фото: https://pixabay.com/ru/
Ақтөбелік жеткіншек Жансая Аққұлова тасқын су қаупін дер кезінде хабарлайтын құрылғы ойлап шығарды.
"Құрметті қала тұрғындары! Өзен суының деңгейі бекітілген бағанадан жоғары көтерілді. Сол себепті эвакуацияға дайын болуларың сұралады." Осындай хабарламадан кейін адамдардың өзі эвакуацияға дайындалады.
Мұндай хабарламаны автоматты түрде ылғалдылық сенсоры тарата алады. Өзен көлдердің жағасына белгі бергіш құрылғыны орнатуды он бірінші сынып оқушысы Жансая Аққұлова ұсынып отыр.
Мәртөк ауылына биыл тасқын судан айтарлықтай қауіп болмағанымен тұрғындар күндіз-түні суқойма бойын қорып, қауіп сейілгенше күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен кеңескен жеткіншектің бастамасын құтқарушылар да құп көріпті.
"Олардан "су деңгейін қандай құрылғы өлшейді" деп сұраған кезде ағаш құрылғыны көрсеткен болатын. Ол қазір заманға, 21-ғасырға, технологиялар дамыған заманға мүлдем сай емес деп есептеймін. Бұл құрылғылар өзен жағалауында орналасады. Ауыл немесе қалаларда үлкен мұнаралардың төбесіне сигнал беретін шамды орнатамыз. Яғни су тасқыны болған кезде ол сигнал береді", - дейді 11-сынып оқушысы Жансая Аққұлова.
Әсіресе түн мезгілінде төтеннен келетін тасқын суға тойтарыс беріп, дер кезінде қарекет етуге мүмкіндік болады.
Жаңашылдыққа жаны құмар оқушылар төтенше жағдай туралы хабар таратуға коммуналдық желілердің істен шығуы да кедергі болмауға тиіс дейді. Бұл мәселенің шешімін Аманбек Әнуарбекұлы ұсынып отыр. Күн жарығын энергия көзі ретінде қолданып, қажетті нысандарды қуат көзімен қамтуға болады дейді.
"Күннің энергиясы болмаса да осындай жарық көзінен 10 вольт энергия алып отырмыз. Осы 10 вольт энергия арқылы теледидарды, пешті, су жылытқыш бойлерін тоқтың көмегінсіз смартфонмен бақылай аламыз", - дейді оқушы.
Аталған құрылғылардың екеуін де қашықтан, ұялы телефонның көмегімен басқаруға болады. Бұл лезде ақпарат алып, дер кезінде әрекет етуге тиімді. Мектептегі қосымша сағаттарда шағын ғылыми жобаларды қорғап жүрген оқушылар енді елді әбігерге салған қар суын сақтап, тиімді қолдану жолдарын саралап жүр. Тасқын суды да пайдалы іске жаратуды көздейді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через