фото: pixabay.com
«Қазақстандағы Жамбыл облысы – жабайы жауқазындардың әлемдік орталығы». Осылай деген шетелдік туристер елімізге Еуропа мен Азиядан арнайы келді. Саяхатшылар Қаратау бөктеріне барып, Есейхан ауылы маңындағы қызғалдақ қаулаған алқапты алғаш көрді.
Шетелдік туристер таңмен таласа Талас ауданындағы, Есейхан ауылы бағытына бет алды. Мақсат – Қаратаудың теңіз деңгейінен 1100 метр биіктігінде өсетін Грейг қызғалдағын көру. Олардың қатарында қытайлық қазақ Бөкен Мұса да бар. Актер 60-қа жуық фильмге түскен. Бүгінде қар барысы туралы кино түсіруге кіріскен. Алдағы уақытта ата-қоныстың символы қызғалдақ жайында кинокартина жасағысы келеді.
Бөкен Мұса, турист: /ҚЫТАЙ/
Қазақстанның дүние бойынша айтқанда табиғаты жақсы. Оның үстіне Қазақстан әкемнің туған жері. Солай болғаннан кейін әйелімді бірге ертіп келдім. Осы жерде кино түсірейік деп. Жақсы кино болса Қытаймен бірлесіп кино түсірсек болады.
Жамбыл жерінде қызғалдақтың 35 түрі өседі. Оның 12-сі «Қызыл кітапқа» енген.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қырды қызыл түске бояған қызғалдақтың бұл түрі - Грейг деп аталады. Мұны жабайы жауқазынның арғы атасы деп те атайды. Бұл еліміз бойынша Жамбыл облысындағы Қаратаудың жотасы мен жазығында ғана өседі.
Қазақтың қызғалдағына құмартып келгендер қатарында Германияның, Штутгарт қаласының тұрғыны Феликс те бар. Ол «жабайы жауқазындардың отаны Голландия» деген қате ұғымды жоққа шығаратын уақыт келді дейді.
Фото pixabay.com.
Феликс Хаас, Германия азаматы:
Қызғалдақтың отаны Қазақстандағы Жамбыл жері екені даусыз. Гүлдердің тарихын танып, көп іздендім. Қазақ жерінде ғана өсетін қызғалдақ тұқымы 16 ғасырдың аяғында Ұлы Жібек жолымен Түркияға, одан кейін Австрия арқылы Голландияға тараған. Енді Қазақстанды тарихтың шындығына сай әлемге әйгілі қылу керек. Достарыма да осыны айтып жүрмін. Мен сияқты мынандай керемет алқапты көргісі келетін еуропалықтар өте көп.
Шетелдіктер арасында Қырғызстанның геоботаник ғалымдары да бар. Олар 10 жылдан бері Германия, Австрия және Жапония ботаниктерімен бірге Қазақстан қызғалдақтары мен өсімдіктер бірлестігін бақылап келеді.
Алмагүл Кендірбаева, геоботаник: /ҚЫРҒЫЗСТАН/
Бұл шындығында экологиялық туризмді өніктіруге дағы ең чоң, жақсы мүмкіншілік. Бұл қызғалдақтар – қазақ елінің қызыл алтыны. Албалы өте мықты бұл – Қазақстанда. Түрлердің көп саны дағы – Қазақстанда. Осындай ғажайып көріністі Қазақстаннан көре алады.
Енді Жамбылдың туризміне жауаптылар геологиялық парк ашып, қызғалдақты қорғауға алмақ. Ал алда грейг қызғалдағы өсетін алқапты ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізбек. Сондай-ақ, аймақтағы қызғалдақтардың географиялық картасын жасау жоспарда. Бұл туристер үшін тиімді болмақ.
Дереккөз qazaqstan.tv.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через