Еуропа чемпионатына санаулы күндер қалды

Еуропа чемпионатына санаулы күндер қалды
фото: https://pixabay.com/ru/

       Футболдан Еуропа чемпионатының басталуына 2 күн қалды. 

       Кәрі құрлықтың үздік 24 құрамасы Германия төрінде өзара мықтыны анықтайды. Дүбірлі дода 17-ші рет өтеді. Биыл кім чемпион болады? Сарапшылар не дейді? 

       Еуропа чемпионаты деңгейі жағынан әлем біріншілігінен кейін екінші тұр. 1960 жылдан бері тұрақты түрде 4 жыл сайын өтіп келеді. Әзірге кәрі құрлықта дүбірлі доданы 3 рет ұтқан 2 құрама бар. Бірі – Германия. Екіншісі – Испания. Немістер финалда 6 рет ойнаса, испандар 4 рет өнер көрсеткен. Ал Италия мен Франция футболшылары біріншілікте 2 рет топ жарған. 

       Ал Еуропа чемпионатының сұрмергендер тізімінде португалиялық Криштиану Роналду көш бастап тұр. 2004 пен 2020 жылдары аралығындағы 5 біріншілікте 25 матчқа қатысып, 14 гол соққан. Сондай-ақ ол басқалармен салыстырғанда көп ойын өткізген. Жақында Роналдудың рекордық көрсеткіштері тағы жаңаратыны сөзсіз. Себебі 39 жастағы футболшы өз мансабындағы 6-шы Еуросына дайындалып жатыр. 

       Еуропа чемпионатының жалауы Германияда осымен 2-ші рет желбірейді. Алғашқысы 1988 жылы өткен еді. Бұл жолы матчтар Германияның 10 қаласында өтеді. Бірнеше фаворит бар. Бірақ көпшілік Францияның чемпион болатынына сенімді.

       Ал аутсайдерлер арасынан Украина құрамасы көрермен қошеметіне бөленіп, чемпионаттың басты сенсациясына айналады деген болжам бар.

       Еуроның ашылуында әдеттегідей алаң иелері бастап ойнайды. Германияның алғашқы қарсыласы – Шотландия. Матч Альянц Арена стадионында өтеді. Дүбірлі дода 14 маусымнан 14 шілдеге дейін жалғасады. Авторы: Мерей Қанапия.

       https://24.kz/kz/