фото: https://www.istockphoto.com/
Астанада автобустағы «қояндарға» тықыр таянды
Жол ақысын төлемейтіндерді бейнекамера аңдып отырады.
Астана осындай пилоттық жобаны қолға алды.
Қоғамдық көліктер жарақтандырылса, автобус паркі әркімге жем болмайды әрі кондуктор іздеп әуреге түспейді. Мамандар: «тіпті билет алмағандар ғана емес, полицияға кәнігі қылмыскерлерді де тауып береміз», – деп отыр.
Мөлдір Молдағали, тілші:
- Астана автобустарында жол ақысын төлеудің жаңа тәсілі енгізіліп жатыр. Сол арқылы билетсіз жолаушылар санын азайтып, қызмет көрсету сапасын жақсартып, қауіпсіздікті арттырмақ. Ол әзірге бір ғана автобусқа енгізілді. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін бірге көрейік.
Мамырдың екісінен бастап елордадағы №24 автобуста жолаушылар осылай кірген бетте бейнекамераға түсіріліп жатыр. Әр аялдамадан қанша адам кіргені және қоғамдық көлікте жалпы қанша жолаушы бары таблодан шығып тұрады. Бұл мәліметтер Көлік бақылау департаментіне түсіп, төлем туралы мәліметтерді салыстыруға көмектеседі.
Орынбасар Агбаев, Астана қалалық Көлік бақылау департаментінің басқарушы директоры:
- Әр автобуста 3-тен 5 камераға дейін орнатылып, борт компьютеріне жалғанады да, роутер және кабельмен байланыс жасалады. Соның арқасында адамдар аялдамадан кіріп, шыққан сәтте-ақ жолаушылар ағымын бақылауға мүмкіндік пайда болып, сәйкесінше ақы төлемегендер анықталады.
«Жалпы елордада қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің бір емес, бірнеше әдісі бар, соның өзінде автобусқа кірген бетте төлем жасамаған жолаушыларға бетпе-бет келеміз», – дейді бақылаушы.
Жанар Қосмамбаева, Көлік бақылау департаментінің менеджері:
- QR-төлеммен төлейді болмаса картамен валидация жасайды. Қазіргі таңда бізде қаламызда банк картасымен де төлеуге болады. Тіпті жолаушылардың интернеті болмай қалса, bluetooth арқылы да төлеуге болады. Төлей алмайтын жағдай жоқ.
Жыл басынан бері 268 мың адам жол ақысын төлеуден жалтарған. Алайда тек 10 933 адамға әкімшілік хаттама жазылыпты. «Ал жаңа жоба іске қосылса, ешкім назарсыз қалмайды, тіпті қоғамға қауіпті адамдарды да әшкерелеуге болады», – дейді мамандар.
Орынбасар Арынбаев, CTS басқарушы директоры: - Қылмыскерлердің базалық мәліметтерімен дұрыс интеграция жасалса, бет-әлпетінің сәйкестігіне қарай Полиция департаменті мен өзіміздің диспетчерлер бөліміне күдікті жайлы ақпарат жіберіп, қылмыскердің де жолын кесуге болады.
Бейнеаналитика жасалып жатқалы жол ақысын төлемеген 2 мың жолаушы анықталған. Алайда бұл әзірге тек пилоттық жоба болғандықтан, адамдарға айыппұл салынбады.
https://24.kz/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через