фото: https://www.pexels.com/ru-ru/
Алматы облыстық полиция департаменті жыл басынан бері тиісті емес жерде шылым шеккен 298 адамды әкімшілік жазаға тартқан.
Қазақстанда 2024 жылғы 20 маусымнан бастап вейптерді, яғни электронды темекілерді ел аумағына әкеліп сатуға және өндіруге тыйым салынды. Сәуір айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті құжатқа қол қойған болатын. Осы орайда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова мен Алматы қаласындағы №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева мұның оң бастама екенін айтып, өзге де темекі өнімдерінің зиянына тоқталды. Айтуынша, мұндай шаралар көптеген өлімнің алдын алуға көмектеседі.
"Осыдан бірнеше жыл бұрынғы статистикалық мәліметтерді алатын болсақ, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын темекі өнімдерінің 7 миллион адамның өліміне алып келетінін жария еткен болатын. Осылардың ішінде 6 миллион адам – тікелей темекі өнімдерін тұтынғандар. Ал қалғандарының ішіндегі 890 мыңнан астам адам темекінің ауаны ластау себебінен көз жұмғандар. Егер алдын алу шараларын қолға алмайтын болсақ, онда 2030 жылға қарай темекі өнімдері әсерінен қайтыс болғандар саны 8 миллион адамға жетуі мүмкін. Темекі бірінші кезекте тәуелділікке алып келеді", – деді маман Ардақ Тұрғанбаева.
Дәрігер Ардақ Тұрғанбаеваның айтуынша, темекі тартатын адамдар бірінші кезекте жапырақтардағы никотинге тәуелді болады. Осының себебінен қайта-қайта темекі тартқысы келіп тұрады. Ал адам темекі шегуден бас тартқан кезде келесі белгілер байқалуы мүмкін:
- ашушаңдық;
- ой жинақтай алмау;
- түнгі ұйқының қашуы;
- тәбеттің қатты ашылуы;
- темекі шегуге ерекше құмарлық.
"Мәселе тек темекі өнімдерінде емес. Басты мәселе оның құрамындағы химиялық заттарда – шайыр (смола), күшәла (мышьяк), қорғасын, висмут, аммиак және органикалық қышқылдар. Әрине, темекінің құрамындағы осы заттардан уланды деп ауруханаға түскен адам жоқ. Себебі олардың мөлшері бірден уландырмайтындай аз болады және біртіндеп денсаулықты нашарлата береді", – деді дәрігер.
Орташа алғанда 20 г темекіні жаққанда мыналар түзіледі:
- 0,0012 г циан қышқылы;
- шамамен 0,0012 г күкіртсутек;
- 0,22 г пиридиндік негіздер;
- 0,18 г никотин;
- 0,64 г аммиак;
- 0,92 г көміртегі тотығы.
"Көптеген темекі тартатын адамдар оны фильтрмен тұтыну қауіпсіз деп ойлайды. Алайда бұл жалған. Егер фильтрлер расымен жұмыс істесе, онда олар никотинді де сіңіріп алып, адамдар ешқандай дәм сезбейтін еді. Жеңіл темекі тартатындар да ол ағзаға аса әсер етпейді деп ойлайды. Темекінің қай түрі болса да, ол бірдей зиян тигізеді. Бұл вейптарға да қатысты. Ең қауіптісі – темекі тартатын адамның айналасындағыларға да үлкен қауіп төнеді және қатерлі ісіктен көз жұму тәуекелділігін еселеп арттырады. Темекі тарту келесі ағзалардағы онкологиялық процестерді асқындырады: қуық, қан, жатыр мойны, асқазан, бүйрек, көмей, бауыр, ауыз қуысы, ұйқы безі, асқазан және өкпе. Темекінің әсерінен миды қанмен қамтамасыз ететін тамырлар зақымдалады. Никотин әсерінен жүректің жүктемесі арта түседі", – деді дәрігер.
Дәрігер Салтанат Назарова бірінші кезекте жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төндіретініне алаңдаулы.
"Қазіргі таңда бұл өнімдерді жасөспірімдер көбірек қолданатындықтан, біз белгілі бір шектеулер арқылы жыныстық және физикалық дамуға кері әсерін тигізетін аурулардың алдын аламыз. Өйткені осы күнге дейін жүргізіп келген зерттеулер темекі құрамындағы қорғасын мен никельдің, өзге де аса қауіпті металдардың жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесін қатты зақымдайтынын көрсетіп отыр. Тіпті ағза іріңдеп, бауыр жұмысы бұзылады", – деп түсіндірді Салтанат Назарова.
"Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің" 441-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген және жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Яғни, тиісті емес жерде темекі тартқандарға осындай шара қолданылады. Ал егер адам бір жыл ішінде осы ережені тағы бұзатын болса, онда 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. 2024 жылдың басынан бері осы бап бойынша Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері 298 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты", – деді Зульфат Манапов.
https://informburo.kz/kaz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через