фото: pixabay.com
Отандық дәрігерлер алғаш рет ұрықтың патологиясы мен даму ақауларын түзету арқылы ұрыққа операция жасай бастады. Бұл туралы Денсаулықсақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұрыққа операциялар болашақ баланың денсаулығы мен өмірін жақсартатын жағдайларда жасалады.
Қазақстан үшін феталдық хирургия - медицинаның жаңа бағыты.
Жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асыруда.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы құрсақішілік патологияны түзету бойынша практикалық мастер-класс өтті.
«Денсаулық сақтау министрлігі туғаннан бастап балалардың мүгедектігін төмендету жөніндегі басымдықты міндет деп санайды. Дүниежүзіндегі феталдық хирургия бұл үшін ең маңызды құралдардың бірі болып саналады. Біз 30 жылдың ішінде феталдық операциялар практикасында жинақталған әлемдік тәжірибені талдадық. Бұл білімнің барлығы Қазақстанда алғаш рет әзірленген феталдық хирургия бағдарламасының негізін қалады»,- деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Фото pixabay.com.
Қазақстанда феталдық хирургияны іске қосуға дайындықты Денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде теориялық және практикалық даярлықтан өтті.
«Қазақстанда туғаннан бастап балалардың мүгедектігін төмендету жөніндегі міндет – AYALA қоры үшін басты міндет. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне елімізде феталды хирургиясын бастауға және қалыптастыруға көмектесуге қуаныштымыз. Біз Перинатология және балалар хирургиясы орталығындағы феталдық хирургия бөлімшесін 29,3 миллион теңгеден астам сомаға арнайы медициналық құралдармен – лазермен және фетоскоптармен жабдықтадық», - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдана Сүлейменова.
Феталдық медицина (ұрық хирургиясы) – бұл ананың құрсағындағы ұрық пациент болып табылатын жоғары мамандандырылған медицина саласы. Ұрық хирургиясы аз инвазивті ем-шаралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген.
«Біз жыл сайын құрсақішілік ақауларды түзету бойынша 150-ге жуық операция жасауды жоспарлап отырмыз. Феталдық хирургия жобасы біздің орталықты дамытудың және еліміздің аналары мен балаларына медициналық көмектің сапасын жақсартудың жаңа кезеңі болады», - деп атап өтті Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнар Нұрланова.
Қазіргі уақытта аз инвазивті эндоскопиялық (фетоскопиялық) операциялар ашық хирургияны алмастыруда, өйткені олар ана мен ұрықтың организмі үшін қауіпсіз болып табылады. Әлемнің көптеген елдерінде жыл сайын құрсақішілік түзетуге жататын ұрық ауруларының спектрі кеңейіп келеді, жаңа технологиялар әзірленуде және жетілдірілуде, туа біткен жүрек ақаулары, диафрагма жарықтары және ОНЖ үшін құрсақішілік араласулар белсенді енгізілуде және бүгінгі күні олар үлкен жетістіктерге жетті.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через