"Несиені көбінесе көз жұмып аламыз": 8,4 млн адамның қарызы бар

"Несиені көбінесе көз жұмып аламыз": 8,4 млн адамның қарызы бар
фото: https://pixabay.com/ru/

Жақында Парламент кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңды қабылдады. Енді елімізде несие алушылар саны азаюы мүмкін.

Заңға сәйкес, енді ерлі-зайыптылардың бірі 1 000 АЕК-тен жоғары несие алғысы келсе, жұбайының келісімі қажет болады. Әскери қызметті өткеріп келген азаматтар үшін несиені төлеу мерзімі 60 күнге ұзарады. Бұл олардың жұмысқа орналасып, төлем қабілеттігін қалпына келтіру мақсатында жасалып отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша тұтынушылық қарыздардың жалпы сомасы 14,2 трлн теңге болған. 8,4 млн адам тұтынушылық несие алған. 1,5 млн қазақстандық алған несиесін уақытылы төлей алмай жүр.

Экономист Ләззат Нұрғалиқызы Парламент қабылдаған заң дұрыс деген пікірде.

"Себебі несие беру тәртібі өзгеру керек. Кейбір банк карталарының қосымшасында ойындарға бәс тігуге мүмкіндік жасалған. Несие арқылы ойынға ставка қоюға мүмкіндік бар. Олардың бәріне тоқтам керек. 25 жасқа дейінгі азаматтардың не алатын айлығы не зейнетақы төлемдері болмайтын болса, оларға да несие берілмеу керек. Соның ішінде микроқаржылық ұйымдар студенттер мен жұмыс істемейтін жастардың көпшілігіне қарыз беріп жатады, әуелгі пайызы аздау болады, одан кейін бірте-бірте пайызын өсіре береді. Зейнетақы төлемдері жоқ және мемлекетке тапқан табысынан аударым жасамайтындарға несие алуға шектеу қойған жөн", – деді қаржыгер.

Сарапшы заңда жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салатын нормаға да тоқталды.

"Күйеуіне айтпай қарыз алып, кейіннен несиені төлей алмай, арты отбасындағы кикілжіңге әкеліп жатқан жағдайлар кездеседі. Қомақты несие алған кезде бұл процесс ерлі-зайыптылардың қатысуымен ғана өтуі керек", – деді сарапшы.

Азаматтар тұтынушылық несиені жиі алады

Экономист Бауыржан Ысқақов та несие беру талаптарының күшейгендігі дұрыс деп санайды.

"Қазір еңбекке жарамды халықтың 85-90 пайызының басында несиесі бар екені, оның дені бизнеске не қандай да бір өндіріс ошақтарын ашуға емес, тұтынушылық несиеге қарай бағытталған. Кейбірінің несиені қайтаруға мүмкіндігі жоқ. Көбінесе несиені әлі де қаржы сауаттылығының, басқа да білімнің жетіспеушілігіне байланысты көзімізді жұмып ала береміз. Әрине, бұл заң өз кезегінде несие алуды қысқартады. Осылайша банктердің қайтарылмаған несие портфелінен арылуға мүмкіндік береміз және де банктердің бұрынғыдай тұтынушылық несиені емес, керісінше корпоративтік, яғни заңды тұлғаларды, бизнесті несиелендіруге қарай бағыттауға жағдай жасалады. Жасыратыны жоқ, қазір екінші деңгейлі банктердің көбінің несиелік портфелі тұтынушылық бағытқа қарай лайықталған. Несиені алуға деген талап күшейген сайын екінің бірі несие алу мүмкіндігінен айырылады", – деді сарапшы.

Қазіргі несие нарығындағы ахуал сыртқы жәні ішкі факторларға тікелей байланысты.

"Сыртқы факторлардың бірі – көптеген екінші деңгейлі банктің, микроқаржылық ұйымның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Өйткені біздегі қайта қаржыландыру ставкасының жоғары болуының өзі банктер беретін несиенің қымбат болуына әкеліп отыр. Сол үшін де экономикалық факторлардың өзі осыған кері әсерін тигізеді. Мемлекет экономиканы арзан несиемен қамтамасыз етудің жолын қарастыруы керек. Ол үшін қайта қаржыландыру ставкасы төмендеуі қажет", – деп атап өтті экономист.

Сарапшы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру өте маңызды екенін жасырмады.

Пайыздық мөлшерлемелер жоғары – сарапшылар

"TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының зерттеуіне сәйкес, қабылданып жатқан реттеушілік шараларға қарамастан проблемалық несиелердің одан әрі өсуінің тәуекелі сақталып отыр.

"Негізгі фактор – тәуекелдерді нашар бағалау, борыштық жүктеме коэффициентінің талаптарын сақтамау. Халықтың қаржы сауаттылығы бойынша мәселенің бар екені белгілі. Бірақ та, қаржы ұйымдары әлеуетті қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін тиісті түрде бағалауы тиіс. Қазір төлем қабілеттілігін бағалау 12 кіріс критерийі бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында карта бойынша шығындар, коммуналдық қызметтер бойынша шығындар, интернет-дүкенде сауда жасау, мүліктің болуы, депозиттегі ақша қалдықтарының мөлшері және т.б. Десек те, мұндай белгілер тұрақты кірістердің болуын әрдайым көрсете бермейді. Салдарынан тұрақты табысы жоқ азаматтарға қарыз беру тәжірибесі таралған", – делінген зерттеуде.

Сарапшылар пайыздық мөлшерлемелер жоғары болғандықтан, табысы төмен адамдар үшін несиенің 1 млн теңгеге дейінгі сомасының өзі де проблемаға айналғанын жеткізеді.

Олар бір қарыз алушыға берілетін кепілсіз тұтынушылық қарыздың сомасы мен санын, сыйақының шекті мөлшерлемесінің мөлшерін шектеу маңызды деген пікірде.

ҚазАқпарат