фото: https://www.istockphoto.com/
Мамандар дүкенде сауда жасағаннан кейін түбіртекті кассада тастап кетудің салдарын айтты.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдеуінше, тауарды сатып алғаннан кейін түбіртекті міндетті түрде алып кету керек.
“Түбіртекті кассада қалдырсаңыз, оны алаяқтар тауып алып, өз пайдасына қолдануы мүмкін. Егер сатып алушы қолма-қол ақшамен төлеген болса, алаяқ оны ұқсас затты ұрлау үшін пайдалана алады. Алаяқ тауарды дүкеннен алып кетеді де, күзетші оны тоқтатса, қаскөй оған түбіртекті көрсетеді”, – деді салық органы.
Дүкен қызметкері де түбіртекті жаман мақсатта қолдануы мүмкін екен.
“Сатушылар түбіртектерді өз мақсаттары үшін пайдалана алады. Мысалы бір затты екі рет төлетіп жібереді де, сатып алушы мән бермей, төлем жасай салады. Ал сатушы артық төленген тауарды өзіне алып кетеді”, – делінген хабарламада.
Мәлімдеулерінше, кейде дүкенде тұрған және кассада көрсетілген бағада айырмашылық болады. Түбіртектен қатені тапқан жағдайда дүкен әкімшілігіне барып, қайта есеп айырысуға болады.
Кейде алаяқтар түбіртекті тауып алса, карта нөмірі арқылы оның нөмірін тауып алып, банк атынан қоңырау шалып, алаяқтық жасайтын көрінеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес тауарды дүкенге түбіртексіз де қайтаруға болады, бірақ бұл өте ұзаққа созылады.
Түбіртектерді тауып алған адам түбіртек пайдасын өзі қолданып, бонустар, жеңілдіктер мен акцияларын пайдалана алады.
Сондай-ақ сатушы төлемді қолма-қол ақшасыз қабылдаудан бас тартса немесе түбіртекті бермесе, онда бұл құқықбұзушылық болып саналады.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через