«Ақыл қалта» Мырзагелді Кемел

«Ақыл қалта»  Мырзагелді Кемел
фото: adebiportal.kz

 АҚЫЛ ҚАЛТА немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның шығармаларынан алынған нақылдар жиналған (Жалғасы. Басы 18.06.2024 )

11. ӨНЕГЕ АЛУҒА БОЛАТЫН КІСІМЕН АРАЛАСУ. Сен үшін достарыңмен араласу білім мектебі, ал әңгімелесу - ұнамды үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушының мақтауын естіп көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ әдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз, өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өздері ғана өнеге беріп қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді. 

12. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕР, МАТЕРИАЛ МЕН ЖАРАТЫЛЫС. Сұлулықтың өзіне де көмектесу керек: көркем нәрсенің өзі егер оның кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып отырмаса ұсқынсыз кейіпке түседі. Табиғат бізді тағдыр тәлкегіне тастаған екен - өнерге жүгінейік! Онсыз керемет болмыс та мінсіз бола алмайды. Мәдениетсіз адам жарты абыройынан айрылады. Жақсы мектептен өтпеген кісіден дөрекіліктің иісі шығып тұрады: оған кемелдікке жету жолында өзін үнемі жонып отыру керек. 

13. НИЕТКЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ. Адам өмірі - адамның арам ойларымен күресін білдіреді. Қулық қастық ниетті қолдана отырып күреседі: күткен нәрсені жасамайды; алдарқату үшін шеберлікпен күш көрсетеді және кенеттен, ойламаған жақтан соққы береді, есін шығаруға тырысады. Қарсыласының ойын тексеру үшін басқа ниетін алға тосады, одан кейін жалт бұрылып, шалт қимылдайды да абдырап қалған жауын жеңіп тынады. Алайда сұңғыла ақыл оның тіміскілеуін көре біледі, оны қабақ астынан бағып отырады, оның сендіргеніне қарсы нәрсеге иланады да алдамшы жүрісті сезе қояды; алғашқы қаскөй шабуылдан соң екіншісін, одан кейін үшіншісін күтеді. Сыры мәлім болғанын байқаған қаскүнемдік алдау үшін шындықтың өзін пайдаланып, күшін еселей түседі. Енді ойын ережелері өзгереді, әдістер де өзгеше болады - қулық шынайылықтың киімін киіп, зұлымдық ақ көңілділіктің бет пердесін жамылады. Ондайда көмекке байқағыштық келеді; тереңде жатқан мақсатты көре білген ол беткі жарықтың арғы жағынан қараңғылықты байқайды, неғұрлым ашық жатса, соғұрлым құпия сақталатын арам ойды әшкерелейді. Пифонның түнек бұлттары* Аполлонның нұрлы сәулелерімен осылай күреседі. /*Пифонның түнек бұлттары Аполлонның нұрлы сәулелерімен күреседі - бұл космологиялық түсінікте Күннің /Аполлон/ Жерден /Юнона/ көтеріліп, Күннің қарындасы Айды көзден қалқалайтын бұлттармен күресін бейнелейді/. 

14. МӘН МЕН МӘНЕР. Істің мәні - оның жартысы ғана; істің қалай бітуі одан да маңызды. Дөрекілік бәріне, тіпті әділдік пен естілікке де зардабын тигізеді; сыпайылық барлығына көрік береді: жоқты бар, ақиқатты бал етеді, тіпті кәрілікті жасартады. Сыпайылық достық ролін табысты ойнап, өмірге сән береді. 

15.АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІҢ БОЛСЫН. Билік басындағылардың бір артықшылығы - оларда төңірегіне ақылды адамдар жинауға мүмкіндік болады, бұл адамдар биліктілерді надандық қараңғылығынан алып шығады, ең қиын дауда да жеңіске жеткізеді. Даналардың көмегіне жүгіну - ұлылардың қасиеті; бұл жеңілген патшаларды құл еткен армян патшасы Тигранның тағылығынан гөрі әлдеқайда мақтарлық іс. Біздің көзі ашық заманымызда қожалық етудің жаңа түрі пайда болды - бұл табиғат дарын сыйлаған адамдарды қызметшілерге айналдыру. Қысқа ғұмырда көп білуге мүмкіндік аз, ал білімсіз өмір - өмір емес. Сондықтан білім нәрінен қиындықсыз сусындайтынның, көп жайды білетіндерге қарағанда көп үйренетіннің, бәрінің даналығына қанығатынның өнері үлкен. Кеңеске қатыса отырып, ол көпшілік атынан сөйлейді, ежелгі даналардың нақылдарын тілге тиек етеді, өзгенің төккен тері арқасында ол шешендік даңқына бөленеді. Ақылды көмекшілер оған ғылымдағы бар жақсыны сүзіп береді. Ал даналықты өзіне қызмет еттіре алмайтындар, оны достары арасынан іздесін. 

16. АҚЫЛДЫ ІЗГІ МАҚСАТПЕН ҰШТАСТЫРУ - көп табыстың кепілі. Кемел ақыл мен жасық жігер зорлап қосқан жұбайлар сияқты. Арам ниет - білік абырой үшін у сияқты, ол ақылдың көмегімен зұлымдықты одан сайын шеберлікпен жасай түседі. Арам мақсаттар үшін пайдаланылған үлкен ақыл жек көруге лайық! Санасыз ақыл есуастықтан да жаман. 

17. ӘДІСТЕРДІ ӨЗГЕРТІП ОТЫРУ КЕРЕК, бұл басқалардың назарын алаңдатып, бұрып әкету үшін қажет. Әрекеттің алғашқы тәсілін ұстанба -біркелкілік ойыңды біліп қоюға, тіпті ниетіңнің бей-берекетін шығаруға мүмкіндік береді. Түзу ұшып бара жатқан құсты атып түсіру жеңіл, ал айнала қалықтап ұшқанды құлату - қиынырақ. Екінші тәсілді де аяғына дейін ұстанбаған жөн, өйткені бір сәтте бар пиғылың мәлім болады. Зұлымдық қайда деме - аяқ астында. Оған шалдырмау үшін сұңғылалық қажет. Тәжірибелі ойыншы қарсыласы күтіп отырған жүріске аяқ баспайды. 

18. ЫҚЫЛАС ПЕН ДАРЫНДЫЛЫҚ. Бұларсыз ұлылық мүмкін емес, ал кісі бойынан осы екі қасиет те табылған кезде ол кемелдікке кенеледі. Ынтасыз дарындылыққа қарағанда, ыждаһатты орташалық көп нәрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі; жеңіл келген нәрсе қадірсіз болады. Тіпті жоғары қызметте де ынта керек: ол әдетте кісінің қабілеттілігін көрсетеді. Жай істе бірінші орынды қанағат тұтпай, жоғарғыдан тым болмаса ортаңғы орынға ұмтылатын адамды оның ұмтылысының ізгілігі үшін кешіруге болады; бірақ қатардағы шаруада көзге түсе алғанымен, жоғарғы істегі орташа орынды қанағат ететін кісіге кешірім жоқ. Сонымен, мінез бен өнер керек, ал олардың одағын ынта нығайтады. 

19. КӨП НӘРСЕДЕН ҮМІТТЕНІП БАСТАМАУ КЕРЕК. Шамадан тыс мақталған нәрсе көп жағдайда үмітті ақтамайды. Көңіл көк дөненнен де жүйрік, арманға берілу жеңіл, оған жету қиын. Қиялдың тілекпен қосылуынан өмір ауқымына сыймайтын нәрселер туады. Қол жеткен табыстар қанша татымды болғанмен, олар рухты қанағаттандыра алмайды және ерекше үміттердің билігіндегі ол қуаныш әкелуден гөрі, көңіліңді қайтарады. Үміт шындықтың өңін айналдыруға шебер; парасатың оны сабырға шақырсын. Әуелі ынта тудыру үшін біраз несие берген дұрыс, дегенмен қолдағы барыңызды жайып салмаңыз, шындық күткеніңізден асып түссін. Бірақ ақымаққа мұндай ереже жарамайды, тіпті мұнда асыра сілтеу пайдалырақ: ниет іске аспаса да бәрі риза және бұрын сұмдық көрінетін нәрсе енді қанағат етерліктей болады. 

20. АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық әрқашан салтанат құра бермейді: әр нәрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сәнге байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мәңгілік; егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның еншісіне тимек.

https://qazradio.fm/kz