фото: pexels.com
Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысын Қазақстан құрамасының үздігі Елдос Сметов сәтті бастады.
Отандасымыз алғашқы айналымда португалиялық Родриго Коста Лопеспен кездесіп, «иппон» әдісімен ұтты. Енді оның келесі қарсыласы Марокко мен Вьетнам балуандары арасындағы тартыстың жеңімпазы болмақ.
Сондай-ақ, осы салмақта сынға түскен тағы екі балуанымыз - Шерзод Давлатов пен Дәурен Сүйеукенов бірінші айналымнан аса алмады. Шерзод Давлатов бірінші белдесуде моңғолиялық Нямсуреенге жол берсе, Дәурен Сүйеукенов әзербайжандық Ахмад Юсифовтен ұтылды.
Ал 66 келі салмақта сынға түскен Жанарыс Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем және Азия ойындарының чемпионы Ан Баулдан (Оңтүстік Корея) айласын асырып кетті. Кездесу барысында Жанарыс екі рет «ваззари» ұпайын алғанымен, төрешілер шегеріп тастады. Содан соң, қазақстандық балуан ауырту әдісін қолданған. Алайда, әдіс тура белдесу аяқталған уақытта жасалғандықтан, есепке алынбады. Деседе, қосымша уақытта Ан Баул ережеге сай емес әдіс жасағаны үшін үшінші ескертуін алып, Жанарыс Рахметқали жеңіске жетті. Оның келесі қарсыласы - ресейлік Мұрат Шопанов.
Ал осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Нұрсұлтан Зайзағалиев түркиялық қарсыласына есе жіберді.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингілерде ұпайлар бөлінеді.
І орын үшін 1 000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі.
Байрақты дода 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы лицензиялық Grand Slam жарысы болмақ.
Дереккөз kaz.inform.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через