Алименттен қашу - баласынан бас тарту

Алименттен қашу - баласынан бас тарту
фото: https://www.istockphoto.com/

     Отбасы – мемлекеттің тірегі, болашағы. Бірақ, өкінішке қарай, әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты ажырасу мәселелері елімізде орын алып жатады. Алимент – «Неке және отбасы кодексіне» сәйкес, ерлі-зайыптының біреуі ортақ балаларын міндетті түрде қаржылай қамтамасыз ету жауапкершілігі. Алиментке заңды түрде некеде өмір сүрген отбасы ғана емес, сонымен қатар азаматтық некеде өмір сүрген жанұя да қатысты болып келеді. Өкінішке қарай, көптеген «көкек-әкелер» өз балаларының алдындағы борышын өтемейді. Қара бастарының қамымен жүрген ер адамдар мекен – жайларын өзгертеді, жалақыларының мөлшерін азайтып көрстетеді.

     Өз ұрпағының болашағына немқұрайлықпен қарайтын ер-азаматтар неге көбейіп кетті?

Бұған бірнеше себептер бар: Біріншісі - ажырасу кезінде баланың әкесі мен анасының арасында ортақ дүниелерге байланысты талас, бір-бірлеріне айтылған ауыр сөздер ықпал етіп жатады. Ер адам әйеліне деген реніштерінің салдарынан кегін алу мақсатында борышынан қашады. Екіншісі – еркектің әкелік инстинкттерінің төмен болуы немесе жоқ болуы да әсер етеді. Олар жауапкершіліктен алшақ, инфантилизмнен құтылмаған, сана – сезімі өте төмен еркектер түрі. Ондай ер адаммен отбасылы өмірде де тұру қиын. Үшіншісі – еркектің материалдық жағдайының нашар болуы.

Бірақ қандай себеп болмасын, балаңды қаражатпен қамтамасыз ету – ұрапағының және мемлекеттің алдында да әкелік әрі азаматтық міндет. Жоғарыда айтылғандардың біреуі де баланың қамқорсыз қалуына себеп бола алмайды. Уақыт та өтеді, бала да өседі.  Алайда болашақта әке мен бала арасы суып, келешекте қарым-қатынас нашарлайды. Балаларына салқынқандықпен қараған әкелер де қартаяды. Кезінде сүт бермеген балаң –  қартайғанда су бере ме?!

Төленбей жүрген алименттердің  кесірінен отбасы мүшелерінің барлығы зардап шегеді. Бала әкесінің немқұрайлығының құрбаны болса, анасы барлық жауапкершілікті өз мойнына алудан басқа амал таппайды. Жалғыз басты ана үйде  әйелдің тұрмысын жасап, сыртта еркектің міндетін тындырады. Өкінішке қарай, жүрегі де, санасы да бос экс - күйеуінің кесірінен елімізде  мыңдаған нәзік жандылар қиындық көріп жатыр. Дейтұрғанмен, мемлекетіміз аналар мен балаларды барынша қорғауға тырысады. Бірақ сонда да алименттен бұғып жүрген еркектердің саны азаяр емес.

Статистикаға жүгінсек былтырғы жылы алименттен қашып жүрген 291 392 ер азаматтар тіркелсе олардың берешегі 14,6 млрд теңге құраған.

Әкелік міндетінен жалтарып жүрген еркектер саны Алматы облысында көп көрінеді - 1 млрд 943 млн тенге. Ал Астана қаласында 1 млрд 877 млн теңге, Алматыда 528 млн, Түркістан облысында 2 млрд 185 млн, Шымкентте 1 млрд 290 млн, Қарағанды облысында 904 млн теңге құрайды. Бұл қорқынышты статистиканың соңында Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстары тұр. Бұл тек мемлекетке шағымданған әйелдердің көрсеткіші бойынша құрылған тізім. Ал балаларының қамқорлығын жалғыз өзіне міндеттеген әйелдер қаншама?!

Алименттен қашып жүрген ер адамдарды тек мемлекет қана жазалай алады. Оған шетелге шығудан шектету, көлік жүргізу куәлігін тартып алу және қамауға алу сияқты дүниелер кіреді. Дейтұрғанмен көп жағдайда ер азаматтарға қолданатын  осындай шаралар да еш әсер етпей жататын жағдарлар да көп орын алады.. ҚР депутаты Магеррам Магеррамов қайбір жылы 3 ай бойы әкесінен ақша ала алмай  жүрген балаларға көмектесетін фонд ашуға ұсыныс жасады. Бұл жобаның мақсаты қаржылай қиындық көріп жүрген ер адамдар алимент төлеу мақсатында фондтан ақша ала алады. Ал жағдайы жақсарған кезде қарызын фондқа қайтарады. Еркекке бұл  жағдайда қарызынан қашуға оңай болмайды. Жалғыз басты әйел тек сөзбен ғана қарыздарын сұраса, мемлекет басқа шараларды қолдана алады. Бірақ бұл жоба іске асуы жеңіл емес көрінеді. Бұл фонд тек еркектердің жауапкершіліктерін одан әрі төмендетеді. Сонымен қатар, бұл үлкен қаражатты талап етеді.

Тағы бір айта кететін жағдай жоғарыда айтып кеткендей, көптеген ер адамдар өздерінің жалақыларын жасырады. Бұндай жағдайда қашқындарды қоғамдық жұмыстарға салып, еңбегінен түскен ақшаны тікелей баласына жіберу керек. Жеке меншіктерін тәркілеу сияқты процестерді де енгізсе болады.

Бүгінгі таңда борышкер әкеге қатысты заң қатал.Мамандар бауыр еті баласына ақша төлеуден жалтарғандарды қылмыстық жаза күтіп тұрғанын да ескертеді. Енді баласын құшақтап жалғыз қалған аналар бірден кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі сотқа барып арыз тастай алады.

«Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, шара қабылдануы мүмкін. Борышкер әкелерге қатысты қазір әкімшілік және қылмыстық іс-шаралар қолданылып жатыр. Алиментті мүлдем төлемей жүргендерге қатысты материалдарды жергілікті ішкі істер басқармасына  жіберіледі. Егер олар қатаң шара қолданса, проблемалық алименттердің сұрағы шешілері сөзсіз.

Айгерім Абдрахманова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

журналистика факультетінің 2 - курс студенті.