фото: pixabay.com
Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алған спортшылар жарысқа адал қатысуы керек. «Допинг қолданып, чемпион боламын» деген ойдан арылатын уақыт жетті.
Бұл туралы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов айтып берді.
Фото olympic.kz/kaz.inform.kz
«Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінге дейін ел спортшылары 17 спорт түрінен 50 жолдама жеңіп алды. Енді осы лицензияға қол жеткізген ойыншыларымыз допинг қолданып қоюдан ерекше сақтануы тиіс. Бұл мәселені әр спортшының жеке бапкерлері де басты назарда ұстауы керек. Егер шәкірті тиым салынған препараттар қолданған жағдайда, бапкерлері де жауап беретін болады. Себебі бүгінгі таңда дирекция тарапынан олардың барлығы оқу-жаттығу жиындарымен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, медальдар мен лицензияларға үміткер спортшылардың материалдық жағдайын қолдау үшін келісімшарттар сомасы да ұлғайтылды. Қайда барса да, спорттық киім, жайлы жатар орын, тамақ, жолақылары, барлығы мемлекеттің қаржысымен қамтамасыз етілген. Осындай қолдауды сезіне тұрып, допинг дауына іліккен спортшыларға кешірім жоқ», - деді Елсияр Қанағатов.
Естеріңізге сала кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Франция астанасы Париж қаласында 26 шілде-11 тамыз аралығында өтеді.
Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через