фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@larissafarber/
Бүгін Дүниежүзілік қоршаған орта күні. Біріккен ұлттар ұйымы 1972 жылы жариялаған.
Осыдан 52 жыл бұрын халықаралық қауымдастықтың Бас ассамблеясының 27-сессиясында Қоршаған орта бойынша ғаламдық бағдарлама қабылданған екен. Әр жылдың өз тақырыбы мен ұраны бар. Биылғы тақырып қандай екен?
Дүниежүзілік қоршаған орта күніндегі биылғы ұран – «Біздің жеріміз. Біздің болашағымыз» деп аталады.
Негізі ешқандай ұрансыз-ақ айналаны сақтау үшін жаңа әдіс-тәсілдер ойлап тауып, қарекет қылып жатқан адамдар жетерлік.
Адамның шашы суды тазартады
Ғалымдардың есептеуінше, адамның басында 100-150 мың тал шаш болады екен. Бұлардың көбі өмір бойы үнемі қиылып отырады. Мұны тәптіштеп айтып отырғанымыз, Чилидегі инноваторлар шаштаразда қиылған шашты жинап, оларды үлкен шұжық сияқты буып-түйіп, мұхит, теңіз, өзен, бұлақтардағы көмірсутекті, яғни, мұнай, өндірістік майлар мен түрлі зиянды сұйықтықтарды сорып, сүзіп алу үшін пайдалана бастаған. «Бір адамнан алынған шаш 20 мың литр суды тазартуға жетеді», - дейді олар. Ел астанасы Сантьягода басталған жоба біртіндеп бүкіл Чилиді қамтып жатыр. Белсенділер шаштан жасалған бірнеше сүзгіні мұнай-химия зауыттарынан су көздеріне қарай тартылған қоқыс құбырларының басына орнатқан.
Гватемалада өзенге қоқыс ұстайтын тосқауыл орнатылды
Гватемала тұрғындары да қоршаған ортаны қорғау үшін түрлі амал жасап жатыр. Бір топ белсенді Гондурас шығанағына құятын елдегі ең ірі Мотагуа өзенінің бойына қоқыс жинағыш орнатты. Гондурс шығанағы – Кариб теңізі арқылы Атлант мұхитының солтүстік бөлігімен астасып жатқан үлкен су алабы. Ал Мотагуа – Латын Америкасындағы ең қатты ластанған дарияның бірі. Мамандардың есебі бойынша бұл өзенге күніне Гватемаланың 1 миллионнан астам тұрғыны қоқыс тастайды. Белсенділер орнатқан тосқауыл орташа есеппен 1 айда шамамен 1500 тонна пластикті ұстап қалады екен. Экологиялық жоба 10 жылға жоспарланған.
Париж Олимпиадасы қоршаған орта үшін ең залалсыз ойынға айналмақ
Ұйымдастырушылар 1 миллион 58 мың метрикалық тонна көмірқышқыл газын шектеуді жоспарлап отыр. 2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында бұдан 2 есе зиянды қалдық ауаға бөлінген екен. Ұйымдастырушылар шығынды шектеу үшін құрылыс нысандарын, көліктер мен операцияларды бақылауға алған. Ойын кезінде азық-түліктің 80%-і жергілікті сенімді шаруалардан алынады. Оның ішінде көрерменге ұсынылатын тағамның 60%-і өсімдіктен жасалынбақ. Париждегі Олимпиада және Паралимпиадаға 15 миллион 300 мың турист келеді деген болжам бар.
Экологтар ұйымдастырушылармен келісе қоймайды. Өйткені Париж Олимпиадасына демеушілер қатарында жанармай, көмір сияқты зиянды қалдықты көп тұтынатын Air France және «Арселор Миттал» сияқты алпауыт компаниялар бар. Сарапшылар адамзат тарихындағы ең залалсыз ойындар – 2020 жылғы Токио Жазғы Олимпиадасы мен 2022 жылғы Бейжің Қысқы Олимпиадасы еді дейді. Бұл ойындар коронавирус шектеулеріне байланысты көрерменсіз өткен еді. Бірақ жайшылықта мұндай ірі спорт іс-шараларын жанкүйерсіз өткізу миға сыймайтындай.
https://24.kz/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через