фото: https://pixabay.com/ru/
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы "РобоЗерде – 2024" республикалық робототехника фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
Технократ оқушылардың алғашқы республикалық сайысын өткізудің мақсаты өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ету болды.
Республикалық сайыс, сондай-ақ, биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының құрметіне ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық спортты насихаттауға арналды.
Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген "Әлиханның арманы" деректі фильмінің көрсетілімін тамашалады.
"Робототехника - дамыған елдерде аса қажетті сала. Сондықтан жастарымызды ғылымның осы саласына тәрбиелеу керек. Осы мақсатта мен де өз ұлымды тәрбиелегенмін. Бірақ оның ғұмыры қысқа болды. Ұлымның арманын үзбеу үшін, әрі қарай жалғау үшін басқа балаларды тәрбиелеуге күш салып жатырмын", - деді іс-шараның бас ұйымдастырушысы, айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин.
Оның пікірінше, елімізді индустриялы мемлекетке айналдыру үшін үлкен жобаларды өзіміз қабылдап, идеяларымызды шетел алып кетпейтіндей етіп Қазақстанда қалдыру керек.
"Жастардың идеясы көп, соны осы жерде орталықтандырып, насихаттау – парызымыз. Сондықтан бұл фестивальге мемлекеттік ұйымдарды тартып, AMANAT тәрізді үлкен партияны қолдауға шақырып отырмын. Әлиханның арманын жүзеге асыру үшін жастардың арманын ұштастырып, елімізді ең дамыған елдер қатарына қоссақ деген мүддеміз бар", - деп толықтырды Серікзат Дүйсенғазин.
Оның айтуынша, дарынды оқушылардың ғылыми дағдысын шыңдау және тәжірибе алмасу үшін келешекте фестивальді халықаралық деңгейге көтеру де жоспарланып отыр.
Сайысқа еліміздің 15 аймағынан келген 200-ден аса мектеп оқушысы робототехниканың "РобоСпорт" бағытының төрт санаты бойынша ("Арқан тартыс", "Асық ату", "Мерген", "Ақсүйек") және "Шығармашылық жоба" бағыты бойынша "Мәдени мұра және инновация" деген санатта сайысқа түседі.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через