Саясат Нұрбек талапкерлерге үндеу жасады

Саясат Нұрбек талапкерлерге үндеу жасады
фото: https://azattyq-ruhy.kz

       ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылғы мектеп бітіретін түлектерге, яғни талапкерлерге арнап үндеу жариялады. 

       "Құрметті мектеп бітіруші жас достар, талапкерлер! Осы күндері Сіздер үшін аса жауапты әрі маңызды белестер легі бастау алғандығы белгілі. Болашақ мамандықтарыңызға жолдама беретін жоғары оқу орнына түсудің алғашқы баспалдақтарына аяқ бастыңыздар. Бүгін елімізде сол сынақ – негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуінің алғашқы күні. «Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады», - деген талапкердің талпыныс екпіні ҰБТ-ға есе жібермесіне зор сенім білдіріп, бүгін Астана қаласындағы бір топ сынақтан өтушілерге сәттілік тілеп қайттым. Кәдуілгі жас буынның біліммен қаруланған болмыстарын, жанарларындағы жалынды, көңілдерінде қылаң беріп тұрған аздаған абыржуды бақылап, бірге толқығандай болдым" – деді ол өз үндеуінде.

        16 мамырда басталған бұл тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Дегенмен, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты 6-20 мамыр аралығында ұзартылды және ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді. 

       "Биыл ҰБТ-ны 180 мыңнан астам түлек тапсыруды жоспарлауда. Тестілеуде талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы саны 120 сұрақты құрайтын тестілеуде жоғары 140 ұпайды алу мүмкіндігі барша талапкердің еншісінде болмақ. Аса мұқият назар аударыңыздар, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сондықтан, тайм-менеджментті ұтымды қолдануға кеңес беремін. Бұған дейін Сіздер негізгі ҰБТ-ға дайындықты пысықтау мақсатында әр пән бойынша енгізілген жеке тақырыптық талдаулармен,  іске қосылған онлайн байқау сынақтарымен, білім беру орталықтарының ұйымдастырған тегін онлайн сабақтарын қолдану мүмкіндігін иелендіңіздер. Енді міне, күні кеше жарияланған 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын иеленуге бәсекеге қабілеттілікті көрсететін сәт туды" – деді Саясат Нұрбек. 

       Ол қосымша ақпарат үшін шекті балл жөнінде де айтты.

       "«Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» кемінде 60 балл (ұлттық ЖОО үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. Жоғарыда айтқанымдай, Жоғары білім берудің барлық деңгейлері бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланды. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінді. Соның ішінде бакалавриатқа түсу үшін 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінді – деді министр. 

       Осы аптада еліміздің батыс өңірінде талапкерлер үшін ең ауқымды көрме өткендігіне куәсіздер. Ол үшін Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша жол карталары бекітілді. 

       "Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған. 2024-2025 оқу жылына  аталмыш облыс талапкерлері үшін 3 200 грант бөлінді. Негізгі жаңашыл басымдықтары педагогикалық, өнер және гуманитарлық, IT, әлеуметтік, экономикалық, құқық, инженерлік сынды дайындық бағыттарының тізбесі кеңейтілді, сонымен қатар қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша колледж түлектеріне гранттар конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша, Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері еліміздің 40-тан астам жетекші жоғары оқу орындарында білім ала алады. Жалпы, біз балаларымыздың ҰБТ-ны ыңғайлы және стрессіз тапсыруына, тестілеуде өз білімдерін көрсетуі және мемлекеттік білім грантын алу мүмкіндігін иеленуі үшін бәрін жасадық деп айтқым келеді. Құрметті талапкер! Сіздерден ата-ана, мектеп, ел болып үлкен үміт күтеміз! Сынақтан сүрінбей өтіп, әлемдік көкжиекте бәсекеге қабілетті тұлға болуға ұмтылғайсыздар!"– деді Саясат Нұрбек.

       https://24.kz/kz/