фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@cottonbro/
Алматы – еліміздің ең ірі білім беру орталығы. Мұнда 35 жоғары оқу орны орналасқан.
Онда 200 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 62%-і – ел аймақтарынан келгендер. Демек жатақханаға деген сұраныс басым. Жаңа оқу жылы да алыс емес. Мегаполисте жатақхана мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
Әдетте жатақхана мәселесі жаңа оқу жылының қарсаңында ушыға түседі. Білім қуып келгендер табан тіреп, бас сұғатын баспана таба алмай, абдырап қалатыны рас. Өзекті мәселені шешуге Президент пәрмен беріп, соңғы жылдары түйін тарқатыла бастады.
Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі аясында келісімдер жасалып, инвесторлар тартылды.
Бұл үшін әр студентке 92 айлық есептік көрсеткіш көлемінде субсидия біреледі. Алматы қаласында бос жер телімдері өте аз. Сондықтан мегаполисте қайта жөндеуден өткізу арқылы жүзеге асқан жобалар көп. Мәселен, былтыр қонақүй, мейрамхана, бизнес орталықтары сияқты 10 нысан жөнделіп, жатақхана ретінде студенттерге берілген. Өз меншігіндегі жер теліміне студенттер үйін салып беріп жатқан инвесторлар да бар. Жақында, шілде айында медицина университетінің студенттері үшін 420 орындық су жаңа жатақхана қолданысқа беріледі. Құны айына 25 мың мен 45 мың теңге аралығында болатын жатақханада барлық жағдай жасалған.
Қазір Алматыда жатақхана тапшылығы – 28 мың төсек-орын. Мегаполисті дамыту бағдарламасы аясында студенттік жатақханалардың құрылысына қатысты жол картасы бекітілді. Оның шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орындық ғимараттар салынады. Бұл жатақхана тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік береді.
Жатақхана мәселесін шешу үшін құрылған жобалық офис былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Жатақхана салу, ескі ғимаратты студенттерге лайықтап қайта жөндеуден өткізу жобаларына 120 инвестор қатысып жатыр.
https://24.kz/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через