фото: pixabay.com
Шымкенттік ғалымдар сирек кездесетін дәрілік өсімдік түрлерін тапты. Олар Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайында бірнеше жыл зерттеу жүргізіп, шөптердің емдік қасиетін анықтады, деп хабарлайды 24KZ
Ғалымдардың айтуынша, бұл өсімдіктер қатерлі ісік жасушыларын жояды. Сондықтан фармокологияға енгізген жөн деп санайды.
Тәттібек Жарқынбеков 40 жылдан астам емдік шөптерді зерттеп жүр. Табиғат сырын терең ұғынған ғалым өсімдіктер көптеген дертке дауа, тіпті қатерлік ісікті де емдеуге болады деген сенімде. Сол тұжырымды дәлелдеу үшін басқа да сарапшылармен бірігіп, сайын даланы кезіп, дәрілік шөп жинады.
Тәттібек Жарқынбеков, ғалым: - Мысалы, Бәйдібек ауданында дермене өседі, дүниежүзінде өспейді. Мынау өсімдіктер сондай, біздің Қостұрада өседі. Неге десеңіз, бұл жердің климаты басқаша. Ауа айналып өткен сайын шөптің қызуы күшейіп, оның тамырында, сабағында өте күшті минералды заттар болады. Сол заттардан дәрі жинасақ, онкологиялық ауруларға, басқа ауруларға беріп жатамыз.
Бұл аумақтың географиялық орналасуы, тамылжыған табиғаты, құнарлы топырағы ерекше қасиеті бар өсімдіктердің өсуіне әбден қолайлы. Мұны зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. Дәрілік шүйгін шөптің сынамасы Оңтүстік Қазақстан университетінің зерханасында сынақтан өтті.
Жаһангір Хусанов, сынақ зертханасының меңгерушісі: - Сорғыш спектрометрде зерттедік. Нәтижесінде әртүрлі құрамдағы органикалық емес заттардың 10-нан астам элементін анықтадық. Зертхана «Ұлттық аккредитациялау орталығы» жүйесі бойынша аккредитацияланған. «Айлақ МП» белгісін пайдалануға мүмкіндігі бар. Яғни, біздің зерттеу қорытындысын әлемдегі 60-тан астам мемлекет мойындайды.
Сынақ нәтижесі әртүрлі ел мамандарының қызығушылығын тудырды. Тіпті ол шөптерді фармокологияға енгізу туралы ұсыныс айтылды. «Сондай-ақ емдік өсімдіктер өсетін аумақ қорғалуы керек», – дейді. Өткен жылы Қазақстанда «Өсімдіктер әлемі туралы» жаңа заң қабылданған болатын.
Азамат Әбуов, орман шаруашылығын және өсімдіктер әлемін пайдалану және дамыту басқармасының басшысы: - Бұл заң қабылданға дейін бізде басқа орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан жерлерден тыс жерлерде өсімдіктер әлемі қорғалмайтын. Бұл заң қабылданғалы біз орман қорымен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жерлердегі өсімдіктерді қорғауға мүмкіндік берілді.
Арнайы мақсатта қолданылатын өсімдіктерді жинау, дайындау тәртібі заң жүзінде бекітілді. Мамандар табиғатқа зиян келтірмей, қандай шөп түрлерін пайдалануға болатындығын зерттеу жүргізіп, негіздеме беруі – міндет. Әрине, адамзат үшін дәрілік өсімдіктер қажет, алайда биоалуантүрлілікке нұқсан келтірмеу де маңызды.
Ресмии мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 400-ге жуық сирек кездесетін өсімдік бар. 38-і жоғалып кетудің сәл алдында тұр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через