фото: Әбдімәлік Ағыбай
Әйтеке би бабамыздың мерейтойы Өзбекстан төрінде қалың қазақтың басын қосты
Әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би бабамыздың туғанына биыл 380 жыл толып отыр.
Осы мерейтойға байланысты жақында «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қоры құрамында Өзбекстанның Науаи облысында қонақ болып қайттық. Қазақтың үш ұстынының бірі – Әйтеке би «Би атасы Сейітқұл» деген абырой-атаққа ие болған атақты Сейітқұл биден тарайды. «Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы – Жалаңтөс. Оның Бұхар, Самарқан, Гератта бас қолбасшылық, тіпті, билеушілік дәрежеге жетуінің де арғы астары осында жатса керек. Не де болса, Жалаңтөстің дәулеті мен беделі асқандығы сонша, Самарқандағы әліге дейін көздің жауын алатын Шердор, Тілләқарыны салдырады. Әз Тәукенің әкесі Салқам Жәңгір Жоңғар шапқыншылығын тойтармақ боп, қиын шатқалда шайқас салғанда, артынан 20 мың қол жіберіп, жеңіске жеткізеді. Тәуке тұсында Кіші жүздің ұлысбегі – Әйтеке, міне, осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры. Ақшаның үшінші ұлы Байбектен туады...». Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев осылай жазған.
Қазақтың атақты үш биінің бірі – Әйтеке бидің туған жылы да, дүниеден өткен мезгілі де, тіпті, мәйітінің қай жерде жатқандығы да күні кешеге дейін белгісіз болып келді.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Тыңғылықты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Науаи облысының Нұрата қаласындағы бабасы Сейітқұл әулиенің қасына жерленгендігі анықталды. 2008 жылы күзге салым Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтың үйлестіруімен «Сейітқұл баба – Әйтеке би» кесенесінің құрылысы басталып, 2009 жылы пайдалануға берілді. Баба тойы Нұрата қаласының кіреберісіне орналасқан "Сейітқұл баба – Әйтеке би" кесенесінен бастау алды.
Мавзолейдің сонаудан менмұндалаған қос мұнарасы көзге бірден шалынады. Сейітқұл әулиенің тұсындағы мұнараның биіктігі 9 метр, ал, Әйтеке би бейітінің үстіндегі мұнараның биіктігі 7 метр. Кесененің қасбеті 11 метрге жеткізіліп, мозайкамен өрнектеліп, құран сүрелері жазылған. Ұзындығы 15, ені 8 метр еңселі кесенеге үйлестіріліп салынған мешіт, мұражай, намазхана, субұрқақ нысандары да көпшіліктің сүйікті орнына айналған.
Атақты бидің мерейтойына қазақстандықтармен бірге Ресейден, Туркиядан, Германиядан, Қытайдан, Ираннан, Монғолиядан, Қырғызстаннан да қандастарымыз келіп, әруақтарға бағыштап құран оқыды. Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, ҚР-ың Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, Науаи облысының әкімі Нормад Турсуновтар жан-жақтан жиналған қалың қазақтың алдында сөз сөйлеп, екі халықтың арасындағы мәдени-рухани байланыстың тереңдей түскенін, қазіргі кезеңдегі қазақ-өзбек достық қарым-қатынасының екіжақты тиімді екендігін сөздеріне тиек етті.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Қаладағы Чашма бұлағы көне тарихи орын әрі Науаи облысындағы діни орталықтардың бірі екен. Ескі қорғанның түбінен бес тармақ болып бастау алған Чашма бұлағы үлкен тоғанға жиналып, одан әрі жан-жағы тау тастарымен шегенделген канал арқылы қала игілігіне пайдаланылып жатыр. Мөп-мөлдір бұлақ суында еркін жүзген балықтарда есеп жоқ. Мамандардың айтуынша, бұлақ суының құрамында 15 түрлі микроэлемент бар. Олардың қатарында алтын, күміс, бром, йод секілді тіршілік иелеріне өте пайдалы элементтер болғандықтан су түбіндегі ерекше балықтар қолдан қоректендіруді қажет те етпейді екен. «Қара балық» деп аталатын сазан тектес тіршілік иесінің желбезегі мен уылдырықтары улы болып келгендіктен бе, жоқ әлде, емдік қасиеті мол судағы балықтарды да қасиетті деп есептегендіктен бе оларға ешкім тиіспейді.
Бұлақ суының тағы бір ерекшелігі – қысы-жазы тұрақты түрде 19,5 градус жылылықта болады екен.
Діни орталықта қасиетті бұлақтан басқа екі мешіт, монша және көне қорған жайы бар. Көне мешіт XVI ғасырдың басында салынса, «Жұма» мешіті XVI ғасырдың соңында бой түзепті. Ел аузындағы аңыз бойынша, көне «Нұр қорғанын» Александр Македонскийдің (Зұлқарнайын) өзі салдырған дейді. Биік төбеге орналасқан көне қорғанның қабырғаларындағы жүрек пішіндес кірпіштердің Александр Македонскийдің заманындағы кірпіштермен сәйкес келетіндігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Түс ауа облыс орталығы Науаи қаласына қайта оралдық. Облыста 1 миллионнан астам халық тұрса, оның 200 мыңға жуығы облыс орталығының тұрғындары. Науаи таза әрі жасыл желекке оранған кеншілер қаласы. Жасыл шаһарды қақ бөліп Зарафшан өзені ағып жатыр. Облыс көлемі жағынан республикадағы ең үлкен әкімшілік бөлік болғанымен, халқы саны жағынан ең аз қоныстанған аумақ болып есептеледі.
Аймақтың 7 ауданында қазақтар көп шоғырланған. Облыста 350 білім ошағы болса, оның 58-і таза қазақ мектебі.
Қалада екі жоғарғы оқу орны бар. Науаи атындағы педагогикалық институт студенттері жеті бағыт бойынша қазақ тілінде білім алса, ал, Тау-кен университеті студенттерінің басым бөлігін қазақ жастары құрайды. Сонымен қатар облыста қазақ ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді. Қазақ тілінде үш газет жарық көріп, облыстық телевидениеде қазақ тілінде бірнеше бағдарлама тұрақты түрде көрсетіліп отырады.
Сол күні кешке қала халқы «Фархад» мәдениет сарайында Қызылорда облыстық филармониясы шығармашылық ұжымының концертін тамашаласа, ашық аспан аясында ән шырқаған қазақстандық эстрада жұлдыздары Ернар Айдар мен Наркенже Серікбаеваның гала концертіне 3 мыңнан астам науаилықтар қатысып, қошамет көрсетіп отырды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Келесі күні Қазақстан, Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстан, Қарақалпақстаннан келген суырып салма ақындар айтыс көркін қыздыра түсті. Халықаралық айтысты Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, айтыскер ақын, доцент Серікзат Мақсұтұлы жүргізіп отырды. Белгілі фольклортанушы, жазушы Берік Жүсіп, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының халық әртісі, композитор Алтынбек Қоразбаев, «Түркістан» газетінің редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, өзбекстандық айтыскер ақын Құлмахан Дүйсеновтер арқалы ақындардың өнерін бағалап, қазылық етіп отырды. Күндікке созылған сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені еліміздегі «Алтын домбыра» байқауының үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов жеңіп алып, «Кобальт» маркалы темір тұлпарды тізгіндеді. Бірінші орын Айбек Қалиевке, екінші орын Мұхтар Қонарбайға бұйырса, ал, жүлделі үшінші орынды Әсел Ережеқызы мен Сезімхан Шұғаев жеңіп алды. Айтысқа қатысқан өзге де өнер иелері баба тойынан құралақан қайтқан жоқ.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Іс-шара барысында «Әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би» атты көлемді жинақтың таныстырылымы мен тұсаукесері өтті. «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы Ербол Еркебаев мерейтойға арналған кітап пен арнайы жасалған естелік сыйлықтарды көпшілікке тарту етті. Сол күні волейболдан, күрестен жарыс өтсе, мерейтойдың үшінші күні шабандоздар көкпар тартып, Кенимех даласын ат дүбіріне бөледі.
– Әйтеке би бабамыздың 380 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Өзбекстандық қандастарымыз биік деңгейден көріне білді. Екі елдің ынтымағы мен бірлігін көріп, құрметіне бөленіп, елімізге үлкен әсермен кетіп бара жатқан жайымыз бар - дейді қарағандылық мәдениет саласының майталманы Мейірман Жашкеев.
Біздің де бұл тілекке алып, қосарымыз жоқ. Ең бастысы, Науаи облысы әкімдігі (әкімі Нормад Турсунов), Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығы (төрағасы Серікбай Үсенов) мен «Сейітқұл әулие – Әитеке би» қоғамдық қорының (төрағасы Ербол Еркебаев) қолдауымен өткен Әйтеке би бабамыздың 380 жылдық мерейтойынан алған әсеріміз мол болды.
Ұйымдастыру жұмыстарында «Төле би» қоғамдық қорының төрағасы Жарылқасын Ізбасаров пен «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбековтердің де қажырлы еңбектерін айта кеткеніміз жөн.
Әбдімәлік Ағыбай,
Шымкент – Ташкент – Самарқан – Науаи – Кенимех -- Нұр ата.
19.05.2024 жыл.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через