фото: pixabay.com
Бүгінгі таңда Қазақстан су тапшылығын сезініп отырған елдер тізімінде Азия елдері арасында сегізінші орында тұр.
Жыл өткен сайын біздің елімізде таза ауыз судың жетіспеушілігі байқалып келеді. Қазірдің өзінде Қазақстанның көптеген өңірінде сапалы ауыз су жетіспейді.
Қазақстан Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан және Қырғызстаннан келетін суға тәуелді. Көрші елдердің экономикалық және әлеуметтік жағынан жылдамырақ дамуына байланысты трансшекаралық өзендер арқылы ағын су көлемі азая бастады. Халықтың жартысынан көбі тұратын оңтүстік және батыс аймақтарда су мәселесі жаз шыққан сайын ушыға түседі.
Тиісті инфрақұрылымның әбден тозуына байланысты суармалы судың шамамен 40% тасымалдау кезінде жоғалады.
Еліміздің ең үлкен қаласы Алматыда да таза су мәселесі шешімін таппай келеді.
Биыл жыл басында Алматыға жұмыс сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистегі су мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы бау-бақшаны суару мен көлік жуу үшін ауыз суды пайдалануға болмайтынын қадап айтты.
«Алматы су» кәсіпорнының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қала тұрғындарын суды үнемдеуге ынталандыру үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатқан көрінеді.
- Қала тұрғындарын таза ауыз суды үнемдеуге ынталандыру үшін халық арасында есептеуіш құралын орнатуды ұлғайту жөніндегі бағдарлама іске асырылып жатыр. 2024 жылы су есептеуіштері жоқ тұтынушылар үшін суды тұтыну нормаларын арттыру жоспарланған, яғни суды есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін норма орта есеппен екі есеге ұлғайтылады. Бұл әсіресе, жеке сектор тұрғындарына қатысты. Бүгінгі таңда жер үйлердің 40%-дан астамында су есептеуіштері жоқ. Соның салдарынан су жөн-жосықсыз ағып жатыр, – деп хабарлады «Алматы су» кәсіпорнынан.
Сондай-ақ Президент мегаполистің көлік жуу орындарында су үнемдеу технологиясын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Алматыда 600-ге жуық автокөлік жуу орны бар. Оның ішінде айналмалы сумен жабдықтау жүйесімен 185 көлік жуу орны (32%) жабдықталған, деп жазды kaz.inform.kz.
Айналмалы сумен жабдықтау дегеніміз – технологиялық процестер үшін пайдаланылатын судың бір бөлігін қайта пайдалануға мүмкіндік беретін жүйе.
Белгілі эколог, география ғылымдарының кандидаты Айжан Сқақова шаһардағы көлік жуу орындары ауыз суды пайдаланбауы үшін бөлек су құбырын орнату қажет екенін айтады.
Маманның пікірінше, автокөлік жуу орындары үшін жеке су есептеуіштер болғаны дұрыс.
- Тұрмыстық және техникалық қажеттіліктер үшін тазартылған, бірақ ішуге жарамайтын бөлек су құбырлары пайдаланылып, көлік жуу станциялары арнайы техникалық суға қол жеткізуі керек. Дәл осындай тәсіл өнеркәсіптік кәсіпорындарда салқындату үшін пайдаланылатын суға да қолданылуы керек және онда міндетті түрде айналмалы сумен жабдықтау жүйесі болғаны жөн. Қазір жаз келе жатыр, яғни ауыз суды артық пайдаланудың көлемі өседі. Бұл Алматының бірнеше ауданында су мәселесінің басты себебі деуге болады. Мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, суды тұтынудың толық есебін енгізу керек. Ол үшін әкімдіктердің бақылауымен автокөлік жууға арналған жеке су есептеуіштері орнатылғаны жөн. Екіншіден, көлік жуу орындарының тарифі халыққа қарағанда бірнеше есе өсуі қажет. Өйткені мұндай орындардың иелері судан айтарлықтай табыс алып отыр. Үшіншіден, әкімдіктердің бақылауымен көлік жуу орындарында пайдаланылған суды тазаланып, қайта пайдалану үшін айналмалы сумен жабдықтау жүйесі болуы керек, – деді эколог.
Сонымен қатар Айжан Сқақова су мәселесі Алматыда күн тәртібінен түспей тұрғанын тілге тиек етті.
Маманның айтуынша, қалада жыл сайын жалпы суға сұраныс 3-3,9%-ға өсіп келеді. Ал жыл сайынғы қанағаттандырылмаған суға сұраныс қазір 8,8% болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 31,6-39,7% өсуі мүмкін.
- Алматы – 2,1 миллионнан астам халқы бар Қазақстанның ең ірі мегаполисі. Шаһар Тянь-Шань тауларының солтүстік-батыс жоталарының Іле Алатауы тау жотасында орналасқан. Қала арқылы Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендері, сондай-ақ олардан Есентай, Ремизовка, Жарбұлақ, Қарасу ағады. Бүгінгі таңда сумен жабдықтаудың екі негізгі көзі бар: 40%-ы тау суы, ал 60%-ы жерасты суы. Дегенмен, Алматыда су тапшылығы бар және ол жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы жыл сайын жалпы суға сұраныс 3-3,9%-ға өседі. Ал қанағаттандырылмаған суға сұраныс қазір 8,8%. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 31,6-39,7%-ға жетуі мүмкін. Оның екі себебі бар. Біріншіден, мұздықтар еріп, ондағы судың булануынан табиғи су ағындары азайған. Келесі себебі – суды пайдалану мөлшерінің өсуі және оны тым артық жұмсау. Қазақстан жан басына шаққандағы тұтынылатын су көлемі бойынша 11-орында. Бір адам күнделікті 3,5 мың литр су тұтынады. Салыстырмалы түрде Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз – бір адамға 1,3 мың литр, Германияда – 855 литр, ал Ұлыбританияда – небәрі 348 литр. Тағы бір себеп – желілерде су жоғалту. Қазір Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы 54,2%, тиісінше 1943 км су құбыры ауыстыруды қажет етеді, – деп түсіндірді маман.
Эколог қаладағы ауыз су мәселесін шешу үшін алматылықтар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін айтады. Оны қалыптастырудың бір жолы – сараланған тариф енгізу.
- Әрбір қазақстандық отбасыны суды үнемдеуге заңнамалық тұрғыдан итермелеу қажет. Ол үшін су тұтынудың жаңартылған нормаларын және суға сараланған тарифтерді енгізу қажет. Яғни, судың құны оны көп пайдаланытындарға тиімсіз болады. Қазақстанда сараланған тарифтер енгізілсе, ең негізгі қажеттіліктер үшін бір адамға тәулігіне 100 литрге дейін төмен тариф қойылады. Ал одан асса, тариф бағасы өседі. Әлемдік тәжірибе судың негізгі тұтынушысы – халықпен жұмыс істелмейінше, ешқандай су үнемделмейтінін көрсетеді. Әрбір қазақстандық үшін жуынғанда, киім жуғанда суды үнемдеу тиімді әрі пайдалы болуы керек. Жаңа Су кодексі суды үнемдеу принципін негізгілердің бірі ретінде қарастырады. Кодексте су тұтынудың жаңа нормаларын енгізу және нарықтық тарифтерді енгізу қажеттілігі ұсынылды. Оны іске асырумен әкімдіктер айналысуы тиіс. Өкінішке қарай, біз осы бағытта, оның ішінде Алматыда да нақты іс-қимылдарды әлі көріп отырған жоқпыз, – деді Айжан Сқақова.
Климатының құрғақ болуы және Арал теңізінің қысқаруына байланысты елімізде су тапшылығы елеулі проблемаға айналды. Егер жағдай түзелмесе, болашақта судың жетіспеушілігі ел экономикасына, қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Үкіметіміз бұл мәселені шешу үшін түрлі шара атқарып жатыр, бірақ су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз ету және жергілікті халықтың суға деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін бұдан да көп жұмыс істеуі қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через