректеріне байланысты түстері басқа реңдерге өзгеріп отырады.
Қытай қоқиқаздары шағындау болып келеді әрі сирек кездеседі. Оларды қорықтағы шағын көлдері бар шалғай жерлерде кездестіруге болады. Қытай қоқиқазы өте сақ әрі қамысы жоқ ашық жерді ұнатады. Тұзды көлде қамыс өспейтіні белгілі. Сондықтан, олардың мекені қамысы жоқ тұзды көлдер.
Қоқиқаздардың бәріне тән нәрсе - олар өзгеше пішінді тұмсықтарымен ерекшеленеді. Тұмсықтарындағы сүзу жүйесі олардың кір мен қоқысты жұтпай ұсақ организмдермен қоректенулеріне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қоқиқаздар күшті жұптық байланыстарды құрайтын құстар тобына жатады. Өздеріне жалғыз ғана өмірлік жұп таңдайды. Осындай қасиеттеріне байланысты көпшілік оларды махаббат символына балайды.
Қоқиқаздар сәуір-мамыр айларында ұшып келіп, қыркүйек пен қазан айларына дейін қорық аумағында болады. Осы кезеңде сулы-батпақты жерлерде қоректенетін және ұя салатын мыңдаған қызғылт қоқиқаздардың ерекше көрінісіне куә болу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін демалу орнына айналады.
Қорықта шешімін күткен мәселелер де жеткілікті екен.
Соңғы жылдары Нұра және Құланөтпес өзендерінің бойынан 25-30 мың гектар шабындық жерді суландыру үшін бірнеше бөгет салынған. Бұл жағдай көктемде Қорғалжын көліне су жеткізбей жүр екен. Соған сәйкес осы көлдің суы таязданып, шалшық сулар кеуіп қалуда. Осының салдарынан қызылқаз, аққу сияқты табиғат байлықтарының азайып бара жатқандығы байқалады. Бұл қорықты, шын мәнінде, құс базарына айналдыру үшін ондағы су деңгейін бірқалыпты ұстау мәселесін дер кезінде шешкен дұрыс.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Жыл құстары жаппай келетін мамыр айында нағыз құс базары басталады екен. Дәулет досым екеуміз келесі жылдың осы мезгілін белгілеп, арнайы келетін болып, келісіп кеттік. Біз келесі жолы құстардың сүйікті мекенінен, бұйыртса, көз көріп, атын есітпеген ерекше құстарды обьектив нысанына алып, көпшілікке қызықты да ерекше дүниелерді ұсынамыз деген үкілі үмітпен аттандық.
Әбдімәлік Ағыбай.
Арыс - Шымкент - Астана - Қорғалжын - Арыс..
15.07. 2024 ж.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через