фото: pixabay.com
Жер шарында жыл сайын орта есеппен 320 мың адам шомылу маусымы кезінде суға кетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл әлемде күтпеген оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімнің үшінші себебі саналады. Әсіресе дамушы елдерде қауіп жоғары. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дамыған АҚШ-тың өзінде тәулігіне ондаған адам суға кетіп қаза табады екен. Әлемдік статистика көңіл көншітпейді. Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне не себеп?
Суға кетудің басты факторы – қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Яғни, тыйым салынған жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу сияқты әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға әкеп жатады.
Әлемде суға кету деректері көбейді
Әлемдегі өлім-жітімнің 7%-ін суға кету деректері құрайды. Әсіресе су құрбандарының ең жоғары көрсеткіші 5 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Мұнан кейін 15 пен 29 жас аралығындағы жеткіншектер мен жастар көп. Сондай-ақ әйелдерге қарағанда ер адамдардың суға кетуі екі есе жиі болады. Қайғылы жағдайға қауіпсіздікті сақтамау, таза суға қолжетімділіктің болмауы, жүзу ережелерін білмеу сияқты факторлар әсер етеді.
Дерекке сүйенсек, қара құрлықта өмір сүру деңгейі төмен Нигерия мен Эфиопияда, Азияда Үндістан, Бангладеш, Пәкістан, ал Латын Америкасында Бразилия мен Мексикада суға кету қаупі жоғары.
Жан-жағы мұхит-теңізбен қоршалған Индонезия, Малайзия, Жапония сынды аралды елдерде де қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Климаты тым ыстық Мысыр, Таиланд және Мароккода да шомылу кезінде суға кету деректері көптеп кездеседі.
Балалардың суға кету дерегі азаймай тұр
АҚШ-та жыл сайын 4 мыңға жуық адам суға кетіп көз жұмады. Әсіресе 1 мен 4 жастағы балалар арасында жиі тіркеледі. Көбіне нәрестелер үйде бассейн мен ваннада шомылу кезінде тұншығып, өліп кетеді. Ал 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер өзен-көлдерде суға кетеді екен. Былтыр бұл елде 10 мың адам шомылу кезінде ажал құшқан. Тағы бір зерттеу америкалықтардың суға кетуіне олардың тұрмыс жағдайы да әсер ететінін көрсетіп отыр. Мысалы, отбасы табысы төмен жанұялардағы балалар жүзіп үйренуге мүмкіндігі болмай, зардап шегетін көрінеді. Сондықтан елде мәселені шешу үшін балаларды туғаннан бастап жүзуді үйрететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданған.
Уильям Рамос, қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің доценті: - Ажал аяқастынан. Ересек болсын, жас болсын, кез келген сәтте суға батып кетуі мүмкін. Америкада әсіресе 1-4 жас аралығындағы балалар байқаусызда батып кетіп жатады. Мұнан соң жасөспірім ұл балалар мінез-құлқына байланысты осындай жағдайға жиі ұшырайды. Сондықтан жүзуді жақсылап меңгеру қажет.
Жүзе білу – өмір
Ал Пәкістанда халықтың жартысынан көбі жүзу білмейді. Өйткені оны үйрететін спорттық кешендер аз. Жүзуді меңгеруге қарапайым адамдардың қалтасы да көтере бермейді. Оның үстіне қыз-келіншектерге суда жүзу ерсі саналады. Бірақ осыған қарамастан халық ыстықта өзен-көлді жағалап, суға көп шомылады. Салдарынан жыл сайын жүздеген адам ажал құшады. Тұрғындар болса шыжыған ыстықтан тек шомылып қана амалдайтынын айтады.
Смар Аббас, жергілікті тұрғын: - Күн өте ыстық. Үйімде жарық жоқ. Балаларымды жақын маңдағы каналға алып келдім. Мына аптапқа суға шомылып қана төтеп беруге болады. Басқа амал жоқ.
Жағажайлар талапқа сай емес
Латын Америкасындағы Мексикада да мазаны қашырған аптап ыстықта тұрғындар су айдындарынан пана табады. Мұнда шомылу маусымы мамырдан қазан айына дейін жалғасады. Алайда елде жағажайлар суға түсу үшін дұрыс жабдықталмауынан қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через